12 Шілде, 2017

Барымызды бағалай білейік

503 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ елі өз тарихының соңғы үш ғасырдағы бақытты 25 жылын да артқа тастап, келесі белесіне де аяқ бас­ты. Кейде осындайда арғы-бергі еске түсіп, түрлі ойларға батасың. Өткенді өскелең ұрпаққа үнемі білдіріп, бардың қадірін бағалатып отыру керек-ау деген ой түйесің. Әйтпесе, бүгінде бәрін оңай келгендей көретіндер көбейіп бара жатқан секілді көрінеді.

Барымызды бағалай білейік

Арғы ата-бабаларымыз ежелгі халық саналып, адамзат өркениетіне өзінің лайықты үлесін қосқан, еңселі халық болғанымен, соңғы 300 жылда біз біреудің қол астына қарап, жалтаңкөз болып өмір сүрдік. Келімсектер жерімізді «патшаның мен­шігі» деп қағазына енгізіп, өзі­міз­ді сулы-нулы жерлерімізден қуып, құм­ды, шөл-шөлейт аймақтарға ығыс­тырды. Оған да көніп, өсіп-өніп отырғанымызда, большевиктер өкімет басына келіп, қызыл қырғын басталды. Қолдан жасалған аштықтан жартысы қырылып, біразымыз жер ауып кеттік. Ұлттық рухымыз басылып, сағымыз сынды. Аштықтан аман қалғанымызға шүкірлік айтып, тамақтан басқаның не керегі бар деп, «отырса да тәубе, тұрса да тәубе» дейтін қасқа кедейдің тобанаяқ қалыбына түстік. 
Сол қырғыннан енді ғана ес жиып келе жатқанда «халық жауларын әш­ке­ре­леу» деген репрессиялық науқан тап ке­ліп, ұлтымыздың сүт бетіне шығар қаймақтарын тегіске жуық қырып тастады. Бұл енді бас кетіп, мойын қалған нағыз зар заман еді. Бұрынғы бұрынғы ма, қазақтың күні енді тіпті қараң болды. Бұрын сағы сынса, енді жағы сынып, қит етсе қамап, ұрып-соғып, халықты табадағы балықтай шыжғырды. Осы кезден бастап қызыл өкімет қазақты менсінуді де мүлде қойды.
Көп адам көңіл қоймайды, көп қырылсақ та біз Екінші дүниежүзілік соғыста ғана бір көтеріліп қалдық. Қазақтың қатарда жүріп мылтық атқандығы ғана емес, нағыз қайсар, ержүрек, өзіндік дара мінезі бар халық екендігі осында көрінді. Қанша көзге ілмейміз десе де батыл айқасып, батырлық көрсете алатын мыңдаған ерлеріміздің бары танылды. Бір Бауыржанның өзі неге тұрады? Ол соғыс кезінде соғыс туралы жазылған ең үздік кітаптың басты қаһарманы болды және сол кітаптағы оқиғалардың бәрі оның өз басынан кешкендері еді. Жазушы А.Бек оның айтқандарын қағазға түсіргендігінің арқасында ғана үздік кітаптың авторы атанып, атағы аспанға шықты.
«Волоколамск тас жолын» алыс шетелдердегі айтулы қайраткерлер мойындап, одан өз әскерлерінің үлгі алу­ын қалады. Басқа түгіл, «әлемдегі ақыл­ды халық» деп танылған еврей­лер­дің өзі әскери академияны бітірген офицерлеріне қарумен бірге Баукең туралы кітапты табыстап, өзінің әскери жолындағы өмірлік қағбасы осы болуы керектігін ескертті. Атағы бүкіл әлемге мәшһүр болған Фидель Кастро мен Че Гевара бұл кітапты өздеріне үлгі етумен қатар, полковник Момышұлын Кеңес Одағына жалынып, қайта-қайта ша­қырып жүріп, еліне келтіріп, арнайы қонақ етті. 
Бірақ соғыс біткен соң да КСРО-да қазақты кем тұту қайта басталып, бәз-баяғы қалыпқа түсті. Өзге түгіл Баукеңнің өзін көзге ілмей, Батыр ата­ғын бермеуімен қатар, басқа да жа­ғы­­нан шөміштен қақты. Бас штабтың ака­демиясын бітіргеніне қарамай, ге­не­рал атағы берілмеді. Ірілі-уақты ше­неу­ніктерінің өзі Баукеңді көзге іл­гі­лері келмеді. Мысалы, сол Кубаға бар­ған сапарын­да бүкіл елдің аузында болып, «Бостандық аралын» шулатып жатқан отандасының құрметіне КСРО-ның сол кездегі елшісі А.Алексеев қа­был­дау жасамақ түгіл, Моңғолияның ел­шісі өткерген қабылдауға қатысқанда, жа­нына келіп амандасуға да жарамаған. 
Әрине, Баукеңнің оған түкіргені бар, бірақ осы мінезден-ақ қызыл империя шенеуніктерінің кіші халықтарға деген теңгермеушілігі көрініп тұрды. Егер Баукеңнің орнында басқа ұлт өкілі болғанда, ол құрақ ұшып, асты-үстіне түсер ме еді!..
Тағы бір мысал. 1945 жылы ұлы Абай­дың 100 жылдығы болып, Алма­ты­­дан, облыстар мен аудандардан қа­­зақтың игі жақсылары барып, Жи­де­байда тойлап жатқанда сол ша­ра­ға ауданның бірінші басшысы бо­лып есептелетін ұлты өзге азамат бар­­­­­­май, үйінде жатқан екен... Бұл да сол қа­зақты менсінбеушіліктің, тең­гер­­­­­­меушіліктің айқын көрінісі, осы үде­­­­­­ріс­тің жоғарыдан төменге дейінгі ара­­­­­л­ық­ты түгел қамтығанының нақты бір ­ай­ғағы.
Міне, осындай да жағдайлардың бас­­тан өткенін ескеріп, азаматтарымыз тәуелсіздіктің қадірін ешқашан ұмы­­т­­пай, жадына түйіп жүруі керек еке­­ні күмәнсіз. Ал мұның өз кезегінде бо­­лашағымызға сабақ болатыны анық. 

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»