Бокс • 15 Шілде, 2017

«Астана арландары» ‒ үш дүркін чемпион!

260 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Астана арландары» Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) ақтық сынында «Куба қабыландарынан» айласын асырып, жетінші маусымының жеңімпазы атанды.

«Астана арландары» ‒ үш дүркін чемпион!

Негізгі жекпе-жектерде таразы басы тең түскен соң, қосымша 52 килограм салмақта Олжас Байниязов пен Франк Залдивар шаршы алаңға көтерілген. Қазақстандық боксшы «куба қабыланын» қапы қалдырып, командасына жеңіс әкелді.

Естеріңізге сала кетейік, рингке ең бірінші шыққан Теміртас Жүсіпов (49 кг) Йоханус Аргилагосты тізе бүктірген болатын. Ілияс Сүлейменов (56 кг) өз кезегінде «Астана арландарының» жеңісті жолын жалғады. Шаршы алаңға үшінші болып көтерілген Антон Пинчик (91 кг) қарсыласы Эрисланди Савоннан ұтылып қалды. 64 килограмда сынға түскен Ділмұрат Мажитов Энди Крузге есе жіберіп қойды. Ұлттық құрама мүшесі Әбілхан Аманқұл кубалық Арлен Лопестен айласын асыра алған жоқ. 81 килограмда Арман Рысбек Олимпиада чемпионы Хулио Ла Крузге әлі келмеді.

Байрақты бәсекенің екінші кезеңінде алғаш болып рингке көтерілген «Астана арландарының» капитаны Олжас Сәттібаев (52 кг) қарсыласы Йосбани Вейтиадан ойламаған жерден жеңіліп қалды. Әйтсе де, қалған кездесулерде «Арландар» кубалық боксшыларды бет қаратқан жоқ. Әуелі Олжас Боқаев (+91 кг) тәжірибелі Йоандри Тойракты жерге қаратса, Зәкір Сафиуллин (60 кг) Лазаро Альваресті тас-талқан етіп ұтты. «Алаштың салмағы 69-да» сынға түскен Асланбек Шымбергенов Рониель Сотолонгоға еш мүмкіндік берген жоқ.