Президент • 06 Шілде, 2017

Тәуекел тегеуріні туралы толғаныс

312 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сөз «АMANAT» кітап­ха­на­сының соңғы екі жүзінші то­мы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ақыл-парасат кітабы» туралы болмақ.

Тәуекел тегеуріні туралы толғаныс

Ой толғанысқа толы кі­тап­ты оқу, санаға сіңіру келе­лі ру­хани мектептен өтумен бірдей. Бұл кітаптағы ой-толғаныс сені бүкпесіз шындыққа толы кеңістікке жетелейді. Сенің бойыңнан желдей жылдам уақытқа төзіп берер аса қуатты күшті талап етеді. Уақыт пен кеңістікті бірдей қамтып игере алған кітаптар ғана аса құнды шығармалардың санатына қосылмақ. 
«Ақыл-парасат кітабы» ой айдыны терең кітаптардың қатарынан.
Бұл кітап адам тағдыры туралы көр­кем шығарма емес, тізбектеліп түскен адам ойының бұлқынысына бағышталған ой әлемі. Адам ойының күздің тұманды ке­шіндей күйзелген, әлде енді ғана сәуле шаш­қан таңғы нұрдай жарқыраған бейне суреті. 
Дұрысы, адам ойының суреті.
Жанды сурет.
Күрсіндірер, күлдірер, күйзелтер, та­м­­­-
сандырар суреттерге толы тол­ға­ныс­ты сөз әлемі.
«Ақыл-парасат кітабын» адам ақы­лы­нан адасуға шақ қалған ХХІ ғасырда ұлан-ғайыр Дешті Қыпшақ даласында дер­бес мемлекеттің қабырғасын қалаған, қа­зақтың ойшыл саясаткері, әскери қол­бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ала таңнан қара бұйра түнге дейін дамылсыз ойға бөккен тірлік қамалының, «қара терді төккен, қызыл қанды жүгірткен» рухани тыныс тіршілігі деп білген дұрыс.
«Ақыл-парасат кітабы» ерен тұл­ға­ның қара басының қамын емес, туған елі­нің бақытын аңсаған толассыз ой ке­ру­ені.
Ал дәл осындай аласапыран заманда, қия­мет толғаныстармен жанды қинау, Алла тағала таңдаған тұлға ғана бекінер тәу­екел.
Сол тәуекелден тартынбауды Нұр­сұл­тан Назарбаев хош көріпті. Ықы­лым за­мандардан бері ата-бабаларымыздың кө­­ңілі сенгені де, жаны қалағаны да тәу­екел тірлік болған. Елбасы сол тынымсыз жолды таңдапты.
Сананы сандалтар ойларды бір жүйе­ге жию қанша қиын болса, ой толғанысқа то­лы кітап туралы ой айту онан да өткен қия­мет, асылы азап десем болар.
Әуелі кітап сөзіне жол берейік.
Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, Ол — тәуелсіз Қазақстан. 
* * *
Отаны жоқ адам — тамырсыз, тұрлаусыз қаңбақ сияқты.
* * *
Отаншыл болу — өз Отаныңды шын жүректен сүю, өзіңе және өз халқыңа риясыз сеніп, қоғамға қызмет ету. Бірақ Отаныңның тарихын, ана тіліңді, шыққан тегіңді білмей нағыз отаншыл бола алмайсың.
* * *
Менде туған елімді дамыған елдердің са­натына қосудан асқан мақсат жоқ.
Ел болу үшін ұлттық рух, ұлттық қа­си­ет және ұлттың өзіне деген нық сенімі болуы қажет.
Нұрсұлтан Назарбаев халқының сан-салалы тірлік аясын жіті зерделейді. Перзенті ретінде де, Президенті ретінде де халқының бүгіні мен ертеңін қатар өр­бі­тіп, өткенін жинақтап, толықтырып отыруды азаматтық салты қылып ұстан­ғ­ан. Бұл ірі тұлғалар ғана бекінер тастүлек мінез. Елбасының ой аясы қашанда кең, қа­шанда терең болуы керек екенін осы кі­тап растап бергендей. 
Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті халқының өткен қанқұйлы тари­хын да, сөздері халыққа толық жетпей қалған әу­­лиелері мен хандарының өксікті өмір­ле­рін де жақсы біледі. 
Сонан да көне замандағы көне бабаларымыздай Нұрсұлтан Назарбаевтың ісі – сөз, сөзі – іс болып қалыптасқан. Ол ту­ралы Президент былай деп ой кеседі: 
«Мен ешқашан қолдан келмейтін іске уәде берген емеспін, ал уәде берген екем орындап болғанша жаным тыным көрмеген». 
Бұл жауапты адамның жауапты сө­зі. Елбасы солқылдақ болса, елі қан­дай болмақ?!. Елбасына мәрттік пен өжеттік, ақыл мен парасат жара­сады. «Қазақ­фильмде» сөйлеген бір сөзінде «Бізге өжет ұлдар қажет. Со­ларды тәрбиелеу керек», — деп айтқан сөзінде арман тұрған. Президенттің көзінде от жарқ етіп еді. Теледидардан көрген сол бір сәт­ті мен ешқашан ұмыт­пай­мын. Елбасына деген сенім мен құрмет менің жүрегімде сол сәтте тағы бір бұлқына соқ­қан болатын.
Өмірдегі ақыл-парасаты, саясаттағы әдіс-амалы, басына біткен кісілік мінезі Нұрсұлтан Назарбаевты әлемдегі ең салиқалы саясаткерлердің қатарына қосты. Туа біткен мәрт мінез, ерекше байқампаздық Елбасының адамдық келбетін айқындай түскен. Әлемнің қай басшысы болса да, Қазақстан Республикасы Президентінің сырға толы бет-жүзін, байыптап айтар кемел ойын, қашанда ашық пікірталасқа атойлап шығар жанкештілігін ерекше құрметтейді. Президенттің адам­гер­шілігіне, көңілінің ақтығы мен ашық­ты­ғына күмән келтірмейді. Ел­б­а­сы­ның өзі де ешкімді алаламай, бар­лы­ғы­на бірдей таза ықыласпен, шын пей­ілмен беріле сырласатынын қай-қайсы да жақсы біледі. Қазақ елінде ЕҚЫҰ (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы) өткен тұста Қазақ елі басшысының көсемдік тұлғасы ерекше бой көтерді. Жалпы келісімге әлем басшылары таңғы төртте ғана қол жет­кізгеніне бәріміз де куә болдық. Бұл Нұр­сұлтан Назарбаевтың көрегендігінің, табандылығының, кемеңгерлігінің талассыз биіктігі болатын. 
Алып Қытай мен қару-жарағын сайлап қайтадан империя құруды аңсаған Ресей ортасында сынадай еніп сіресіп жатқан Дешті Қыпшақ даласының өз ойы, өз арманы, өз тіршілік аясы бар екеніне өзгенің көзін жеткізді. Бес құры­лық­тың халқындай, қазақ халқының қаны да қызыл, жаны да таза, ойы да ашық, тілеуі де анық екенін мойындатты. Пре­зидент Назарбаев дәл сол жолы өз хал­қының мейірбан жанын әлем алдына жайып салды.
«Ақыл-парасат кітабының» басты ерек­шелігі келісті сөз құдыретінде. Осы­ған орай көне Шығыс ғұламаларының бірі айтқан сөз ойға оралды. 
«Кәміл ақыл тұрғысынан зерделеп қарағанымда сөзден асыл, сөзден ас­қақ ешнәрсе таба алмадым. Сөзден ар­тық күш болғанда, Алла тағала оны Пайғамбарына білдірген болар еді» — деген.
Ат тұяғынан жаратылған қазақ үшін сөзден қуатты, сөзден асыл ештеңе жоқ. Бабаларымыз жығылғанды сөзбен кө­тер­­ген, жылағанды сөзбен жұбатқан, дұшпанды сөзбен тоқтатқан.
Жастайынан тамыры тереңде жатқан түгесілмейтін қазақ ойының қазанынан сусындаған қазақтың дара ұлы Нұрсұлтан Назарбаев сөзді түстеп те, салмақтап та, астарлап та біледі. Сөз қасиетін таныған адамның ары да, жігері де, намысы да таза болатыны белгілі.
Уақыт пен кеңістік сынынан қара үзіп дара шығар жандары ақиқатқа суарылған санаулы тұлғалар бар. Сол санаулылар қатарына «Ақыл-парасат кітабының» авторы да еркін енетініне сенімдімін.
Қазақтың ұлы болсаң, қазағыңа жаның ашыса, қазақтық намысың болса, қазақтың дүние жалғандағы жалғыз мемлекетінің өсу, көркею, нығаю жолында жаныңды сығып, қара теріңді төгіп еңбек ет. Жердің де иесі, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!.
* * *
Дауы таусылмас елдің жауы да таусылмайды.
* * *
Өсер елдің баласы арманшыл болса, өшер елдің баласы жанжалшыл болады.
* * *
Кезінде уақыт құзырында ескеріл­мей, ұмытылып қалған қазақтың өзін­дік ұлттық қасиеттерінің қайта қалып­та­­­суына қамқорлық жасау менің Пер­зе­нттік те, Президенттік те парызым!
* * *
...Отандастарымнан бөлек уайымым да, олардан бөлек қайғым да жоқ. Нені болса да елмен бірге көремін, елмен бірге төземін, елмен бірге жеңемін.
Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ақыл-парасат кітабындағы» өрім-өрім осындай ойлар ақыл мен парасаттылықтың асқақтығын аңғартады. 
Дәл осы тұста менің жүрегімде атой­лап тағы бір-ақ тілеу тулады. «Жылдар мен ойлар» – Елбасының соң­ғы он-он бес жылдағы сөйлеген сөз­де­рінен сұрыпталып алынған кемел ойлар тізбегі. Махмұт Қасымбеков пен қыз­меттес жігіттері сол ойларды бір жүйеге түсірген. Уақыт құзырында ой тізбегі де толыса беретіні хақ. Бүгінгі күні XX-XXI ғасырлардың Ел иелері болған Рузвельттің, Черчилльдің, Фидель Кастроның, Клинтонның кітаптарымен әлем танысып жатыр. Қазақ халқының тыныс-тіршілігі Елбасының көз алдында өткен, өте де береді. 
Өз өмірі туралы Елбасы кітап жазса, ол өлмейтін кітаптардың қатарында тұратынына сенімдімін.
Тағдыр Нұрсұлтан Назарбаевқа ауыр жүк жүктеді; бір халықтың емес, қазақ елін жайлаған жүзден аса халықтардың тағдыры таразы басына түсті. Осындай алып жауапкершілікті көтеріп кетуге Алла тағала оған терең ой, өмірлік бай тәжірибе, жан дүниесінің тоқтаусыз тебіреністе тұруын сыйлаған. 

Роллан СЕЙСЕНБАЕВ, 
жазушы