Аймақтар • 07 Шілде, 2017

Солтүстік Қазақстанда заңсыз көші-қонның жолы кесілді

246 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстікқазақстандық полицейлер Ресейге мигранттарды заңсыз өткізумен айналысып келген ұйымдасқан қылмыстық топты әшкереледі.

Солтүстік Қазақстанда заңсыз көші-қонның жолы кесілді

Олардың ізіне түскен облыстық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы шекара қызметімен бірлесе отырып, кезекті құқық бұзушылықтың жолын кесті. Күдіктілер Ресей аумағына 6 өзбек азаматын шекарадан өткізу кезінде қолға түскен. Олардың бәрі өңір тұрғындары болып шықты.

«Қылмыстық топ мүшелері Орталық және Орта Азия елдерінен Ресей Фендерациясына мигранттарды шекарадан өткізіп отырған. Мигранттардың көрші мемлекетке өту рұқсатнамалары болмаған», – дейді ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының басшысы Әлихан Байқадамов.

Осылайша, бес теріскейліктің қолына кісен салынған. Мұнымен қоса тағы бір топ Өзбекстан азаматына жасалмақ болған қарақшылық шабуылдың беті қайтарылды. Бетперде киген 4 қылмыскер оларды қорқытып, шекарадан заңсыз өткізуге әрекет жасаған.

Барлық күдіктілер ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Қылмыстары дәлелденген жағдайда Қылмыстық Кодекстің «Заңсыз миграция ұйымдастыру», «Ұйымдасқан топ құрып, оны басқару» және «Қарақшылық» баптары бойынша жазаға тартылатын болады.

Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы