Қазақстан • 17 Шілде, 2017

Дін істері және азаматтық қоғам министрі түсініктеме берді

303 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Дін істері және азаматтық қоғам министрі аса ауыр қылмыс жасағаны үшін азаматтықтан айыру мүмкіндігін қарастыратын заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы түсініктеме берді.

Дін істері және азаматтық қоғам министрі түсініктеме берді

Дін мәселелері бойынша өткен семинар барысында Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Президент Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға уақтылы қол қойғанын хабарлады. Оған сәйкес, террорлық және басқа да аса ауыр қылмыс жасаған қазақстандықтар азаматтығынан айырылады.

Бүгінгі таңда шетелде лаңкестер лагерінде Қазақстанның 500 азаматы бар. 

Қазіргі таңда Сирия-Ирак аймағында террористік топтар үшін жағдайдың қиындап жатқанын білеміз. Қылмыскерлер шегіну жолдарын, соның ішінде өздерінің бұрынғы тұрған жерлеріне қайту мүкіндіктерін іздестіруде. Алайда, бұл олардың қылмыстық пиғылдарынан бас тартқанын білдірмейді.
Сондықтан, қазақстандықтардың ішінен шыққан осындай адамдар қылмыстық тәжірибе жинақтап, елімізге арам ниет-оймен оралуы мүмкін. Осыған орай, жаңа толықтыруларда азаматтықтан айыру мүмкіндігі қарастырылуда.

«Мәселе терроризм актілерін, террористік топтарды құру және басқару мен оның қызметіне қатысу, сондай-ақ республикамыздың ұлттық және өмірлік маңызы бар мүдделеріне аса ауыр зиян келтіру туралы болып отыр. Сот істің мән-жайын, жасаған әрекетінің ауырлығын, келтірген зардаптарын толық зерделеу негізінде ерекше жағдайларда ғана азаматтығынан айырады», – деп нақтылады министр. 

Туған жерін тастап, шетелге террорлық құрылымдарға қатысуға кеткен адамдар Отанына опасыздық жасағандарға теңеледі.