Жеңіл атлетика • 10 Шілде, 2017

Қазақстандық жеңілатлеттер Азия чемпионатында сегіз медаль иеленді

164 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үндістанның Бхубанешвар қаласында өткен жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Төрт күнге созылған құрлық біріншілігінде Қазақстан Ұлттық құрамасы төрт алтын, екі күміс және екі қола медаль жеңіп алды, деп хабарлады Жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметі.

Қазақстандық жеңілатлеттер Азия чемпионатында сегіз медаль иеленді

Жарыстың соңғы күнінде спринтерлер үшін бәсеке сәтті болды. Әйелдер арасында 200 метрге жүгірген отандасымыз Виктория Зябкина осы маусымдағы Азияның үздік нәтижені көрсетіп, алтын медаль жеңіп алды. Оның уақыт көрсеткіші – 23.10 секунд. Мәреге екінші болып Шри-Ланка спортшысы Румешика Кумари келді. Үздік үштікті тағы бір жерлесіміз Ольга Сафронова (23.47 сек) қорытындылады.

– Виктория бір күн бұрын эстафетада жүгірген соң аздап шаршап қалды. Сондықтан, спринетрлік жарыстағы старт басында баяу қимылдады. Дегенмен бүгін өзінің қандай желаяқ екенін азиялық жеңіл атлетика жанкүйерлеріне көрсете білді. Негізі, 200 метрге жүгіруде жеңімпаздың кім болатыны көбінесе ара қашықтықтың жартысынан асқаннан кейін шешіліп жатады. Сондықтан, Виктория әрдайым мәреге жақындағанда күш алады. Негізінен ол жарыстарды үнемі осылай жеңіп жүреді, – дейді Зябкинаның жаттықтырушысы Любовь Никитенко.

Сөйтіп, Виктория Зябкина 2017 жылғы Азия чемпионатының үш дүркін чемпионы атанды. Ол бұған дейін жекелей сында 100 метрге жүгіруден жеңіске жетсе, әріптестері Рима Кашафутдинова, Светлана Голендова, Ольга Сафроновамен бірге 4х100 метрге жүгіру бойынша командалық эстафетадан үшінші алтынды иеленді.

Айта кетейік, 8 шілде күні қазақстандық жеңіл атлеттер 100 метрге командалық эстафетаға жүгіруде сарықұрлықта өздеріне тең келер ешкім жоқ екенін дәлелдеген еді. Қазақстан Ұлттық құрамасының уақыт көрсеткіші – 43.53 секунд болды. Екінші орында Қытай қыздары (44.50) болса, үштікте Үндістан (44.57) құрамасы енді.

Төртінші алтынды үш қарғып секіруден Мария Овчинникова еншіледі. Ол Азия чемпионатын 13.72 метрмен қорытындылады. 18 жастағы жеңіл атлет 4-13 тамыз аралығында Лондонда өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Мариядан бөлек, дәл осы сайыстан тағы бір қазақстандық спортшы Ирина Эктова күміс медаль жеңіп алды. Ол 13.62 метрге секірген.

Азия чемпионатынан спринтер Ольга Сафроноваға екі медаль бұйырды. Ол 100 метрге жүгіруден (11.45 секунд) күміс, 200 метрде қола жүлде еншіледі. Тағы бір қола медалді жарыстың екінші күнінде ядро лақтырудан Иван Иванов олжалаған болатын. Ол Иран мен Үндістан спортшыларын алға жіберіп, 19.41 метрге лақтырып, үшінші орынға қол жеткізді. 

Осылайша, Бхубанешвардағы Азия чемпионатынан Қазақстан Ұлттық құрамасына жалпы саны сегіз медаль бұйырды. Сөйтіп, жалпы командалық есепте үшінші орынға жайғасты. Көшбасында жарыс қожайыны Үндістан 29 медаль (12 алтын, 5 күміс, 12 қола) мен Қытай (8 алтын, 7 күміс, 5 қола) бар. Ал, 2015 жылғы Азия біріншілігінде қазақстандық спортшылар бір алтын, үш күміс және үш қола медальмен жалпы есепте тоғызыншы орынмен шектелген.

6-9 шілде аралығында өткен биылғы Азия чемпионатына сарықұрлықтың 43 елінен 800-ден астам спортшы қатысты. Жеңіл атлетикадан Қазақстан Ұлттық құрамасы енді тамыз айында Лондонда өтетін әлем чемпионатына қатысады.

 

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»