Аймақтар • 07 Шілде, 2017

Өскемен су қоймасында патша балық өсірілетiн болады

665 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Балық шаруашылығын дамыту мақсатында Өскемен су қоймасы биыл конкурстық негізде облыс кәсіпкерлерінiң пайдалануына берілген болатын. Енді өңір кәсіпкерлері су қоймасында жасанды жолмен балық аулауды жоспарлап отыр.

Өскемен су қоймасында патша балық өсірілетiн болады

Балық болғанда жай балық емес, дәмі тiл үйiрер, тұтынушылардың зор сұранысына ие патша балықты (форель) өсіріп, өндірмек ойда.

«Өскемен су қоймасы – балық аулауға, тауарлы балық өндірісін дамытуға мүмкiндiк беретін үлкен экономикалық әлеует. Аталған су қоймасын осы мақсатта пайдалану үшін бірнеше жылдың iшiнде бірқатар құқықтық-нормативтік актілерге қосымша өзгерістер енгізе отырып арнайы құжат даярлап, Өскемен су қоймасын былтыр балық шаруашылығы бағытындағы өзен, көлдердің тiзiмiне кіргіздік», – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Арман Есентаев.

Ерекше атап өтерлiгi, балыкты жасанды түрде өсіру шаруашылығы елімізде алғаш рет Өскемен су коймасында iске асырылмақ. Кәсіпкерлер келер жылдан бастап су қоймасына форель балығының майшабақтарын жiберудi жоспарлап отыр.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы