07 Қазан, 2011

Қазақ-түрік өнеркәсіп аймағы құрылмақ

331 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Елбасы Н.Назарбаевтың елімізде қазақ - түрік өндірістік аймағын құру туралы тапсырмасын орындау мақсатында Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Н.Сауранбаев бастаған жұмыс тобы Түркия еліне барып қайтты. Сапар барысында қазақстандықтар Ыстамбұл қаласы маңындағы «Гебзе» және «Қожаелі» елді мекендеріндегі өндірістік аймақтарда болып, Түркияның өндіріс аймақтарын басқарушы бірқатар компаниялармен кездесулер өткізді. Сондай-ақ, елімізде жүріп жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына түрік инвесторларын тарту мақсатында бизнес қауымдастықтармен және түрік кәсіпкерлерімен екіжақты келіссөздер жүргізілді. Қыркүйек айының 26-28 күндерінде Түркия­ның Ыстамбұл қаласында болған жұмыс тобын Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Н.Сауранбаев басқарған болса, оның құрамына ОҚО, Алматы, Қарағанды және Павлодар облыстары әкімдіктерінің қызметкерлері, Индустрия және жаңа технологиялар министр­лігінің инвестициялар жөніндегі комитеті, «Самұ­рық-Қазына Инвест» АҚ, «KAZNEX INVEST ұлттық инвестиция және экспорт агенттігі» АҚ мамандары кірді. Сапарға Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев қосылып, жұмыс тобымен бірге осы елдің бизнес қауымдастықтарының кеңселе­рінде өткен жиындарға қатысты. Атап айтқанда, Н.Сауранбаев пен елші бастаған жұмыс тобы Түрік өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер ассоциа­циясы (ТУСИАД), Түрік өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер конфедерациясы (ТУСКОН), Түркия палаталар және биржалар бірлестігінің сыртқы экономикалық байланыстар комитеті (ДЕИК) ұйымдарында болып, Қазақстанның экономикалық жаңалықтары, инвестициялық ахуалы туралы мағлұмат беріп, өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлерді Қазақстанға инвестиция салуға шақырды. Бұған қоса Қазақстанның Ресей және Беларусь елдерімен бірлесе құрған Кеден одағы туралы ақпарат беріп, оның инвесторлар үшін тиімділіктерін жеткізді. Елбасы Н.Назарбаев түрік кәсіпкерлерінің Қазақстанның индустриялық-инновациялық да­муы­на қатысудағы белсенділігін арттыру мақса­тын­да қазақ-түрік өнәркәсіптік аймағын ашуды қарастыруды тапсырған болатын. Бұл бастаманы Елбасына хат арқылы білдірген еліміздің Түр­киядағы елшісі Жансейіт Түймебаев көтерген болатын. Аталған бастамаға сай, мұндай өнеркәсіп аймағын құру үшін еліміздің төрт облысы таңдап алынып отыр, олар: Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қарағанды жән Павлодар облыстары. Сапардың бірінші күнінде Түркия палаталар және биржалар бірлестігінің сыртқы экономика­лық байланыстар комитеті (ДЕИК) ғимаратында өткен және 40-қа жуық түрік компанияларының өкілдері қатысқан жиында сөз сөйлеген Ж.Түй­мебаев, «Түркияның өнеркәсіп аймақтарын құру және жұмыс істету саласындағы тәжірибесі орасан зор. Қазақстан сіздердің тәжірибелеріңізді зерттеп, еліміздегі өнеркәсіп аймақтарын дамытуда қолдануды жөн санауда. Елбасы да бұл бастаманы қолдап отыр. Қазақ-түрік өнәркәсіптік аймағын құрып, оны басқаруға түрік компанияларын ша­қырып отырмыз. Алғашқы қанатқақты жоба ретінде Шымкент қаласындағы өнеркәсіп аймағын ұсынғымыз келеді», деді. Жиналысқа қазақ-түрік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Кемал Кологлу да қатысқан болатын. Айта кету керек, К.Кологлу тамыз айының 7-10 күндері аралығында Астана қаласына іссапармен келіп, министрліктердің өкілдерімен және бір-қатар ұлттық компаниялармен кездесулер өткізген-ді. Жиналыста сөз алған ол, «түрік кәсіпкерлерін Қазақстанға инвестиция салуға шақырып жүрміз, мен Қазақстанда болдым, сіздің еліңіз өз аума­ғында қарқынды дамып келе жатқан ел. Сондық­тан екі елдің арасындағы кәсіпкерлік қарым-қатынастар арта түсу керек деп ойлаймын. Біз қазақ-түрік кәсіпкерлер кеңесі ретінде бұл бағытта қолымыздан келгенін жасауға дайынбыз», деді. Жиналыста «KAZNEX INVEST ұлттық инвестиция және экспорт агенттігі» АҚ мамандары еліміздің инвестициялық ахуалының тұсаукесерін өткізіп, түрік кәсіпкерлері қойған сұрақтарға жауап берді. Сапардың екінші күні жұмыс тобы екіге бөлініп, вице-министр Н.Сауранбаев бастаған бірінші топ Ыстамбұл маңайындағы өнеркәсіптік аймақтардың жұмысымен танысса, Инвестициялар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Е.Хайыров бастаған топ Қазақстанға инвестиция салуға ниеттенген бірқатар түрік кәсіпкерлерімен кездесті. Кездесулер Түркия палаталар және биржалар бірлестігінің сыртқы экономикалық байланыстар комитеті (ДЕИК) ғимаратында өтті. Атап айтар болсақ, аталған комитет пен «KAZNEX INVEST ұлттық инвестиция және экспорт агенттігі» АҚ арасында 2010 жылы серіктестік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Іссапарға шықпастан бұрын жұмыс тобының мақсаты және құрамы, Қазақстан экономикасы мен инвестициялық мүмкіндіктеріне байланысты мағлұматтар аталған ұйым арқылы Түр­кияның бизнес қауымдастықтарына таратылған. Кездесуге 24 түрік компаниясы ниет білдірген болатын. Кездесуге келген кәсіпкерлер ішінде ауыл ша­руашылығы, құрылыс материалдары, машина жасау, текстиль, химия өнәркәсібі сияқты сала­лардың өкілдері болды. Екі жақты кездесулер бары­сында олар, еліміз экономикасының салалары, инвестиция салатын кәсіпкерлерге қандай жеңіл­діктер және қолдаулар көрсетілетіні туралы мағлұмат алып, өздерінің жоспарларымен бөлісті. Екі жақты кездесулерден кейін, түрік компа­нияларының өкілдері кейбір нақты ақпараттар алу үшін сұрақтарын хат арқылы жіберетіндерін білдірді. Елімізге келіп, экономикалық ахуалды өз көзімен көргісі келген инвесторлар жуық арада Қазақстанға іссапармен келетіндерін айтты.   Анықтама Дүниежүзілік банктің жыл сайын шығаратын «Doing Business» (Кәсіппен айналысу жеңілдігі) рейтінгінің дәйектеріне сүйенсек, 2011 жыл бойынша Қазақстан мен Түркия елдерін салық жағынан салыстырғанда Қазақстанда кәсіппен айналасудың тиімді екенін көруге болады. Кәсіпкерлердің бір елге инвестиция жасауында назар салатын маңызды мәселелердің бірі осы салық мөлшері болып келеді.   Салыстырмалы түрде екі мемлекеттің салық мөлшерлері
Салық төлеу орыны (39) Қазақстан Батыс Еуропа ЕДЫҰ
Төленетін салық саны (бір жылда) 9 41,7 14,2
Төлеу уақыты (жылда қанша сағат) 271 313,9 199,3
Табыс салығы 16,2 9,8 16,8
Жұмысшы салығы 11,5 22,9 23,3
Басқа салықтар 1,9 8,5 3
Барлық салық пайызы (табыстың пайызы ретінде) 29,6 41,2 43
   
Салық төлеу орыны (75) Түркия Батыс Еуропа ЕДЫҰ
Төленетін салық саны (бір жылда) 15 41,7 14,2
Төлеу уақыты (жылда қанша сағат) 223 313,9 199,3
Табыс салығы 17 9,8 16,8
Жұмысшы салығы 23,1 22,9 23,3
Басқа салықтар 4,4 8,5 3
Барлық салық пайызы (табыстың пайызы ретінде) 44,5 41,2 43
  Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы
 Қазақстан экспорты  Түркия импорты
2009 ж. $792 млн. 2010 ж. $1,2 млрд. 2011 ж. (қаңтар-мамыр) $925 млн.  $571 млн. $616 млн. $246 млн.
Түркиядан Қазақстан экономикасына келген тікелей инвестициялар көлемі 1993 жылдан бастап 2011 жылдың қазіргі уақытына дейін 1,6 млрд. АҚШ долларын құрады. Оның ішінде: 2011 жылдың І тоқсанында 20,4 млн. АҚШ доллары болды. 2010 жылы бұл көрсеткіш 62 млн.АҚШ долларын құраған болатын. 2009 жылы – 80,3 млн. АҚШ доллары, 2008 жылы – 170,9 млн. АҚШ доллары. Бекжан ТОЛЫБАЙ,  «KAZNEX INVEST ұлттық инвестиция және экспорт агенттігі» АҚ сарапшысы.