07 Шілде, 2017

Атырауда қола дəуірінің жəдігерлері табылды

408 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысындағы «қақпақты қара қазан» атанған Қызылқоға ауданының тамыры терең, тарихы бай. Археологиялық қазба жұмыстарына қатысқан «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері осы ауданға қарасты Қарабау ауылының маңындағы алып қорғандарға зерттеу жұмыстарын жүргізіп, құнды жәдігерлер тапты.

Атырауда қола дəуірінің жəдігерлері табылды

«Бұл жерде сарматтардың ғибадатханасы болған. Екі қорғанды қазғанымызда қатар жерленген ер мен әйелдің қаңқасы шықты. Олар осыдан 2200 жыл бұрын жерленген. Әйелдің обасынан алтын, асыл тастар мен жүзге жуық моншақ таптық», - дейді археолог Марат Қасенов.

Студенттер тапқан жәдігерлер Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің музейінде сақталады.

Қызылқоға ауданында облыстық тарихи-өлкетану музейі де археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Музей басшысы Рашида Харипова Миялы қорғандар тобына қазба жасау кезінде қола дәуіріне жататын сармат көмбесі табылғанын айтады. Көмбеден бір құлағы жануар бейнесінде жасалған металл қазан шыққан. Алтын зергерлік бұйымдар мен қару-жарақ, тұрмыстық заттар да алынды. Бұл жәдігерлер біздің дәуірімізге дейінгі екі мың жыл бұрынғы кезеңге сәйкес келеді екен. Қорғандар тобына зерттеу жалғасып жатыр.

Жалпы облыста сармат кезеңіне тиесілі 100-ден астам қорған әлі зерттелген жоқ. Қызылқоғадан кейін археологтар Сарайшық пен Ақтөбе-Лаэти қалаларының орындарына қазба жұмыстарын жүргізеді.

Бақытгүл Бабаш,

"Егемен Қазақстан"

Атырау