06 Қазан, 2011

Мерейтойлық жылдың жауапкершілігі

422 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Қанат Сауда­баев­тың төрағалық етуімен Қа­зақ­стан Республикасы Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдық мерей­той­лы жылын өткізу жөнін­де­гі Мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы болып өтті. Оның жұмысына Президент Әкімшілігінің жауапты қызмет­керлері, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкіл­дері қатысты. Қазақстан Республикасы Тәу­ел­сіздігінің 20 жылдық мерей­той­лы жылын бүкілхалықтық көте­ріңкі ынтамен, мерекелік кө­ңіл-күймен өткізу қажеттігін Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаев жыл­дың басында атап көрсеткен еді. 2011 жылғы Жолдауында да ол Тәуелсіздіктің 20 жылдығын мерекелеу мәселесіне ерекше назар аударған болатын. Ал 2011 жыл­дың 28 қаңтарында болған ме­рей­тойды өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында Президент: «Тәуел­сіз­дік – бұл біздің басты бай­лы­ғымыз, баға жеткізгісіз жетістігіміз. Жас елдің тарихындағы жаңа дәуір шынтуайтында өзінің бас­тауын Тәуелсіздіктен алады. Сон­дықтан Тәуелсіздік мерейтойы айрықша мәнге ие. Біздің алды­мыз­да бұл жылды жоғары ұйым­дастыру және идеологиялық дең­гей­де өткізу міндеті тұр», деген еді. Президенттің тапсырмасына орай Тәуелсіздіктің 20 жыл­ды­ғын өткізу жөніндегі тұжы­рым­дама мен іс-шаралар жоспары белгіленген болатын. Жыл бойы осы шаралар іске асырылып келеді. Соның ішінде «Нұр Отан» ХДП, Қазақстанның азаматтық альянсы желілері бойынша он­да­ған акциялар өткізілді. Әсіресе, «Нұр Отан» ХДП белсенділігі биыл арта түсуі керек деген мақсат алға тартылып, «Менің табысым – Отанымның табысы», «Елдік үшін, ел үшін», «Ел қазынасы» және т.б. акциялар өткізу ұйғарылған. Соның ішінде партияның «Жас Отан» жастар қанатының белсенділігімен «Ерлік даңқы өшпейді», «Дипломмен – ауылға», «Тәуелсіздік құрдас­та­ры» және т.б. ірі шаралар өткізу жоспарланған еді. Жалпы, мерей­тойлық жылды «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» атты ұранмен өткізу белгіленген. Сонымен бірге, мерейтойлы жылдың шараларын өткізуге аза­маттық қоғам институттары кеңі­нен тартылды. Олардың қаты­суы­мен еліміздің барлық өңір­ле­рін қамтыған іс-шаралар қарас­ты­рылған еді. Қазір олардың бәрі ұйымшылдықпен іске асырылуда. Әсіресе, «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» акциясы халықтың зор ынталы қолдауына ие болды. Бұдан басқа да 30-ға жуық мәдени-көпшілік іс-шара­лар­ды өткізу көзделген. Кешегі отырыста Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев осы іс-шара­лардың орындалу барысы жөнінде қысқаша хабарлама жа­са­ды. Тоғыз ай бойына елімізде қы­руар жұмыстар атқарылды. Ас­танада және барлық өңірлерде мыңнан астам іс-шаралар мен түрлі деңгейдегі жұмыстар жү­зе­ге асты. Бұларды өткізуде жастар, ғылым және шаруашылық өкілде­рі, эконо­миканың өнеркә­сіп және ауыл шаруашылығы сек­торлары, үкімет­тік емес ұй­ым­дар мен қоғамдық қозға­лыс­тар белсенділікпен атса­лыс­ты. Бір сөзбен айт­қанда, мерекелі жылға арналған іс-шаралар жал­пы­халықтық сипат алды, деді Мемлекеттік хатшы. Одан әрі Қанат Бекмырзаұлы Қазақстан­ның қол жеткізген ірі табыс­та­ры­ның қайнар көзі Президент Нұр­сұлтан Назар­баев­тың әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гу­манитарлық сала­лар­­дағы дана да көреген басшылы­ғы­ның арқасы екендігі жасалған іс-шаралар ба­рысында айқын кө­рін­генін тілге тиек етті. Мерей­той­лық жылдың өне бойында елі­міздің барлық өңірлеріндегі отан­дастары­мыз­­дың хал-ахуалының жақса­руы­на, тұрмыс сапасының артуына бар­лық жағдайлар жасал­ды, деді ол. Комиссия отырысында мерей­той­лық іс-шаралар жоспарының 9 айдағы орындалу барысы тың­далып, талқыланды. Сонымен қа­тар, жоспарда қарастырылған қал­ған іс-шараларды жыл аяғына дейін ұйымшылдықпен әрі маз­мұнды­лық­пен өткізу үшін нақты тапсыр­малар берілді. Отырысты қорытындылай келе, Қанат Саудабаев комиссия мүше­лерін өткізілетін іс-шара­лар­дың белсенділік қарқынын төмендет­пеуге және жел­тоқ­сан айында Елба­сының қатысуы­мен өтетін ең басты мерекелік ша­ра­ның мазмұнды, жарқын және жара­сым­ды болуына үлес қосуға шақырды. Жақсыбай САМРАТ.