Қазақстан • 17 Шілде, 2017

Екіжақты байланыстардың келешегі зор

139 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева мен Чехия Республикасы Парламенті депутаттары палатасының вице-спикері Войтех Филиппен кездесіп, екі ел парламенттерінің ынтымақтастығын дамытудың басым бағыттарын талқылады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Екіжақты байланыстардың келешегі зор

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Чехияның достығы мен әріптестігін, өзара тығыз байланысын атап өтті.

Өз кезегінде Мәжіліс вице-спикері екі мемлекет басшыларының арқасында орнатылған жоғары деңгейлі үнқатысуды одан әрі жалғастыру Қазақстан және Чехия парламентшілерінің міндеті екенін жеткізді. Осы орайда Г.Исимбаева мен В.Филип парламентаралық байланыстарды нығайту қажеттігіне тоқталды.

Чехия Парламенті депутаттары палатасының вице-спикері өңіраралық байланыстарды дамытудың маңыздылығына назар аударды. Чехия өкілінің сөзіне қарағанда, ынтымақтастықты нығайтуда өңіраралық байланыстарды жандандыруға барынша көңіл бөлу қажет. Бұл тұрғыда Г.Исимбаева тікелей экономикалық ынтымақтастықтың тиімділігін айта келіп, бүгінде Қазақстанның бес аймағы Чехияның өңірлерімен қарым-қатынас орнатып отырғанын сөз етті. 

Сұхбаттасушылардың пікірінше, екі елдің денсаулық сақтау, ғылым мен білім салалары бойынша да ынтымақтастығының келешегі зор.