Аймақтар • 05 Шілде, 2017

Астана күні қарсаңында Жамбыл облысында 800 отбасы баспаналы болды

247 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана күні қарсаңында жамбылдықтар үшін ерекше қуаныш. Бүгін мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасымен Тараз қаласындағы «Арай» алқабынан салынған 10 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 800 отбасы баспаналы болды.

Астана күні қарсаңында Жамбыл облысында 800 отбасы баспаналы болды

Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев кезекте тұрған мемлекеттік, бюджеттік ұйымдар мен әскери қызметкерлерге, сондай-ақ толық емес отбасыларға және «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына пәтер кілтін салтанатты түрде табыс етті.

 – Елбасының «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы құрылыс саласына жаңа серпін берді. Облыста соңғы 25 жыл ішінде 4,29 миллион шаршы метр тұрғын үй іске қосылған болса, өткен жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 318 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру мақсатында биылғы жылы «Нұрлы жер» бірыңғай бағдарламасы қабылданды. Аталған бағдарлама алдағы 15 жылға арналған үлкен жоспар. Мұндай бастама елімізде алғаш рет қолға алынып отыр, – деді әкім.

Өз сөзінде облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев баспаналы болған отбасыларды құттықтап, «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру үшін қаланың жаңа 14 мөлтекауданының және «Тараз сити» заманауи тұрғын үй кешенінің қалақұрылысы жобалары дайындалғанын да жеткізді.

Айта кетейік, «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында Тараз қаласында 3 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы басталды. Енді «Арай» шағын ауданындағы 2 үй жыл аяғына дейін, ал қалған 1 үй келер 2018 жылы «Қарасу» шағын ауданында пайдалануға беріледі. Аталған алқаптарда көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын салу мемлекеттік және жеке заңды тұлғалардың бюджеттері есебінен жүргізілетін болады.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы