![Валюталық заңнаманы өзгерту – уақыт талабы](/article_photo/1499656788_article_b.jpeg)
– Олег Александрович, «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» жаңа заңды әзірлеу қажеттілігі неден туындады?
– Қазіргі уақытта қолданыстағы «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2005 жылғы маусымда қабылданды және оның нормалары Қазақстанның ырықтандырылған валюталық режімге көшуіне және валюталық операциялар мониторингі жүйесін құруға негіз құрады. Бұл көшу 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асырылды, ол кезде валюталық операцияларды өткізудің рұқсат беру режімі толығымен күшін жойып, Қазақстан экономикасы үшін маңызды валюталық операциялар бойынша мониторинг жүйесін және ақпараттық-талдамалық базаны құруға баса реттеушілік назар аударылды. Ірі валюталық операциялар бойынша талдамалық ақпаратты алу мүмкіндігі Қазақстанның төлем балансының және сыртқы борышының статистикасын сапалы түрде жақсартуға, ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жан-жақты талдамалық ақпаратты қалыптастыруға, сондай-ақ, болжамдық жұмыстарды дамытуға негіз құруға мүмкіндік берді.
Өткен он жылдық таңдалған бағыттың дұрыс екендігін көрсетіп отыр. Сонымен бірге, осы уақыт ішінде елдің сыртқы экономикалық ұстанымы айтарлықтай құрылымдық өзгерістерге ұшырады – Қазақстан әлемдік экономиканың толық құқылы мүшесі болды, шетелдік инвестициялардың келуімен қатар капиталдың шетелге әкетілуі ұлғайды, Еуразиялық экономикалық одақ қалыптасты. Қазақстан Республикасы 2016 жылдан бастап Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) қосылды.
Жаңа экономикалық жағдайлар мемлекеттік реттеудің алдына жаңа міндеттер қоюда. Мысалы, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруімен шетелдік қаржылық емес ұйымдардың филиалдарының ішкі нарықта коммерциялық қатысуы үшін қызметтің жаңа салалары ашылуда, ал 2020 жылғы желтоқсаннан бастап шетелдік банктердің және сақтандыру ұйымдарының филиалдары Қазақстанның қаржылық қызметтер нарығына кіре алады. Бұдан басқа, соңғы жылдары Қазақстанда «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы және «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылды, олардың аумағында валюталық реттеудің ерекше режімі көзделеді. Қазақстанның валюталық заңнамасының экономикалық ортаның дамуына және заңнаманың соңғы өзгерістеріне бейімделуі «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» қолданыстағы заңның іс жүзінде бүкіл нормаларын нақтылауды немесе қайта қарауды талап етеді – өзгерістер көлемі қолданыстағы валюталық заңнаманың 50%-дан астам нормасын қозғайды. Сондықтан, валюталық реттеудің негізгі қағидаттарының сақталуына және олармен байланысты ақпараттық талаптардың сақталуына қарамастан, заңның жаңа редакциясын әзірлеу талап етілді.
– Бұл құжатта Қазақстанның көп жылдар бойы іске асырып отырған валюталық режімді ырықтандыру бағыты сақтала ма?
– Осыған дейін атап өткенімдей, заңның жаңа редакциясы валюталық операцияларды жүзеге асырудың негізгі қағидаттарын және валюталық бақылаудың мақсаттарын қайта қарауды көздемейді және ырықтандырылған валюталық режімнің тұжырымдамалық қағидаттарын өзгертпейді.
Барлық енгізіліп отырған өзгерістер негізінен валюталық операциялар бойынша барабар ақпараттық базаны құруға бағытталған, ол база макроэкономикалық статистиканы қалыптастыру, капиталдың трансшекаралық ағындарына байланысты тәуекелдер мен сын-қатерлерді анықтау жүйелерін енгізу, ақшаны жылыстауға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл сияқты мемлекет жүргізіп отырған саясаттың мақсаттарына жауап береді.
Мұндай базаны құру деректерді бақылау және өңдеу рәсімдерін толық автоматтандыруға және цифрландыруға маңызды қадам болады. Сондықтан, жоспарланып отырған өзгерістер мемлекеттік ретттеудің қажеттіліктеріне жауап бере отырып, бизнес үшін кедергі келтірмейді, себебі заңның жаңа редакциясы валюталық реттеуге байланысты рәсімдерді жеңілдетуді қоса алғанда, оның режімдерін оңтайландыруды көздейді.
– Жаңа заңның қабылдануы бизнестің қызметіне тікелей қалай әсер етеді?
– Негізінен, валюталық заңнаманың нормалары ақпараттық құралдарды оңтайландыру және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалық актілеріне және Еуразиялық экономикалық одақтың актілеріне сәйкес келтіру мақсаттары үшін нақтыланады. Ақпараттық құралдарда басты назар уәкілетті банк арқылы төлемді (ақша аударымын) жүргізу кезеңінде валюталық операциялар туралы мәліметтерді жинауға аударылады. Банк өткізетін валюталық бақылаудың негізгі тұрақты рәсімдерінің бірі клиенттің валюталық операция бойынша төлем (ақша аударымын) жүргізуінің негізділігін тексеру болып табылады – дәл осы кезеңде жүргізілетін валюталық операциялар туралы ақпаратты жинау болжанады. Бұл банктер үшін әкімшілік есептер қалыптастыру рәсімдерін алып тастауға мүмкіндік береді, банктер олардың шеңберінде төлемдердің жекелеген санаттары бойынша іріктеу жасап, оларды валюталық досьеден деректермен толықтырды.
Бұл ретте клиенттер үшін бұл төлемдер (ақша аударымдарын) жүргізудің қолданыстағы тәртібін іс жүзінде өзгертпейді, ал банктер үшін деректерді Ұлттық Банкке беру көлемін ұлғайту әкімшілік есептілік нысандарының және тиісінше, оларды қалыптастыруға тартылған ресурстардың санын қысқартумен өтеледі.
Заңға сондай-ақ, резиденттер арасындағы шетел валютасындағы операцияларды жүргізу мүмкіндігін, экспорттық валюталық түсімді Қазақстанның банктеріндегі шоттарға есептемей пайдалануға жол берілетін операциялардың тізбесін кеңейтетін нормалар енгізілді. Сонымен қатар, осыған дейін атап өтілгендей, жаңа заңның шеңберінде валюталық реттеу рәсімдерін оңтайландыру болжанып отыр. Сондықтан, жаңа заңды қабылдау валюталық заңнаманың талаптарын сақтауға байланысты сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың әкімшілік шығыстарын ұлғайтуға әкелмейтіні, ал деректерді өңдеуді автоматтандыруды жетілдіруге қарай олардың қысқартылатыны күтіледі.
– Басқа тұжырымдамалық өзгерістер болжана ма?
– Шын мәнінде, жаңа заңдағы барлық тұжырымдамалық өзгерістер Қазақстан Республикасының аумағындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын шетелдік қаржылық емес ұйымдардың филиалдары (өкілдіктері) үшін валюталық резиденттік мәртебесін қайта қараудан тұрады.
Қолданыстағы валюталық заңнамаға сәйкес шетелдік ұйымдардың филиалдары бас компанияның заңды тіркелген жеріне қарай бейрезидент деп танылады. Сонымен бірге, Қазақстанның аумағында жұмыс істейтін шетелдік ұйымдардың филиалдары, мысалы, өндіруші салаларда, экспорттың айтарлықтай бөлігін және елдің ІЖӨ-сін өндіретінін және Қазақстанның ресурстарын пайдаланудан кіріс алатынын ескерген маңызды. Макроэкономика тұрғысынан алғанда шетелдік ұйымдардың мұндай филиалдары қабылдаушы ел – Қазақстанда экономикалық қызығушылық орталығы бар дербес субъектілер ретінде қарастырылады.
Осыған орай, Қазақстандағы шетелдік компаниялардың филиалдары қызметінің маңызды көлемін және олардың одан әрі өсу әлеуетін ескере отырып, олардың Қазақстан заңнамасындағы резиденттігі мәртебесін бірыңғай түсіндіруді қамтамасыз ету қажеттілігі туындап отыр.
Қазақстан нарығына жіберілетін шетелдік банктердің және сақтандыру ұйымдарының филиалдары қолданыстағы заңнама бойынша резиденттер деп танылады, сондықтан, Қазақстандағы коммерциялық қатысуы бар шетелдік қаржылық емес ұйымдардың филиалдары үшін валюталық резиденттік мәртебесі шетелдік ұйымдардың барлық филиалдары үшін ортақ резиденттік тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде қисынды және жүйелі қадам болып табылады.
– Қазақстанда шетелдік ұйымдардың қанша филиалы жұмыс істейді?
– Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Статистикалық бизнес-тіркелімінде тікелей шетелдік бақылаудағы 4 мыңнан астам филиал мен өкілдік бар. Бұл ретте, экономикалық қызығушылық орталығының тұжырымдамасын назарға ала отырып, бұл филиалдардың барлығы валюталық заңнама және макроэкономикалық статистика тұрғысынан резиденттерге жатқызыла алмайды.
Салық органдарының деректері бойынша, Қазақстандағы әділет органдары тіркеген шетелдік ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктерінің жалпы санынан коммерциялық қызметті жүзеге асыратын филиалдарға шамамен 40%-ы жатады. Осылайша, валюталық резиденттік мәртебесіндегі өзгеріс Қазақстанда тұрақты құруға әкелетін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын шетелдік қаржылық емес ұйымдардың филиалдарында ғана орын алады және қызметі тек қана өкілдік функцияларымен шектелетін шетелдік ұйымдардың құрылымдық бірліктеріне қатысты болмайды.
Қазақстандағы коммерциялық қатысуы бар шетелдік ұйымдардың филиалдары үшін валюталық резиденттік мәртебесін қайта қарау нәтижесі ретінде валюталық операциялар мониторингі, капиталдың трансшекаралық қозғалысын бағалау және Қазақстандағы шетелдік капиталдың қатысуы үшін барабар базаны құру болады. ДСҰ шеңберінде филиалдардың коммерциялық тұрғыдан қатысу салалары едәуір кеңейіп, балама ақпарат көздерінен деректер филиалдардың «резиденттік» операцияларын дұрыс бөлу үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Бұл жағдайда валюталық резиденттікті макроэкономикалық тұжырымдамамен келісу төлем балансының статистикасы және валюталық операциялар мониторингі мақсаттары үшін ақпарат жинауды айтарлықтай жеңілдетеді.
– Шетелдік ұйымдардың филиалдарының қызметіне олардың резиденттігі мәртебесі әсер ете ме? Бұл жаңалық инвестициялық ахуалдың нашарлауына әкелмей ме?
– Ұлттық Банк шетелдік инвесторлардың өкілдерімен бірге заң жобасының шетелдік ұйымдардың филиалдарына қатысты нормаларын талқылауды жалғастыруда. Осы талқылау нәтижелері бойынша заң жобасында филиалдардың операциялары үшін бірқатар ерекше жағдайлар көзделген.
Заң нормаларында бас компаниялар – бейрезиденттер және олардың қазақстандық филиалдары арасында кез келген төлемдерді (аударымдарды) жүргізуге шектеулердің болмауы, сондай-ақ, оларға қатысты валюталық реттеу және репатриациялау режімін қолданудан босату тікелей белгіленген. Резиденттік мәртебесінен тыс шетелдік ұйымдардың филиалдары (өкілдіктері) арасындағы шетел валютасындағы есеп айырысулар, сондай-ақ, өнімді бөлу туралы келісімдердің талаптарымен жұмыс істейтін филиалдардың есеп айырысулары шектелмейді. Бұл ерекше жағдайлар шетелдік ұйымдардың филиалдарының жұмыс істеуінің қолданыстағы режімін сақтауға және оларға әкімшілік ауыртпалықты ұлғайтуға әкелмеуге мүмкіндік береді. Ақпараттық құралдар бөлігінде филиалдарға Қазақстанда іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар бойынша резиденттермен және бейрезиденттермен валюталық операциялар бойынша ақпарат ұсыну бойынша қолданыстағы талап сақталады.
Шын мәнінде, филиалдардың қызметіндегі валюталық резиденттік мәртебесіне байланысты жалғыз өзгеріс Қазақстанның аумағында өткізілетін және тұтынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтер үшін есеп айырысудың барлық түрін ұлттық валютаға аудару болып табылады.
илиалдардың сыртқы экономикалық операцияларды бас компанияның келісімшарттарын орындау үшін жүзеге асыратынын ескере отырып, ұлттық валютамен есеп айырысулар бойынша талап негізінен Қазақстанның ішіндегі филиалдың қызметін қамтамасыз ету бойынша қазақстандық жеткізушілермен операцияларды қозғайды.
Бұл шара елдің аумағындағы шетел валютасындағы есеп айырысулар саласын шектей отырып, Қазақстан экономикасының долларсыздануына ықпал етеді. Бұл ретте қазірдің өзінде шетелдік компаниялардың филиалдары мен қазақстандық заңды тұлғалар арасындағы операциялардың 50%-ына жуығы теңгемен жүзеге асырылатынын және бұдан басқа, ішкі валюта нарығының қолданыстағы инфрақұрылымы филиалдарға шетел валютасының тікелей, сол сияқты кері айырбасталуын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Осылайша, заң жобасы, шетелдік компаниялардың филиалдары үшін қызмет жағдайларын нашарлату тәуекелдеріне апармай, резиденттердің валюталық операциялары бойынша барынша сапалы және жедел деректерді қалыптастыру мүмкіндігін ұсынады және Қазақстанның сыртқы позициясы үшін тәуекелдерді барабар бағалауды қалыптастыруға негізді қамтамасыз етеді. Сондықтан, оны қабылдау Қазақстанға инвестициялар үшін жағдайлардың нашарлауына әкелмейді, ал оны талдаудың сапасын жақсарту тек мемлекеттік органдар үшін ғана емес, сол сияқты шетелдік инвесторлар үшін де маңызды.
Заңнаманың басқа салаларына, сондай-ақ, шетелдік ұйымдардың филиалдары үшін салықтық режімге қатысты олардың валюталық заңнама бойынша резиденттік мәртебесін ауыстыру ешқандай өзгерістерге әкелмейді.
– Капитал қозғалысын бақылауды қатаңдату бойынша өзгерістер не валюталық шектеулерді енгізу жоспарланып отыр ма?
– Қазақстан ашық экономикасы бар ел болып табылады және егер шектеулі шаралар макроэкономикалық саясатқа және қаржылық реттеу мен қадағалауды нығайтуға уақытша қосалқы шара ретінде пайдаланылса, ол шараларды жаһандану жағдайларында енгізу орынды болуы мүмкін.
Қатаң шектеулі шараларды қолдану теріс нарықтық әсерге, инвестициялық ахуалды нашарлатуға және бизнес үшін қаржыландыруға қолжетімділікті қиындатуға, валюталық заңнама талаптарынан тыс схемаларды дамытуға және реттеуші, сол сияқты бизнес үшін әкімшілік шығасыларды ұлғайтуға сөзсіз әкеледі. Бұдан басқа, интеграциялық бірлестіктер шеңберінде елдердің бір жақты тәртіппен енгізетін экономиканы қорғау үшін шектеулі шараларының тиімсіз болып, капиталдың неғұрлым адал талаптары бар елдерге әкетілуіне апаруы мүмкін.
Капиталдың трансшекаралық әкетілуіне қатысты валюталық шектеулерді қолдану соңғы сатыдағы шара болып табылады және егер, объективті себептер бойынша саясаттың басқа шаралары әлеуетті қауіп-қатер мен теңгерімсіздіктердің жою үшін дереу әсер етпесе, ақталуы мүмкін.
Сондықтан, заң жобасымен валюталық шектеулерді, оның ішінде капитал қозғалысы операцияларына валюталық шектеулерді енгізу жоспарланбайды. Дағдарысқа қарсы шара ретінде төтенше жағдайларда арнайы валюталық режімді енгізу жөніндегі қолданыстағы нормалар сақталады.
Соған қарамастан, заң жобасында бейрезиденттермен жасалған, жүргізілуі капиталдың Қазақстаннан шығуына бағытталуы мүмкін күмәндік, іскерлік айналым дәстүрлеріне сәйкес келмеуі не айқын экономикалық мағынаның болмауы белгілері бар сыртқы сауда шарттарына және қаржылық қарыз шарттарына қатысты мониторингті күшейту көзделген. Капиталды елден шығару мақсаттары үшін әлеуетті түрде пайдаланылуы мүмкін осындай мәмілелер үшін резиденттің қызмет көрсететін банкке валюталық бақылау және құқық қорғау органдарына олар бойынша мәліметтерді беруге рұқсатты, сондай-ақ, осындай шарттар бойынша міндеттемелердің орындалуы туралы тұрақты хабарлау жөніндегі міндеттемені бастапқыда ұсынатыны көзделген. Осындай келісімшарттар бойынша ақпаратты жария етудің енгізілетін рәсімдері капиталды шығарудың осындай «сұр» схемаларын пайдалану мүмкіндігін алдын ала болдырмайды.
– Валюта айырбастау нарығында жұмыс істейтін банктік емес ұйымдарға заңнамада қандай өзгерістер күтіледі? Бұл нарыққа қатысушылар үшін барынша қатаң реттеуші нормаларды енгізу жоспарланып отыр ма?
– Заң жобасында қолма-қол валютаны айырбастау нарығында жұмыс істейтін банктік емес ұйымдарға қатысты нормаларды қатаңдатуды не жаңа реттеуші нормаларды енгізу көзделмейді. Сонымен бірге, банктік емес айырбастау пункттері қызметінің айқындылығын арттыру мақсатында, банктерге қойылатын талаптарға ұқсас, уәкілетті ұйымдардың құрылтайшыларынан жарғылық капиталдың шығу көздері туралы ақпарат сұратылатын болады. Бұл бизнес тарапынан қандай да бір шығындар болмаған кезде банктік емес айырбастау пункттерін құру айқындылығын арттыруға жағдай жасайды.
Заңдағы тағы бір маңызды өзгеріс брокерлік (дилерлік) ұйымдар үшін валютамен биржалық сауда-саттыққа қолжетімділікті кеңейту болып табылады. Бұл, Ұлттық Банктің пікірінше, валюта нарығы өтімділігінің ұлғаюына, нарықтық бағам белгілеу процесі тиімділігінің артуына және валюта нарығындағы операциялардың айқындылығының ұлғаюына ықпал ететін болады.
Брокерлік ұйымдарға шетел валютасымен сауда-саттыққа қолжетімділікті беруді ескере отырып, болашақта жеке және заңды тұлғалар – сауда-саттыққа қатысушылардың клиенттері тікелей немесе демеушілік көрсетілген қолжетімділік технологиялары (DMA немесе SMA) арқылы биржалық мәмілелерге қолжетімді болады. Бұл жағдайдың Қазақстан халқының халықаралық валюта нарығындағы маржиналдық кредитпен сауда-саттыққа тікелей клиенттік қолжетімділік мүмкіндігін ұсынатын балама ұйымдардың делдалдық қызметтеріне қызығушылығын ескере отырып жақсы болашағы бар.
Бүгінгі күні Қазақстанда жұмыс істеп тұрған форекс-компаниялар және дилингтік орталықтар қаржылық делдалдық бойынша қызметті жүзеге асыруға лицензиялар алмай нарықта жұмыс істеп жатыр. Бұл компаниялар сыртқы валюта нарықтарында делдалдық қызметтер көрсете отырып, сондай-ақ, оларға берілген мүмкіндіктерді жарнамалай отырып, өздерінің қызметін инвестициялауға арналған балама алаң ретінде көрсетеді. Осындай компаниялардың реттеу аясынан тыс жұмыс істеуінің салдарынан олардың қазақстандық клиенттері банкроттықтан немесе осындай компаниялардың өз міндеттемелерін қасақана орындамауынан іс жүзінде қорғалмаған. Сондықтан, осы саладағы реттеуші шектерді нақты белгілеу жеке тұлғалардың валюта нарығындағы инвестицияларына арналған тәуекелдерді төмендетеді.
Қорытындылай келе, заң жобасын талқылаудың жалғасып жатқанын, ол бойынша сындарлы ұсыныстар мен ескертулердің қабылданатынын және қажет болған жағдайда заң жобасының нормалары нақтыланатынын атап өткен жөн. Заң жобасын Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізу мерзімі – 2017 жылғы желтоқсан.
Әңгімелескен
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»