07 Қазан, 2011

Өндірісі мен өнері өрге жүзген Маңғыстау

1470 рет
көрсетілді
40 мин
оқу үшін

11-12 қазанда Астанада Маңғыстау облысының күндері өтеді

«Ғасырлар күтіп, әзер қол жеткен азаттықтан айыры­лып қалмау үшін ішкі тату­лықты да, сыртқы татулық­ты да көздің қарашығындай сақтай білу керек».

                                          Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. *** Маңғыстау... тарих пен табиғаттың бірге толғаған тамаша дастаны, бірге салған таңғажайып суреті, бірге шерткен тағылымды шежіресі. Оны таңданбай көріп, тамсанбай түйсінуің мүмкін емес. Бұл даланың жел екеш желі де үш жүз алпыс екі әулие бірге құран оқып, бірге намазға жығылғандай сай-сүйегіңді сырқыратып, күңіреніп тұрғандай. Ұғымталға ұқтырары көп ұлағатты өлке, көсегең көгере бергей!                                             Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ.   Маңғыстау түбегі – бұл тарихы өте бай өлке, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ол өзінің шын мәніндегі гүлденуін бас­тан кешуде. Жер қойнауында мине­ралды шикі­зат­тың, ең алдымен, мұнай мен газ­дың мол қоры­ның болуы арқа­сын­да, Маң­ғыс­тау ин­вес­тициялар тарту жө­нінен ел өңірлері ара­сында көшбас­шы­лар сапы­нан көрінді. Об­лыс тұрғындары осы кезең­ді, осыдан жиыр­ма жыл бұрын елі­міздің және өңірі­міздің экономи­калық және гео­сая­си стра­те­гиясын дұрыс айқын­даған Ел­ба­сы Нұр­сұл­тан Назар­баевтың күш-жігері­мен орын­ды байланыс­ты­рады. Маң­ғыс­тау еліміз­дегі 16 өңірдің ара­сын­да әлеу­меттік-эконо­микалық даму қарқыны бойынша бірінші орынға және әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі бойынша көш­басшылық орын­ға ие болды. Өңір­дің қол жет­кізген жетіс­тік­тері тура­лы об­лыс әкімі Қырымбек КӨШЕРБАЕВ әңгімелейді. – Қырымбек Елеуұлы, әңгімеңізді Маңғыстау облысының Қазақстанның басқа облыстарынан ерекшелігі туралы айтудан бастасаңыз? – Ол осынау ежелгі өлкенің бірегейлігінде. Біріншіден, өңір жағалауын Каспий теңізі шайып жатыр. Сондықтан да біз көп­шілігі алғаш рет іске асырылып жат­қан, кең ауқымды сынақ алаңымен салыс­ты­руға болатын, осынау нәрлі жерді, об­лыс экономикасының игілігіне пайда­лану­ға талпынамыз. Бұл үшін барлық мүмкіндіктер мен алғышарттар бар. Мысалға, биылғы жылы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру үшін тек қана бюджеттік көздерден 73,5 млрд. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 31,5 млрд. теңге, жергілікті бюд­жеттен 42 млрд. теңге қаралды. Ағым­дағы жылдың 8 айында ғана өнеркәсіп өндірісі көлемі 1,6 трлн. теңге, нақты көлем индексі 103,7 % құрады. Біздің өңір өнеркәсіп өндірісінің жалпырес­пуб­ли­ка­лық өсімінің 16,5 %-ын қамтамасыз етеді. Бұл 28 % өсім байқалған Атырау облы­сы­нан кейінгі 2-орын. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 13%-ға өсіп, бүгінде 40 млрд.-тан астам тең­гені құрайды. Экономиканың негізгі сек­то­рын­­­дағы еңбек өнімділігі 12% -ға( (бір адам­ға 116,9 дан 131 мың долларға дейін) өсті. Біздің өңір инвесторлар үшін тар­тым­ды, мысалға, биылғы жылдың 8 айын­да өңір экономикасына тікелей 250,5 млрд. теңге (1,7 млрд. АҚШ доллары) инвестициялар тартылды. Бұл ретте экономи­ка­ның басым секторларында (мұнай-химия, химия өнеркәсібі, мәшине жасау, құрылыс индустриясы) өткен жылғы 385 млн. теңгеден биылғы жылдың 8 айында 2,9 млрд. теңгеге дейін өсім байқалады. Қоры­тын­дысында халықтың жан басына шақ­қан­дағы инвестициялардың көлемі бойын­ша облыс орташа республикалық көрсет­кіштен 2,5 есеге артып түсті. Маңғыстау облысының бүгінгі эконо­ми­калық табыстары жоғары болса да, мен осыларды еліміздің басшылығы таяу жылдары біздің өңірімізде жүзеге асыруды көздеп отырған бұдан да гөрі ауқымды экономикалық жобалардың іске асырыл­ған «алғашқы қарылғаштары» деп атар едім. Қазіргі кезде Каспий жағалауында мұ­най-газ өнеркәсібінің жаңа, қазіргі за­ман­ға сай инфрақұрылымы – экс­порттық құ­бырлар, терминалдар, те­ңіздегі мұнай операцияларын қол­дау базалары, кеме жасау ком­муникациялары мен басқа да ны­сан­дар тұрғызылуда. Біз­дің облысымыз көлік жол­дары­ның тоғысында орналасқан, сонды­қ­тан да логистикалық тұрғыдан өте қолай­лы. Табиғат тартқан артықша сыйды пайдаланбау орынсыз болар еді. Сон­дық­тан да инвестициялардың едәуір көлемі ха­лық­аралық теңіз порты бар Маңғыс­тау­ға тартылуы тиіс. – Маңғыстау қашан Каспий теңізін­де қазіргі заманға сай порт кешеніне ие болады? Неліктен бізде әлі күнге дейін жалғыз ғана порт? – Ақтау порты – Азия мен Еуропаның көлік маршрут­тарының түйіскен тұсын­дағы аса маңызды стратегиялық және көліктік торап. Біз бү­гінде жылына 4 млн. тонна жүк болатын­дай қуатын ұлғайту үшін, порт аумағын солтүстік бағытта ке­ңейтумен жұ­мыс­­тану­дамыз. Бұдан басқа, Баутино жүк порты жаңғыртылуда, Александр Бекович – Черкасский шығана­ғын­да және Сартас шыға­на­ғында порттық инфрақұрылым құру жө­ніндегі жобалар белсенді іске асырылуда. Жуық арада Құрық порты Каспий маңын­дағы өңірде аса ірі портқа айналмақ. Порт аумағында Ақтау арнайы эконо­ми­калық аймағын ашу маңғыстаулықтар үшін айтулы оқиға болды. «Ақтау теңіз порты» АЭА – өңірлік экономиканы әрта­рап­тан­ды­ру­дың басты құралдарының бірі. Соңғы үш жылда АЭА-ның аумағы 9 есеге – 227 –ден 2000 гектарға дейін кеңейтілді, қолданылу ме­р­зімі 2028 жылға дейін ұзар­тылды. Қазақстанда алғаш рет кеме жасау зауыты, «Қашаған» жобасының аясында пай­даланылатын металл конструкция­ларын шығару зауыты салынды. Каспий теңізінің қазақстандық секторын игеру және үде­мелі индустриялық-инновация­лық даму­дың өңірлік бағдарламасын іске асыру мақсатында, елімізде алғашқы бұр­ғылау ерітінділерін дайындау зауыты іске қосыл­ды, сондай-ақ Бейнеу астық терми­налы т.б. өндірістер пайдалануға берілді. Сонымен бірге, республикада алғаш рет концессиялық негізде Ақтау халық­ара­лық әуежайының жолаушылар терминалы салынып, іске қосылды. Ұшыру-қондыру жолағын қайта құрылымдау аяқталды, болашақта жаңадан ұшыру-қондыру жола­ғы салынбақ, бұл әуежай инфрақұры­лы­мын халықаралық стандарттар талап­тары­на жеткізуге мүмкіндік бермек. – Соңғы кездері адай асыл тұқымды жылқысының жетістіктері ел аузын­да. Адай жылқысының феномені неде және еліміз осынау дала тұлпар­лары жайын­да әлі күнге дейін қалайша білмей келген? – Бұл өлкенің өз ерекшеліктері бар. Маңғыстау 362 әулиенің құтты қонысы. Оларға өзге өңірлерден табынушылар күн сайын ағылып келіп жатады. Маңғыстау аймағы ежелгі өркениеттің археологиялық, қорықтық, тасқа қашалған суреттер тәрізді ескерткіштерге өте бай. Ежелгі қорымдардағы қойтас, құлпытас, саркофаг, сағдия там, мавзолейлердің сы­ры кетсе де сыны кете қоймаған мүсіндері көзді қарықтырады. Былайша айтқанда, өлке 25 мың тарихи ескерткіштерден тұра­тын ашық аспан астындағы мұражай десе де болады. Олардың көбі мемлекет тара­пынан қорғауға алынған. Маңғыстау Үстірт үстінде айрықша жыл­қы тұқымын өсірумен айналысуда белгілі деу­ге болады. Осы жылғы мамыр айында ауыл шаруашылығы саласы асыл тұқымды сәй­гүлікті даярлаудың арнайы мәртебесін алды. Біздің сәйгүліктер рес­публикалық және азия­лық бәйгеде ерен жеңіске жетті. Шілде айын­дағы Ресейде өткен Достастық ел­дерінің кубогынан да табыспен оралды. – Елбасының қолдауымен өмірге келген «Жер-Теңіз-Аспан» ықпалдасты­рыл­ған мегажобасы мән-маңызы жағы­нан аймақтың ғана емес, республика­мыз үшін де ерекше рөл атқаратын жасампаз жоба деуге болады. Сондай-ақ, соңғы жылдары ел құлағын елеңдетіп жүрген «Ақтау Сити» қаласы мен «Кендірлі» демалыс аймағының құрылыс­тары жайлы не айтасыз? – «Жер-Теңіз-Аспан» ықпалдастырыл­ған мегажобасы әлемдік қаржы дағдарысы кезінде де ешбір тоқтаусыз жүрді. Бұл күндері бұл жобаны «Каспий» әлеуметтік-кәсіп­кер­лік корпорациясы жүзеге асыруда. Жалпы, біздер Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың тап­сыр­масына орай, аймақтың транзиттік әлеуе­тін толықтай пайдалануды жүзеге асыруға жұмыстанудамыз. Сол кезде темір жол, авиация, теңіз, автокөлік жобалары Еуропа мен Азия арасындағы жүк айналымы тасқынын жоғары­ла­та тү­се­тін болады. Бү­гін­дері АЭА-ның аумағы инвестициялық жо­балармен толыға түсті. Осы жылдың өзін­де онда 3 өндіріс ор­ны­ның құ­ры­лысы бас­та­лып, тағы да 17 жо­баны іске асыруға инвес­тициялық келісім-шарттар жасалды. Осы жоба арқылы Маң­ғыстау тұйықтағы қа­зы­налы түбек емес, тоқсан жолдың торабына айналғалы отыр. Өңірде екінші «Каспий» арнайы-экономи­ка­лық аймағы құрылады. Оның ор­та­лығы – «Өзен-Түркіменстан мемлекеттік ше­к­ар­а­сы» темір жолы желісін біріктіретін «Бо­лашақ» станса­сы. «Каспий» энергетика­лық хабінің инженерлік желілері­нің жоба­сы да­йын, құрылысы жақын арада бас­тал­мақ. «Ақтау Сити» қаласы құры­лы­сы­ның жобасын нақты іске асыру өткен жылы бастау алды. Казір ондағы «Аққу» деп аталатын бірінші шағын ау­дан­ның ал­ғаш­қы тұрғын үйлерінің құры­лы­сы қар­қын­ды жүруде. Ол жерде тұрғын үйлермен қатар сауда, бизнес орталықтары қонақ үйлер бой көтереді. Жақында Тәуелсіз Қа­зақ­станның Тұңғыш Пре­зи­денті­нің зияткерлік мектебі мен жалпы білім беретін екі орта мектеп, үш бала­бақ­ша, басқа да әлеу­меттік нысандар құры­лы­сы бас­талады. «Кендірлі» курорттық дема­лыс аймағы мен халық­ара­лық әуе­жай­дың сыртқы инфрақұрылым ны­сандарының жобалық-сметалық құ­жатта­ма­сын әзірлеу жұмысы аяқ­талу­да. Құрылыс жұмыстары келесі жылға жоспарланып отыр. – Сіздің пікіріңізше, бола­шақ­та об­лыстың Каспий айма­ғын­дағы, әлемдік деңгейдегі рөлі қандай болмақ? – Соңғы кезде әлемдік қауым­дастықта Каспий аймағының саяси да, экономи­ка­лық та маңызы артып отыр. Бұл бірінші кезекте аймағымызға энер­гетикалық ре­сурс­тардың ірі қорының бар­лы­ғынан болса керек. Ақ­тау Каспий өңірін­де халық­аралық мәр­тебеге ие болған қала­лардың бірі. Оның ай­қын айғағы – Әзер­байжан мен Иран мем­лекеттерінің бас кон­сул­ды­қ­тарының Ақтау қаласында ашылуы. Соны­мен бірге, еліміз­дің Сыртқы істер министр­лігінің консул­дық қызмет депар­та­ментінің өкілдігі де жұмыс істейді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, облыс энергетикалық қуатты, көліктік-логисти­калық және сервистік-туристік мүмкіндік­терге ие аймақ. Төрт халықаралық көліктік дәліздің екеуі – ТРАСЕКА мен Солтүстік-Оңтүстік Маң­ғыстау арқылы өтеді. Қазақстанның қазіргі картасында Ақтау теңіз, әуе және жердегі жолдардың түйіскен тұсы болып кірген. 2007 жылы Қазақстан, Ресей, Түркі­мен­стан және Иран мемлекеттерінің бас­шы­лары осы елдерді теміржолмен және авто­көлік жолдарымен байланыстыратын келісімге қол қойды. Сол «Өзен-Қызыл­қия-Берекет-Этрек-Горган» темір жол же­лі­сі­нің құрылысы аяқталды. «Солтүстік пен Оң­түс­тік» транзиттік дәлізі арқылы Пар­сы шы­ғ­анағына шығу мүм­кін­дігі туды. Түркі­менстан газын облыс «жүрегі» МАЭК пайдалануда. «Жезқазған-Бейнеу» темір­жолы орталық пен батыс Қазақстанға тура жол ретінде Қытай, Еуропа және Кавказ елдері арасындағы сауда айналымы­ның 30-50 пайызға өсуіне мүмкіндік туғызады. – Халқымыздың алтын бесігі ауыл екені белгілі. Осыдан 6-7 жыл бұрын ауыл тұрғын­дары өндірісті сағалап қалаға қарай үдере көшкендері де есімізде. Ал соң­ғы жыл­дары керісінше, қала­дан ауыл­ға бара­тын­дар қатары көбейе түскені бай­қа­лады. Осы үрдіс лайықты жалғасын таба түсуі үшін қандай жұмыстар жасалуда? – Иә, деректерге сүйенсек, соңғы жыл­дары ауылдан қалаға қоныс аудару­шы­лардың саны бойынша ең төменгі көрсет­кіш біздің аймақтың үлесінде. Өйткені, өңір халқының ауылдағы әлеуметтік-тұр­мыс­тық жағдайы жыл сайын жақсарып, олардың тұрмыс-тіршілігіне қажетті жағ­дай­лар жасалуда. 2009 жыл аяғында об­лыс­тың барлық елді мекендері газбен, электр энергиясымен, сумен, телефон бай­ла­ны­сы­мен, теледидар хабарлары және ин­тернет­пен республикамызда бірінші бо­лып 100 па­йыз­ға қамтамасыз етілді. Әсі­ре­се, 180 шақырымдық «Сайөтес-Боздақ-Ақшы­мы­рау-Қызан-Шебір-Тұщықұдық» газ құ­бы­ры­ның іске қосылуы ауыл адам­дарын ерекше қуанышқа бөледі. Форт-Шевченко-Тау­шық, «Қызылсай-Шопан-ата-Оғылан­ды», «Жың­­ғылды-Шайыр», т.б. авто­көлік жол­дары да көптің кө­ңілінен шық­ты. Мал басы өсіп, егістік ал­қаптар ұлғаюда. Бұл күндері ауыл шаруа­шы­лы­ғы өнім­дерінің өзіндік өндірі­сін ұл­ғайту мақ­сатында 14 жоба қолға алы­нып, іске асы­рылғалы отыр. Аймақ адам­дарының ата кәсібі – ба­лық шаруа­шы­лығы еңсе көтеріп келеді. Сон­дай-ақ, ауыл­шаруашылық өнім­дерін өң­деу, там­шы­лата суару жүйесін кеңінен енгізу, мал тұқымын асылдандыру оң нә­ти­же беруде. Ауыл­дық жерлердегі тұрғын үй құ­ры­лы­сы­ның көлемі өткен жылмен салыстыр­ғанда, 35 пайызға өсті. Осылар­дың нәти­же­сінде биылғы жыл­дың жеті айының қоры­тын­дысы бойынша респуб­ли­каның ауыл­дық жердегі тұрғын­дарының өсімі байқал­ған бірден-бір өңір біздің облыс болып отыр. – Әңгіме соңында әлеуметтік сала­ның әлеуеті, яғни, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларында атқарылу­дағы игілікті істерді тілге тиек етсеңіз? – Барлық елді мекендердің тіршілікке қажеттің бәрі – су, электр энергиясы, «көгілдір отынмен», байланыс, телехабар таратылуымен қамтылуын әңгіме басында айттық. Өлке халқының өсуіне, заманның талап-тілектеріне орай бұл саладағы жұмыстар одан әрі жалғасын табуда. Яғни, саланы дамытудағы басымдық білім беруді тереңдете дамыту мен денсаулық сақ­тау­ды дамытудың негізгі мемлекеттік бағ­дарламаларын жүзеге асыруға бағыт­талу­да. Мектепке дейінгі тәрбие орындары саны өткен жылы 56-ға өсті. Осы жылдың соңына дейін 2,5 мың орындық 15 бала­бақша пайдалануға беріледі. Бүгінде бала­лар­дың 72 пайызы балабақшамен қамты­лып отыр. Жаңа жыл басында бұл көрсет­кішті 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Білім беру саласындағы жетістіктерімізді де атап айтуға тұрады. Облыстағы бұл сала бірыңғай ұлттық тестілеудің орташа баллы бойынша республика өңірлері арасында 2006 жылы 14 орыннан 2010 және 2011 жылы бірінші орынды иеленеді. Бұл күндері орта мектептердің барлы­ғы интернетке қосылды. Ал мульти­медия­лық, лингофондық, пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілуі 80 пайыздан асты. Ден­сау­лық сақтау саласындағы жұмыс­тар да өз жемісін бере бастады. Ана мен бала өлімі бес жылда алғаш рет респуб­ли­калық көрсе­т­кіш­тен төмендеп, бала туу көр­сет­кіші еліміздегі ең жоғарғы көр­сет­кішке жетті. Мәдени мұраны сақтау, бұқаралық спортты дамыту бойынша да жүзеге асқан жұмыстар баршылық. Өткен жылы 9 спорт кешені ашылса, биыл төрт спорт мектебі мен Жетібай мен Форт-Шевченко­дағы спорт кешендерінің құрылысы аяқ­талғалы отыр. Елбасының қолдауымен Пір Бекет ата­ның 260 жылдығы жоғары дәрежеде той­ла­нып, «Ата жолы» аталған автокөлік жолы­ның мерзімінен бұрын аяқталуы ел бірлігін тағы да бір паш етті. Ақтауда күй атасы Құрман­ғазы Сағыр­бай­ұлына еңселі ес­керткіштің салтанатты ашылуы ата-баба­лары­мыз армандаған ел тәуелсіз­дігі­нің нұр­лы шапағатын анық сездіргендей әсер етті. Қазыналы түбектің өндірісі де, өнері де өрге жүзуде екендігін көрсет­кен­дей болып аймақ адамдарының ертеңгі күнге деген сенімін нығайта түсті. Қорыта айтсақ, маң­ғыс­­таулықтар Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесін қай салада да толымды табыстармен қарсы алғалы отыр. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жоламан БОШАЛАҚ.   Қазақ халқымен біргеміз, болаттай берік іргеміз Маңғыстау  облысы Қазақ­стан халқы Ассамблеясының 20-дан астам этномәдени орталық­та­рын біріктіріп, ұлтаралық та­ту­лық пен бірлікті нығайтуға өз үлестерін қосып келеді. Осы жерде біздегі «Халық келісімі» бірлестігі рес­публикамызда ал­ғаш құрылып, оның жұмы­сы­мен егемен елі­міз­дің Тұңғыш Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев әдейі келіп та­ны­сып, оң сапар тілегені  тарихтың бір ерекше парағы болып қал­ға­нын біз мақтаныш етеміз. Маң­ғыс­тау об­лысында 80-нен астам ұлт өкіл­дері тұрып, еңбек етеді. Осындағы ұлт­тар мен ұлыстар­дың өкіл­дері ор­тақ үйіміз – Тәуелсіз Қа­зақ­стан­ның, өндірісті өлкеміз­дің одан әрі гүлденіп, көркейе түсуіне үлес қосып келеді. Әр­бір этно-мәдени орталықта өз ұлттарының өнерін, мәдениеті мен тілін дамытып, басымызды қосып мамыражай өмір­ді бірге кешіп отырған қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары мен тілін үйренуде біршама жұ­мыстар жүзеге асуда. Ақтауда ең алғаш құрылған армян ұлт­тық мәдени орталығы. Оны сол 1989 жылдан бері Манвел Хачатрян басқарып келеді. Одан кейін «Қа­зақстан корейлері ассо­циа­ция­сының» филиалы, «Бул­гар» атты татар мәдени орта­лы­­ғы, Т.Шевченко атындағы ук­раин этномәдени бірлестігі, «Вай­­нах» чечен-ингуш, «Видергебурт» неміс этно­мәдени бірлестіктері құры­лып­ты. Содан соң әзербай­жан­ның «Достлуг», баш­құрт­тың «Салават», лезгиннің «Самур» этномәдени бірлестіктері өз жұмыс­тарын бастады. Байқап қараған адамға әрбір этномәдени орта­лық­тың татулық пен бірлікке қосып отырған үлес­терін аңғару қиын емес. Сонымен бірге белсенді ұлт өкілдері де аймақ адам­дары­на кеңінен таны­лып, сый-құрметке ие болып келеді. Мы­салы «Достлуг» әзер­бай­жан эт­но-мәдени орталығының төр­аға­сы Юсиф Кулиев жетекшілік ететін этно­мәдени орта­лық­тың қолдауы­мен Ақтауда «Джуджалярим» атты балалар көркемөнерпаздар ұжымы «Достуг» атты ансамбль жұмыс жа­сай­­ды. Жалпы, атал­мыш орта­лық­тың жұмысы Ақ­тау­да Әзер­бай­жан Бас консул­дығы ашыл­ған­нан бері жаңа серпін ала түсті. Осынау этномәдени орта­лық­тың тағы бір белсенді мү­ше­сі аймақтың кәрі-жасы түгел танып, құрметтейтін Джамиль Габибов «Ақтау қаласының құр­метті аза­маты». Елбасы Жар­лы­ғымен «Дос­тық» орденін кеудесіне таққан достық пен бірлік жар­шысы. 1993 жылдан бері «Са­лават» башқұрт ұлттық мә­дени орталығын бас­қа­ратын Ман­зиля Байбулатованың ұйым­дастыруымен іске асқан іс-шара­лар да халық есінде. Бұл орталық ұйымдастырған ұлттық ою-өрнектер мен киімдер көрмесі, өнерпаздардың концерті облыс орталығынан басқа аудан, қала­лар­ға ұсынылып жүр. Осы ха­лық­тың «Сабантой» атты мей­ра­мы Ақтауда ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өтіп дос­тық, бейбіт өмір мен келісім халықтар арасындағы баға жетпес байлық екендігін паш етті. Сондай іс-шаралардың басы-қасында жүре­тін Манзиля  Байбулатова білікті инженер, 1997 жылдан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Елбасы Жарлығымен қос мерекелік медальмен наградталған сый­лы да  абыройлы жан. Ең басты­сы, этно-мәдени орталықтардың мүшелері Ақтауда өтетін саяси, мәдени іс-шаралардың барлы­ғы­на да белсене араласады. Хал­қы­мызды бірлікке, бауырмалдыққа, достыққа шақырады. Этномәдени орталықтың мүшелері өз жұмыс­тарына әрбір халықтың жақсы салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ортақ қазынаға айналдыруды да естен шығармайды. Қорыта айтсақ, эт­но­мәдени орта­лық­тар алдағы уа­қытта да татулық пен бірлікті ұран ете отырып Тәуелсіздіктің туының мәртебесін биіктете түсуге жұ­мыс­тана беретін боламыз. Юсуп ШАХШАЕВ, «Халық келісімі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.   Инвестиция – игергенге игілік Қазақ елінің тұңғыш жүзбелі бұрғылау баржасы Қарақия ауданының Құрық кентінде ор­на­ласқан «Ерсай Каспиан Контрактор» ком­па­ниясы Каспий теңізінің қазақстандық сек­то­рын­­д­ағы гео­логиялық барлау жұмыстары үшін Қазақстанның тұңғыш жүзбелі бұр­ғы­лау бар­жасын құрас­тыру­ды бастады. «Жам­был» деп аталған тұңғыш бұрғылау баржасы жобасының жұмыстары мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық ком­па­ниясы» АҚ пен кореялық «DAEWOO LTD» компаниясы айна­лысу­да. Атал­мыш баржаның өзгелерден ерекшелігі теңіздің 2,5-3,5 метрлік таяз қайраң­да­рын­дағы ұңғыларды бұрғылауға арналып жасалуда. Баржаның операторы «Қазмұнайтеңіз» теңіз мұнай компаниясы» АҚ-тың еншілес компаниясы «Теңіз Бұрғылау» ЖШС болып есептеледі. Қазақстандағы ең алғашқы теңіз тренажер орталығы Күрделі теңіз операцияларын жүргізіп, ха­лық­­аралық деңгейде теңізшілер даярлау үшін Ақ­тауда тұңғыш теңіз тренажер орталығы ашыл­­ды. Елімізде қазақстандық кемелерде жұ­мыс жасайтын жоғары білікті мамандар тап­шы­лығы шындық. Ал Каспий қайраңын игеруге орай оларға деген сұраныс күн санап өсіп келеді. Осы олқылықтың орнын тол­тыру­ға Нидерланд Корольдігі үкіметінің қол­дауы­мен сонда­ғы әйгілі Виллем Баренц атын­дағы теңіз инсти­ту­ты көмек қолын созды. Яғни, олар «Вагенборг Қа­зақстан БВ-ның Қазақстан филиалы» компания­сымен бірлесе Ақтауда тұңғыш теңіз тренажер орталығын ашты. Онда заманауи кеме, су көлігі құрал­дары­ның басқару тетіктері түгел қойыл­ған. Ол жердегі адам өзін теңіз төсіндегі кемедегідей сезінеді. Бұл болашақ білімді теңізші­лерді дайындауға жағдай жасалды деген сөз. Қатты қалдықтар да кәдеге асады Осы жылдың маусым айында әсем Ақтау­ды одан әрі сәндендіріп, қала халқына қолай­лы жағдайлар жасаудың бір парасы өмірге кел­ді. Ол қаладағы бір тұрғынға шаққанда жы­лына 400 килодан келетін қатты қалдық­тар мен қоқыстарды қайта өңдеу жөніндегі жоба. Оған Еуразиялық қайта құру және даму банкі мен «Кови Консалтинг» компания­сы­ның өкілдері қатысады. Өткен жылы облыс басшылығы мен аталмыш банк өзара келісімге келген-ді. Енді сол жоба 2011-2014 жыл­дары жүзеге асады. Жалпы құны 23,8 млн. АҚШ долларын құрай­тын жобаның нәти­же­сінде қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемі азайып, улы газдардың зиянды әсері қыс­қа­ра­ды. Және «Жасыл» энер­гия өндіруге мол мүмкіндік болмақшы. Қыстақтағылар да қаладағыдай тұрады Тәуелсіз еліміздің топырағында қолға алы­нып, ел еңсесін көтере түскен индустрия­лық-инновациялық бағдарлама өміріміздің бар­лық саласында дерлік серпіліс, соны жа­ңа­лықтар әкеле бастады. Оны ауыл еңбек­кер­лері сезіне бастағандай. Түпқараған ауданы­ның «Қызыл­сы­ғыра» қыстағында малшылар тұрмысын за­манға сай жаңаша қалыпқа кел­тірудің баст­ам­а­сы қолға алынды. Ол Ру­мы­нияның «Имсаат Каз» фирмасымен келісім жасап, өмірге әкел­ген облыстық су жү­йесі ме­кемесінің басшысы А.Мұрзатаев­тың Румы­нияда малшы-бақта­шы­ларға арналып жаса­ла­тын үш бөлмелі тұрғын үйі еді. Әдемі, таза, жарық та жылы үйдің қала­дағы пәтерлерден кемдігі жоқ. Оның бәрі үй артындағы биіктегі жел қуатымен электр энер­гиясын беріп тұр­ған шағын стансаның қуаты. Үй төбесінің күн­гей жағына күн батариялары да орна­ты­лып­ты. Ол қондырғы 10-15 кВт шамасында электр қуатын беріп тұр. Күн көзі, жел қуаты азайса, шағын дизель де дайын. Сон­дай-ақ тұрмыстық қалдықтарды жинау, өңдеу және сұрыптау арқасында қоршаған ортаның эко­ло­гиялық жағдайын жақсарумен қатар, қал­д­ық­­тарды қайта өңдеу процесі негізінде пласт­массалық бұйымдар шығаруды қолға алу да көзделуде. Сөйтіп, әсем қала маңындағы тау-тау үйінді, қатты қоқыстар мен тұрмыстық қал­дық­тарды пайдаға жаратар уақыт та алыс емес. «Арай» ауылды ажарландыра түсті Облыстық әкімдікпен бірлесе отырып ресейлік «Лукойл Оверсиз Сервис Б.В» мұнай компаниясы бес жылдан бері ауыл тұрғын­дары­ның шағын және орта бизнесті дамы­туы­на көмектесіп келеді. Ол дегеніміз бір адам­ның, не бір отбасының ғана емес, шал­ғай­дағы әрбір ауылдың әлеуметтік жағдайын көтере түсуге игі ықпал етуде. Оны шағын ауылдарда соңғы кездері ашылған спорт залдары, тұр­мыс­тық қыз­мет көрсету орындары, жылыжай, наубайхана, ұлт­тық шеберханалар, тағы басқа бұрын-соңды ауыл­да кездеспеген кәсіпкерлік түрлері­нен бай­қауға болады. «Лукойл» компа­ния­сы биыл да Қазақ­станның Тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғына орай қайтарымсыз сертификаттар са­нын өткен жылдардағы 50-ден 70-ке жет­кізіп, ал­дыңғы жылдардағыдан көбейте түсті және оның негізгі бөлігін көп балалы ана­ларға, мү­ге­дек­терге, орал­мандар мен жұ­мыс­сыздарға бөлді. Ақтау халықаралық теңіз порты «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Сапа және іскерлік беделі үшін алтын сыйлықпен» марапатталды. Ол сыйлықты ұйымдастыру­шы халықаралық Other Ways менеджмент жә­не консалтинг ассоциациясы. Ол сапаны бас­қару, ұзақ мерзімге есептелген даму, тиімді жобалар мен биік мақсаттар, жүйелі жоспарлау мен мар­кетингке бақылау, қызметкер­лер­дің сапа­лық құрамы т.б. көрсеткіштерді негізге алады. Атал­мыш марапаттауда өз мүм­кін­діктерін көрсетуге ежелгі теңізді Қытай, Үнді­стан, Англия, Ресей, Индонезия, Сингапур, Австралия сияқты халықаралық дәреже­дегі орны бар 35 елден елуге тарта компаниялар ұсынылған­ды­ғын ескерсек Ақтау порты тәуелсіз еліміздегі келешегі мол, Қазақ­стан­ның осы саладағы беделін биіктете түсетіндігін көрсетеді. Ақтау халықаралық әуежайы Ақтау халықаралық әуежайы биыл екінші мәрте ТМД елдері бойынша бәсекеге түскен 22 әуежай арасында ең үздік атанды. Рес­пуб­ликамызда жолаушылар тасымалдау жөнінде Алматы, Астана әуежайларынан кейінгі үшін­ші орындағы ұжым өткен жыл қоры­тын­дысында 585 мың жолаушы тасы­малдап, са­па­лы қызмет көрсетті. Өткен жылы жолау­шы­лар терминалы құрылысы аяқталса, биыл ұшып-қону алаңы пайдалануға берілді. Бұл дегеніміз әуежай енді кез-келген әуе кемесін қабылдап, ұшыруға мүмкіндік алды деген сөз. Ал бұл күндері Ақтау халықаралық әуе­жайынан алыс-жақын он бес шетел мен еліміздің жеті қаласына ұшақтар ұшып-қонады.   Алғашқы мұнай бұрқағындағы бұрғышы Осыдан жарты ғасыр бұрын қазақ елінің атағын әлемге паш еткен Маңғыстау мұнайы­ның көзін ашқандардың бірі – әйгілі бұрғышы Жолдас Тоқжанов. 1961 жылы 5 шілдеде Жетібайдағы № 6 ұңғы­ма­дан алғашқы мұнай бұрқағы атқанда ол бұрғы­шы­лық қызмет атқарған ардагер. Бүгінгі әңгі­ме­мізді кейіпкеріміз айтқан сол бір ұмытылмас оқиға жайлы әңгімеден бастауды жөн көрдік. 1961 жылдың жазы. Бұрғышы-шебер Николай Петровтың жетекшілігіндегі бригадада бір бұрғышы кенеттен ауырып, денсаулығы бол­май, жеңіл жұмысқа ауысты. Мен соның ор­нына қызметке кірістім. 4 шілде күні таңертеңгі вахта құрамында Жетібай алаңындағы № 6 ұң­ғымадан мұнай алу ба­ғы­тында жан сала қи­мыл­ға көшкенбіз. 2389-2386 метр­ден перфорация жа­салуы керек. Каротаж отряды бірінші шаблонды жіберді, ол қажетті терең­дікке дейін тоқ­таусыз бой­­­ла­ды. Осы каротаж жұ­мыстары аяқтал­ған соң біздер 750 метр те­рең­дікке дейін НКТ-құбырын жіберіп, вахта­ны келесі ауы­сым­да­ғы әріптес­тері­мізге тап­­сы­рып кеттік. Кешкісін пар­тия ұйы­мы­ның жи­налы­сы шақы­рыл­ды. Күн тәр­ті­бін­дегі екі мәселе­нің бірінші мәсе­ле­ні бітіріп, партком хат­шы­сын сайлап бола бер­гені­міз сол еді, сыртқы есік ашылды да ентігіп, екі өк­песін қо­лы­на алған Най­забек Тол­тырбаев: «Сүйін­ші! Бұр­­­ғы бойынан мұнай бұр­­қақтап жатыр!» деген жү­рек­жарды хабарды жет­­­кізді. Содан жина­лыс­ты қыс­қартып, түн қараң­ғы­сын­да бар­лығымыз жүк мә­шинелерге отырып, мұ­най шық­қан ұңғымаға тарт­тық. Барсақ, қара май тас­қыны аспанға атқақтап жатыр, гүрілдеген күшті дауысы құлағыңды жарар­лықтай. Таңғы сағат 5.30-да бұрғылау алаңы­ның басында Батыс Қазақ­стан гео­логиялық партия­сы­ның бас  инженері Ф.Васильев, МНР – трестің бас инженері А.Хисметов, бас гео­логы П.Токарев, бұрғы­лау бас­шы­лары Д.Үсенов пен Х.Тәжиевтер тұрды. Жағ­дай­ды бажайлап болған соң Ф.Васильев:  «Мы­науың­ның түрі жаман екен! Бұл бұрқағыңыз бізге бас бермейтін шығар. Қой, болмас, одан да Бакуден бригада шақырталық» деген дәр­­менсіздеу уәж айтты. «Сендер бұған не айта­сың­дар» дегендей Дүй­сен Үсенов  біздерге бұрылды. Біздер бірауыз­дан: «Бакуге жалын­баймыз. Өз мұнайы­мыз­ды өзіміз игереміз, өз фонтанымызды өзіміз ауыз­­дықтаймыз», деп жігерлі түрде жауап қаттық. Содан кейін көп ұзамай бір ыңғайын тауып, «Бізге Бакудің көмегі керек емес – бізге, алдымен, ар-намыс, абы­рой керек» дегенді бүкіл қазақ барлаушы-бұр­ғышылары атынан Ф.Васильевке өз аузыммен мен жеткіздім. Сонымен, қатты қысыммен жер өзегін суыра, аждаһадай ышқына атқылаған қой­мал­жың қара майға «күмп» бердік. Әрине, бұл жерде «күмп бердік» деген сөз әсірелеу ғой, зор күшпен атқылаған мұнай көзіне жақын барудың өзі бұр­ғы­шылар үшін қиямет-қайымға айналды. Бұр­қақты ауыз­дықтау жолындағы женкешті қимыл-қаре­ке­ті­мізді тізбелей айту қарапайым оқырмен үшін қызық емес болар. Сондықтан, мынаны ғана айтайын – бәріміздің бір қабат теріміз күйіп қалды, артынан қысымды байқасақ – 280 атмосфераға жетіпті! Мұ­най тем­пературасы – 80-85 градус! Шыжыған шілде тағы бар – ауа температурасы 40-45 градус!  Сөйтіп, қазақ мұнайының тарихына «Маңғыс­тау­дағы алғаш­қы мұнай фонтаны» боп енген сол № 6 ұңғыма бұр­қа­ғын 1961 жылы 7 шілде күні, күндізгі сағат 14.00-де әрең жаптық. Бұрқақты бітегенше төгілген мұнай шамамен 400 текше метрден асатын шығар – екі бульдозерші ұңғыма жанынан амбар қазып, біразға дейін үлгере алмай жатты. Осылай от пен өлімнің арасында үлкен ерлік жа­сал­ды. Майлы бұрқаққа «шо­мылған» бұр­ғышы­лар­дың бірқатары бастары айналып, жұмысқа жарамай қалды. Үш күн, үш түн қатарынан 20 минут­тық кесте бойынша кідіріссіз бұрқаққа түстік осы жанкешті шараны атқар­ған адамдарды міндетті түр­де атап өтуім керек. Жұ­мысты басқарғандар: Аса­бай Хисметов – МНГР-трестің бас  инженері, Дүй­сен Үсенов – күрделі жұ­мыстар жөніндегі шебер, Хасан Тәжиев – барлау бастығы. Менің қарауым­дағы 1-ші вахтада бұрғы­шы­ның көмекшілері – Оң­ғар Қабжанов, Кесікбай Науанов, Қаршыға Жал­ғас­баев, Әділ Жанғалиев,. Ал Сабырбай Шонтабаев басқарған 2-ші вахтада – Сергей Левицкий, Санатбай Масатов, Петр Шамрай, Кесікбай Өтегенов сынды атанжілік атпал жігіттер болды. Әйгілі бұрқақтың тө­ңі­регінде оғаш қылықтар да бой көрсетпей қалған жоқ. Дегенмен сол тұс­тағы об­лыстық техникалық қа­да­ғалау инспекция­сы­ның бас­шылары келіп, бізді шұ­қылап, түсініктеме жи­на­­ды. Жауапты қызмет­кер­лер Бажиковты, Тевя­шов­ты, Тәжиевті біраз ма­за­ла­ды. Сондағы қояр кінә­лары – «жерасты қа­ба­тын бүлдір­ген, ұңғыма бұрқа­ғын тез арада жаппай жер үстін былға­ған...». Осы лаңды іске аудан басшысы Ибаш Жанболатова апай қарсы бол­ды. Облысқа Жетібай ала­ңы­нан мұнай ашы­л­ғанын хабарлап, оған қуанған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұртас Оңдасынов: «Бұрқақты бітеген адамдарға тимеңдер, қапелімде аз-мұз қателіктер кеткен шығар. Бастысы – адам аман, ұңғыма жабылды!», деп барлық бұра тартқан әңгімені тыйып тастады. Мұнай бұрқағын бітеуге қатысқан жұмыскерлерге ақшалай сыйлық бергізді. Иманды болғыр Нұрекең сондай сұңғыла адам еді... Сонымен, осы арқылы Маңғыстаудың атағы аспандады. Одақтық газеттер: «На площаде Жетыбай из скважины-первооткрывательницы номер – 6 (2383-2389 м) Скважину № 6 бурила бригада бурового мастера Николая Петрова в составе ...» деп бізді атап жазды. Міне, ардагер аға осыдан 50 жыл бұрынғы әлемдік оқиғаны осылай әңгімеледі. Ал сол күнге дейін ол 1951 жылы қазақ мұнайының қарашаңы­рағы Доссорда кәсіптік училищені бітірді. Атырау­дағы Мұнайлы, Құлсары, Қосшағыл, Төлес Қарсақ мұнай алаң­дарын игеруге атсалысты. 1958 жылы Маң­ғыс­тауға келді. Қызан, Жетібайда тыныш­сыз еңбек басталды. Жетібайдағы мұнай бұрқағы жалғасын тапты. Содан кейін 1965 жылы Жолдас Тоқжановтың №5 ұңғысы Қарамандыбаста мұнай бұрқағын, 1966 жылы Тасболат жерінде, 1970 жылы Қансу алаңында газ бұрқағын атқызды. Ол Ленин, Құрмет белгісі орденін омырауына қадады. ҚР Жер қой­науының құрметті барлаушы­сы, Ақтау қала­сының құрметті азаматы. Сексеннің  сеңгері­не шыққан Жолдас аға №14 шағын аудан ардагерлер кеңесінің төрағасы. Қандай сый құрметке де лайықты әйгілі мұнайшы. Ғани КАРИН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.          Зейнептің киіз үйі Астанадағы Маңғыстау облысы күндерінде елорда төрінде тігілетін көркем киіз үйдің иелері орденді жылқышы Тілеген мен зерделі қолөнер шебері Зейнеп Өрісбаевтарға арналады. Ән салдырған Тастемір мен Досатқа, Көрік қосып осы атқа, Маңғыстауда, Он саусағы өнер күйін төгілткен, Бір келіншек тұрады екен Қошақта...   Сүйіндірген ажарымен маңды әрі, Еңбегіне зейнет құйған таңдары, Зейнеп атты сол әдемі келіншек, Ең атақты жылқышының жан жары...   Кеуде толы сырларыңды бірге ұғып, Қуанысып, Той болардай, Дүрлігіп, Ол тоқыған басқұрлар мен баулардан Қарап тұрар бұлбұл сайрап, Күн күліп...   Артық бейнет көрер бәлкім, Кім ермек, Ал келіншек қиял құсым түлер деп, Дала кейпін алашаға түсірсе Көктем болып, Сыр шертеді гүл-өрнек...   Бабамыздан қалған осы нақ мұра Зейнептің шын жанына тым жақты ма – Киіз үйді тігіп қойды ұядай, Бау-бантиктің неше түрін тақты да.   Өнер десе бата бере жайған қол, Бұл өңірде жақсы дәстүр, Сайран мол, Зейнептің сол махаббатын паш етіп, Маңғыстаудың көрмесіне айналды ол... Гүлжауһар СЕЙІТЖАН, Қазақстан Жазушылар  одағының мүшесі.   Өнім  көлемі  өсе  түседі Ел Тәуелсіздігінің тұғырын бекіте түсуге лайықты үлестерін қосып келе жатқан республикадағы мұнай алып­тары­ның бірі – «Маңғыс­тау­мұнайгаз» АҚ ұжымы негізінде әйгілі Қалам­қас және Жетібай кен орындары мен ондаған ірілі-уақты мұнай-газ ке­ніш­терінің басын біріктіреді. Маңғыстау мұнайы­ның алғаш­қы бұрқағы 1961 жылы Жетібай жерінде атқылады. Ол тарихи оқиға Маң­­ғыстау мұ­найы­ның 50 жылдығы ай­мағымызда жоғары дәрежеде ата­лып өтті. Және ол жай ғана даңғаза ме­реке емес, облыстағы әлеуметтік орын­дардың әлеуетін көте­ре түскен іс-шараларға толы болды. Сол бір қуа­нышты сәттерді адал да жанқиярлық еңбек­терімен жақындата түскен ардагерлерге құрмет көрсетілді.  Ақтау­дағы салтанатты жиналысқа қатыс­­қан­дарға Елбасымыз Нұрсұл­тан Назар­баев­тың құттықтауын Мұ­най және газ министрі С.Мыңбаев жеткізді. Ал өз кезегінде өлке мұ­най­шылары Елбасы­на деген ақ ал­ғыстарын үндеу ретінде жолдап, ризашылықтарын білдірді. Ал біз болсақ осынау тарихи оқи­ғаның Жетібай жерінде бастау алған­дығын мақтан тұттық. Сол күндері өлке қазынасын халық игілігіне жарату жолында алғашқылар болғандарға, осы саланың әйгілі ардагерлері С.Өте­баев, Н.Петров, Х.Өзбекқалиев, С.Рыс­қалиев, В.Токарев, Ж.Тоқжанов, Қ.Азан­­баев, Р.Өтесінов, Н.Марабаев, Х.Тәжиев жә­не де басқалардың есімдерін құр­мет­пен атап, арамызда жүргендерге сый-құрмет көрсеттік. Қаламқас мұнайы 1974 жылы ашы­лып, 1979 жылы пайдалануға қо­сы­лып, өнім бере бастапты. Солай бола тұра вахталық әдіспен еңбек ететін мұнайшылардың қажырлы қимылы нәтижесінде 2005 жылы «Қалам­қас­мұнайгаз» өндірістік басқармасы кен орыннан 100 миллионшы тонна мұнай өндірген. 1996 жылы қыркүйекте Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтауда «Маңғыстаумұнайгаздың» алдында тұрған міндеттер және Қазақстан мұ­най өнеркәсібінің дамуы туралы сөз сөй­­леді. Одан кейінгі жылдары Қалам­қаста еңбек еткендерге қолайлы жағ­дай жасау көзделіп мұнайшылар қала­шы­ғы салынды. Асар кен орнында қо­лайлы жатақханалар, асхана, тұр­ғын­дар кешені бой көтерген. Елбасы 2003 жылы қоғамға қарасты шыны пласти­ка­лық құбырлар зауытының тұсауын кесіп, сәт сапар айтты. Бұл күн­дері зауыт өнімдері жеңілдігі, төзім­ділі­гімен оң бағасын алып, өндірісте көптеп пайда­ла­нып отыр. Сондай-ақ өнім өн­діруді арттыра түсетін технологияларды қол­да­ну, техникалық соны жаңалық­тар­ды ­өндіріске енгізу, технологиялық үр­діс­тер­ді химияландыру жұмыстарының кө­лемі ұлғайтылып келеді. Қазіргі күн­дері компания мыңдаған тонна мұнай мен миллиондаған текше метр газдың қоры бар 15 мұнай және газ кен ор­ны­на барлау жұмыстарын жүргізуде. Ел Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығына орай өнім өн­ді­руді еселей түсіп, жыл аяғында 5770 мың тонна мұнай, 106,8 миллион текше метр газ өндіруді жоспарлап отырмыз. Әсет МАҒАУОВ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры.     Беттердегі материалдарды дайындаған Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі Жоламан БОШАЛАҚ.