26 Қаңтар, 2010

Әкім есеп берді. Ел не деді?

1204 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
БАТЫС ҚАҚПАНЫҢ МАҚСАТЫ БИІК Соңғы кезде есепке қатысушылар тарапынан әкімдер есебін қабылдау және оған баға беру мәдениеті әжептәуір арта түскені байқалады. Осындай оң үрдіс Орал қаласының әкімі Самиғолла Оразовтың есебі кезінде де айқын көрінді. Бұған дейін тұрғындар тарапынан жиі көрініс беріп қалатын әртүрлі эмоциялық көңіл-күй ауанын сарабдал да салмақты ой, нақты ұсыныстар мен тиянақты тұжырымдар алмастыра бастағандай көрінеді. Темір ҚҰСАЙЫН. Ең бастысы – ел “маған ас­пандағы айды әпер” дегенге сая­тын мүмкіндіктен тыс, ешқандай меже-жоспар мен бағдарламаның қалыбына сыймайтын әңгімелер­ден тыйыла бастағандай. Осыған мысалды С.Оразовтың есебінен де таба аламыз. Ол көптеген түйінді түйткілдер “Жол картасы” бағдарламасы шеңберінде ше­ші­мін тапқанын баса айтты. Рес­публиканың қай қаласында болса да оның қақ орталығынан гөрі ма­ңындағы кенттер мен ауыл­дар­да әлеуметтік-тұрмыстық проб­ле­малар көбірек бой көрсететіні жасырын емес. Қала әкімі өз есе­бінде осы мәселелерге байланыс­ты терең әлеуметтік талдаулар жа­сады. Орындалатын іс бар, со­ны­мен бірге, шешімі бір-екі жылдың ауқымына сыймайтын қала шаруашылығының қалтарыстары қаншама. Ол соның бәрінің ара жігін ашып көрсетті. Сондықтан да шығар, есепке қатысушылар нақты дәлелдерге құрылған әкім есебін түсініс­тік­пен қабылдағаны аңғарылды. Мысалы, қала әкімдігіне қарасты Зашаған кентінде емхана мен мәдениет үйінің қажеттілігі айқын сезілуде. Соған қарамастан, тұр­ғын­дар мәдениет үйі, емхана тұр­ғызылсын деген орынсыз талап қоймады. Тек қала тұрғыны Бек­за­да Дәрішева осы аумақта ор­на­ласқан “Вега” кафесін мәдениет үйіне лайықтап қайта жарақтан­ды­ру мүмкіндігі жөнінде мәселе көтерді. Орал қаласының әкімі С.Оразовтың есебіне тән ерек­ше­лік қандай мәселеге болса да ашық та айқын көзқарас тұрғы­сы­нан келе білгендігі. Ананы істедік, мынаны істедік деп көпір­ме қызыл сөздің жетегінде кет­пе­гені. Бұған керісінше, ол олқы іс­тер­ге көбірек тоқталды. Орал қа­ла­сында 346 көше бар, оның 149-ына асфальт төселген, 109-ына жарық берілген. Бұл тиісінше қам­тылу деңгейі 43 және 32 пай­ыз құрайтынын көрсетеді. Бүгінгі күн бізге оны кезең-кезеңімен іске асыруды жүктейді, деді ол. Қаладағы балабақша мәселе­ле­ріне қатысты да С.Оразов жү­ректерге жеткізе айтты. Содан ұққанымыз – соңғы жылдары қа­лада отызға тарта балабақша мен шағын орталықтар ашылғанына қарамастан кезекте тұрған бала­лар саны екі есеге дейін өсіп ке­тіп­ті. Мұның басты себебі – ха­лықтың табиғи өсімі, яғни сәби­лердің дүниеге келу көрсеткішінің жоғарылағаны, деп түйін жасады Самиғолла Хамзаұлы. Егер осы бір жағымды әлеу­мет­тік жәйтке ой жүгіртер болсақ, бұл расында да сүйінші сұрауға, бөрікті аспанға атуға лайықты кө­рініс. Екіншіден, Орал қала­сы­ның перзентханаларында сәби­лер­дің іңгәлаған үндері жиі естіліп жататын болса, бұл мұнда дүниеге бала әкелуге, оны өсіруге қа­жетті алғышарттардың қалып­та­сып қалғанынан да белгі бер­мек. Әлбетте, көбеймесек көсеге­міз көгермейтіні кәміл емес пе? Енді осы талдаудың алдыңғы же­лісін жалғастырсақ, Орал қала­сы­на ауыл халқының көптеп көшіп келіп орналасуы да тізім кезегінің өсуіне әкелген. Тағы бір себеп – 2007 жылға дейін сани­тар­лық норма бойынша әр бала 2,2 шаршы метрді иемденіп кел­се, қазіргі кезде ол 5,5 шаршы метрге ұлғайған. Өмір бір орында тұрмайтынының, жаңа заман жаңа өскелең талаптарды дүниеге әкелетінінің бұл да бір дәлелі болса керек. Осыған қарамастан біз биыл балабақшамен қамтуды 82 пайызға жеткізіп, келесі жылдың аяғына дейін бұл мәселені толықтай шешеміз, деп ой қорытты қала басшысы. С.Оразовтың берген есебі туралы қала тұрғыны Амангелді Дүйсенғалиев газет тілшісіне өз ойын былайша сабақтады. – Соңғы уақытта Орал қала­с­ының даму сипатында әлеу­мет­тік және индустриялық дамудың бірлігі байқалады. Яғни, шаһар тұрғындары жаңа жұмыс орын­да­ры­на көптеп тартылу арқылы от­басы бюджетін толықтыруға жаңа мүмкіндіктер алып келеді. Бұл – өте сүйінішті жәйт. Әсіресе, тұр­ғын­дарды әлеуметтік тұрғыдан қам­туда қала әкімі тарапынан тың жобалар белгіленгені қандай жақсы. Өткен жылы қала бюджеті төрт рет қаралғаны, онда қала тұр­ғындарының әлеуметтік-тұр­мыстық мұқтаждарын өтеуге қо­сым­ша қаражат бөлінгені бүгінгі қаржы дағдарысы жағдайында мүмкін еместей іс. Алайда ол мүмкін болды. Осындай жақсы­лықтарды көре білуіміз керек. Бұдан әрі Самиғолла Хам­за­ұлы кездесуге қатысушылардың сан алуан сұрақтарына жауап қайтар­ды. Есеп беру кезінде ойлы пікір­лер мен құнды ұсыныстар айтқан тұрғындарға ризашы­лы­ғын жеткіз­ді. Биылғы жылы Орал қаласы қаржы дағдарысын кеш­пей­тініне сенімім мол. Бүгінгі күнге дейін республиканың батыс қақпасын одан әрі дамытуға арналған қара­жат “Жол картасы” бағдарламасы мен республикалық бюджеттің еншісіне кіреді. Ендігі жерде биылғы жылға арналған облыстық және қалалық бюд­жет­тер қарал­мақ. Сол кезде қаржы­лан­дырудың жаңа көкжиектері мен түндіктері түрілмек, деп түйін жасады ол. Сөз соңында Орал қаласы Әлем қалалары ассамблеясының мүшесі екендігін айта кеткіміз келеді. Оның президенті – Мәскеу қаласының мэрі Юрий Лужков. Аталған ассамблея биыл ТМД елдерінің ең үздік қаласы номинациясы бойынша конкурс өткізуді жоспарлап отыр екен. Орал қаласы осы мәртебелі кон­курс­қа қатысуға ниет білдірген. Несі бар, жығылсаң нардан жы­ғыл демей ме халқымыз. Бұл арада жығыла қоятындай да еш­теңе жоқ. Алдына осындай биік мақсат қойғаннан Орал қала­сы­ның әкімі еш ұтылмасы кәміл. Қала шаруашылығына қатыс­ты барлық мәселелерді бақай­ша­ғына дейін талқылайтын Әлем қа­лалары ассамблеясының кон­курс­қа қояр басты талабы – абаттан­ды­ру деңгейінің биіктігі, таза­лықтың сақталуы. Олай болса, Орал қаласы осы биік деңгейден табыла білетініне сенім артқымыз келеді. Өйткені, республиканың көне де жаңа қаласы жылдан-жылға өсіп-өркендеп әрі көркіне көрік қосып келеді. Бұл, бірін­ші­ден, соңғы екі жылда қала әкімі Самиғолла Хамзаұлы қалыптас­ты­ра алған үлгі мен дағдының нәтижесі. Есебі кезінде қала тұр­ғындары оның жыл ішінде ат­қарған қызметіне жақсы баға бер­гені де осы пікіріміздің бір дәлелі іспеттес. Орал. ЖЫЛДАР ЖЕМІСІ МОЛАЯ БЕРМЕК Тәуелсіздігін жариялаған жас мемлекетіміздің әрбір жылы тарихи деңгейдегі сындарлы оқи­ғаларға толы болды. Бір жылдың салмағын бір жылдан төмендете алмаймыз. Халқымыздың ынты­мағы мен бір­лі­гі­нің, жанқияр еңбегі мен жасампаз рухының, Ел­басы Н.Ә.На­зар­баевтың көре­ген саясатының бір қорытын­ды­сы ретінде төрімізге озған 2010 жылды ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету­мен бастап отырмыз. Бақберген АМАЛБЕК. Бұланды ауданының әкімі Ермек Нұғыманов бүгін Аман­гел­ді және Новобратское ауылдық округтерінің тұрғындарымен кез­десу өткізбек. Шалғай елді мекен­дерге шыңылтыр аяз бен шаңыт­қан боранның құрсауында қал­қып барамыз. Мұндайда қалың ойлар құрсай бастайтыны бар. Бірақ, аудан басшысының жүзін­де айта қаларлықтай толқыныс байқалмайды. Бағытымыздағы ел-жер тарихынан, қолға алынған кәсіп-нәсіптен таратып біраз әңгіме айтты. Осының өзінен-ақ ауыл тұрғындарының жарасты тіршілігіне қаныққандай едік. Алдымен Амангелдідегі жаңа мешіттің ашылу рәсіміне қатыс­тық. Үйді жамағат сатып алса, имандылық ордасының керек-жа­рағы мен отын-суы, имамды пә­термен қамтамасыз ету, шырақ­шының жалақысы “Партизанское -1” ЖШС-нің мойнында екен. Жылдың басты жиналысы екі ауылда да зәулім мәдениет үй­ле­рін­де өткізілді. Қоңырсалқынға қарамастан, 250 адам қатысқан мәжілісханада бос орынның бол­мауы жүректі жылытады. Әкімнің баяндамасы ықыласпен тың­дал­ды. – Индустриялық-инновация­лық даму бағдарламасының орын­далуы бірінші кезекте сапа мен сұранысқа байланысты, – деді Ермек Бекенұлы. – Ауда­ны­мыздағы “Бұланды тас карьері” ЖШС мен “Ақмола құрылыс материалдары” АҚ еліміздегі тұң­ғыш “Астана-Бурабай” автоба­нын салуға сүбелі үлес қосты. Бұл жұмыстар 2009 жылы аяқталғаны белгілі. Қиыршық тастар мен асфальт-бетон қоспасына сұра­ныс­тың азаюына қарамастан, бұл кәсіпорындар жұмыс орындарын қысқартып, өндірісті тоқтатқан жоқ. Мұнда 2667 миллион теңге­нің тауарлы өнімі шығарылып, жалпы өнеркәсіп өнімінің 77 пайызын құрады. “Макин құю-механикалық зауы­ты” жылды 122,6 миллион теңге өнім шығарумен қорытын­ды­лағанымен, тұтыну рыногын кеңейту өзекті мәселе саналуда. Қазір облыс әкімі А.Раудың ара­ла­суымен “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық компаниясын тау-кен қон­дырғыларымен жабдықтау жө­нін­дегі әріптестік мәміле жасалуда. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1 485,2 мил­лион теңгеге жетіпті. Тұрғын үй бағ­дарламасымен 64 пәтер пай­да­лануға берілсе, әлеуметтік сипат­тағы көптеген жаңа нысандар бой көтерген. Аудан орталығында есігін ашқан 17 пәтерлік үйге төрт жас мұғалім, алты дәрігер, екі бюджеттік сала қызметкері қо­ныстанды. “Дипломмен – ауыл­ға!” бастамасы бойынша Тоқ­та­мыс ауылында дәрігер-терапевт Болат Оразовқа, Капитонов ауылында тарих пәнінің мұғалімі Темір Оспановқа осындағы ша­руа­шылық құрылымдары тұрғын үй сатып әперген. Сондай-ақ, білім беру саласының 24 жас ма­ма­нына 2 177280 теңге, 6 дәрі­гер­ге 544 320 теңге ақшалай көмек көрсетілді. Макин қаласындағы 320 орындық балалар бақша­сы­ның қатарға қосылуы, биыл бой көтеретін 34 нысанды қаржы­лан­ды­ру көздерінің айқындалуы ел тіршілігін жандандыра түспек. Мемлекет басшысының: “Нұр Отан” ХДП ХІІ съезіндегі “Әлем­де­гі азық-түлік тауарларына сұра­ныс пен бағаның өсуін ескере оты­рып, аграрлық секторды жаңа тех­нологиялармен жарақтандыру және ауқымды көлемде жаңғырту керек... Бұл жыл мемлекеттің ин­дус­триялық дамуындағы жаңа бесжылдықтың басы болуға тиіс”, деген сөздері әкім есебінің өзегіне айналды. Сала еңбеккерлері 12 миллиард 730 миллион теңгенің өнімін шығарыпты. Мемлекет мал шаруашылы­ғын дамытуға айрықша қолдау көр­сетуде. Биыл 19 093 ірі қара, 3 281 жылқы, 11 290 қой мен ешкі, 13 469 шошқа қыстатылуда. Құстың саны 76 520-ны құрайды. Былтыр ауданда 6 498 тонна ет, 31,5 тонна сүт, 5,3 миллион дана жұ­мыртқа мен 20,7 тонна жүн дай­ындалды. Қайта өңдеу сала­сын­дағы 20 цех 123 адамды тұ­рақ­ты жұмыс орнымен қамтама­сыз етіп отыр. Астана қаласының азық-түлік белдеуін қамтамасыз етуге белсене қатысатын бұлан­ды­лықтар елорда базарларына 463 тонна сүт, 516 тонна ет өнімдерін шығарып, 220 миллион теңге табыс тапты. Осы ретте шағын бизнес саласындағы серпіліс атап өтілді. Аудан әкімі Е.Нұғыманов әлеуметтік саланы дамыту атқару­шы билік органдарының негізгі міндеті екендігіне тоқталды. Есеп­ті кезеңде 637 адам жұмысқа орналастырылса, оның 80 пайызы жастар екен. Ақылы жұмыс орын­дарына жоспардан артық, яғни 103 адам жіберіліп, жалпы 6,9 миллион теңге жаратылған. Елбасының “Дағдарыс арқылы жаңару мен да­муға” атты Жол­дауын жүзеге асыру барысында 13 инвестициялық жоба шеңберінде қосымша 217 жұмыс орны ашыл­ды. “Жол картасы” бағдарламасы тіршілік тынысын кеңіткен жоба болды. Оны жүзеге асыру бары­сында 129 адам кәсіптік қайта даяр­лықтан өтсе, 177 кісі әлеу­мет­тік жұмыс орын­дарына жібе­ріл­ді. Арнайы талдау жасалып, қазіргі мектеп­тердің бағытын өзгерту арқылы 14 кәсіптік мек­теп ашу қадамдары да қолдауға лайықты. “Жол картасы” аясында аудандық емханаға, ауыл­дық үш мектепке, ел тіршілігін қам­тама­сыз ететін инфрақұры­лым­дарға, мәдениет және спорт ошақ­тарына күрделі жөндеу жүргізіліп, арнайы жабдықтар сатып алынып­ты. Қарттар мен мүгедектерді, көп балалы отбасыларын қолдаудың кең шеңберлі шаралары жүзеге асырылған. Екі кездесуде 12 адам сөйледі. Ауыл тұрғындарының ұсақ-түйек­ті күйттемей, жақсы өмір, жар­қын болашақтың қамын ойлай­тын­дығы байқалады. Амангелді­лік Неғметолла Алпысовты, Қа­нат Шәйкеновті, Март Нағашы­бай­ды, Людмила Ковальчукті жаңа мектеп құрылысы, денсау­лық сақтаудағы ұлттық бірыңғай жүйе, мемлекеттік тілдің оқыты­луы толғандырса, Новобратскідегі Елена Симоненконы, Раиса Рай­тенбахты, Алексей Ротошнюк­ті Жеңістің 65 жылдығы мен жер­лестері Кеңес Одағының Батыры Никита Карацупаның биыл атап өтілетін 100 жылдығына байла­ныс­ты шаралар, “Макин-Атба­сар” автожолын жөндеу, мектеп оқушыларын тасымалдау, спут­ник­­ті теледидар хабарларын қа­былдау мәселелері толғандырады екен. Аудан әкімі мен оның командасы сұрақтарға тиісті жауап қайтарып, аталған мәселелер арнайы бақылауға алынатындығына сендірді. Ақмола облысы, Бұланды ауданы. ҮДЕДЕН ШЫҒУ ҮШІН УАҚЫТ КЕРЕК Әр түрлі деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында есеп беруі игі дәстүрге айналып үлгерді. Сондай есептік кездесудің бірі Астана қаласындағы №54 мектеп-лицей ғимаратында өтті. Акт залына лық толған тұрғындар алдында есеп берген елордадағы Алматы ауданының әкімі Сапар Ахметов өткен жылдың қорытындыларына және үстіміздегі жылғы міндеттерге кеңінен тоқталып өтті. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ. қазақ орта мектебінің акт залына жиналғандар алдында сөз сөйлеген әкім өткен жылы Алма­ты ауданында 5 есептік кездесуге жалпы саны 1400 тұрғынның қатысқандығын атап өтті. Соның нәтижесінде 98 сұрақ пен ұсыныс келіп түскен. Оларға мән беріліп, бірқатар шаруалар орындалыпты. Атап айтқанда, орташа жөндеу шеңберінде 22,6 шақырым жолға асфальт төселсе, соның 7 ша­қы­ры­мы “Жол картасы” бойынша жүзеге асқан. Мысалы, Промы­ш­лен­ный және Железнодорож­ный тұрғын алаптарының 10 кө­ше­сі жөнделіп, тағы 8 көше мен 3 жол айрығы пайдалануға бе­ріл­ген. Жаңа 2 бағытқа қоғамдық кө­лік қатынап, 5-уінің жүру сыз­басы ұзартылып, жалпы автобус бағыттарының саны 58 бірлікке жеткен. Осы ретте Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасына сәйкес балабақшалар ғимаратын қайтару бағдарламасы бойынша 6 нысан қайтарылып, жөндеуден өткен соң олар тек қазақ тілінде тәлім беретін бақшаға айналары көңіл қуантады. Орын тапшылығы 1300-ге азайған. Ауданда негізгі капиталға тар­тыл­ған инвестиция көлемі 131 мил­лиард теңгені құраса, құры­лыс пен күрделі жөндеу жұмыс­та­рына 104 миллиард 221 мил­лион теңге жұмсалған. Осындағы кәсіпорын­дар 44 443,6 миллион теңгеге өнім (тауарлар мен қыз­меттер) өндіргені мәлім болды. Тұтынушылық және өндірістік тауарлары 534 995,4 миллион теңгеге сатылған. Локомотив құ­рас­тыру зауытында “Evolutіon” үлгісінде алғашқы тепловоз шы­ғарылса, мұндағы жұмыс орнын 700 адамға жеткізу көзделіп отыр екен. Бұдан басқа, ауданда поликристалды кремний шығару зауыты мен индустриялық паркте фармацевтикалық фабрика салу көзделсе, жиһаз фабрикасы мен темір-бетон құрылғыларын шы­ғару зауытын ашу қолға алынады деп күтілуде. Астанада 1 миллион 260 мың шаршы метр тұрғын үй пайда­ла­ну­ға берілсе, соның ішінде Алма­ты ауданына 647 079 шаршы метрі тиесілі, бұл берілген тұрғын үйлердің 51 пайызын құрайды екен. Үлескерлердің мәселесін шешу мақсатында 2008 жылы “Байқоңыр”, “Независимость”, “Эгалите”, “Әл-Фараби” және “Ал­тын Ғасыр” ТК-де құры­лыс­тар қайта басталуына қаржы бө­лін­гені белгілі. Қазір екі тұрғын үй кешені аяқталып, қалғанының құрылыс­тары жыл соңына дейін аяқталмақ. Ауданда 30-дан астам әлеуметтік нысандар іске қосы­лып, аудан қала бюджетіне 31 миллиард теңгеден астам қаржы түсірген. “Жол картасы” бағдарламасы бойынша 7 балабақшаға 135 мил­лион теңге жөндеу жұмыстарына жұмсалса, С.Сейфуллин көшесін­де­гі балалар үйіне, №2 кәсіптік лицейге және 9 мектепке күрделі жөндеу жүргізілген. Сонымен қатар, Тәуелсіздік даңғылындағы Перинаталдық орталығының опе­ра­циялық блоктарында қазіргі за­манғы жарықтандыру орнатылып, қайта жарақтандырылып отыр. Осы орайда аудан әкімі тұрғын­дар тарапынан төтенше жағдай­мен шақыртудың және ауыр қылмыс жасау оқиғаларының азай­ғанды­ғын ортаға салды. Ең бастысы – өткен жылы 34 бала­лар алаңы пайдалануға беріліп, жиырмаға тарта көше аттары өз­гертілуіне байланысты тақташа­лар ілу және өзге де жұмыстар атқарылыпты. Тұрғындар тарапынан сұрақтар да аз болған жоқ. Соның ішінде тұрғын үй аулаларының жеке көліктердің иін тірескен тұрағына айналып, балалардың ойнау ала­ңы­ның тарылып бара жатқан­дығы мәселе ретінде көтерілді. Көп­теген тұрғын үйлердің жер­тө­лелерінде кәріз жүйесінің ескіруі­нен қоңырсыған иістердің шыға бастағаны, әсіресе, қаланың ор­та­лығындағы үш қабатты (“Хру­щов­ка” аталып кеткен) тұрғын үйлердің апатты жағдайы мен аулада әжетхана қазатын шұқыр орнының жоқтығы өткір қойыл­ды. Әкім бұл тұрғын үйлерді жөн­деудің орны жоқ екенін, сон­дықтан тек бұзылуға жататынын қадап айтты. Дағдарыс алдында бұл жерлер инвесторларға тиесілі болғанымен, артынша бұзу жұмыстары белгілі себептермен тоқтап қалған. Бір қария өзі тұрып жатқан үйдің 1974 жылы берілгендігін, алайда кәріз жүйесі шіріп, дәрет жертөлеге төгіліп жатқандығын ашына отырып жеткізді. Ал оны қалпына келтіру үшін 4 миллион теңге қажет екен. – Өңшең зейнеткерлер тұра­мыз, ондай ақшаны қайдан та­ба­мыз, – деп шағынған зейнеткер егер мәселені шешпесе тұрғын үй­дің құлауы мүмкін екендігін көлде­нең тартты. Осы сұраққа жауап ре­тінде әкім жеке мен­шік­тегі тұрғын үй заңмен реттелерін айта келіп, оған бюджет ақшасын шығындауға болмайтындығын жеткізді. Әйтсе де мұндай мәсе­лелер КСК негізінде шешімін табуға тиіс. Жер телімін сұраушылар да табылды. Оған С.Ахметов қазір бар­лық коммуникациясы тартыл­ған жерлердің жоқтығын айтып, өті­ніш берушілердің қатары 74 мың адамға жеткендігін тілге тиек етті. Тағы бір мәлім болғаны, қа­зір қоқыс өңдейтін зауыт құры­лы­сы салынып жатыр екен. Жа­қында аталған зауыт іске қосылары белгілі болды. Жиынға арнайы қатысып отырған сенатор Қайрат Омаров тұрғындардың жылу өлшеу есептегішін тұрғын үйлерге кім орнатуы керек деген сауалдарына оны монополистің өзі жүзеге асыруы керек дегенді айтты. Депутат осылайша жылу есепте­гіш­терін орнату арқылы артық төлемдерден құтылуға боларын алға тартты. Ал қызмет көрсету тарифтерінің өсуі көмір және өзге де отындардың қымбаттауымен байланысты екендігі тұрғындарға жан-жақты түсіндірілді. Осылайша №54 мектеп ғима­ра­ты­ның акт залында өткен есеп­тік кездесу 2 сағатқа созылды. Әкім залдан қойылған барлық ауыз­ша сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Ал жазбаша түскен сауалдарға жауаптар аппаратта қаралмақ. Ең бастысы – аудан әкімі көтерілген мәселелердің орын­далуы қатаң қадағаланарына сендірді.