Бизнес • 17 Шілде, 2017

Польшалық инвесторлар елімізге қызығушылық танытуда

130 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанға инвестиция тарту мақсатында «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы мен Польша делегациясы арасында кездесу өтті. Алыстан ат терлетіп келген қонақтар елімізде инвесторларға жасалған жағдаймен танысып, оны жоғары бағалады. Сондай-ақ, қонақтар «Selena Group» компаниясының жұмысымен танысты.

Польшалық инвесторлар елімізге қызығушылық танытуда

Польшаның Экономикалық даму вице-министрі Ядевика Эмилович Қазақстанның даму қарқынын жоғары бағалап, әріптестіктің екі елге де тиімді екеніне тоқталды. 

«Қазақстан нарығы ‒ біз үшін өте үлкен әрі қызықты. Польяктардың қазақ жеріне бұрыннан келгенін тарихтан білеміз. Алайда, қазіргі таңда Қазақ­стан ‒ тарихи ғана емес, болашақтың мекені. Сон­дықтан, біз өзіміздің кәсіпкерлерді Қазақстанға инвес­тиция құюға шақырамыз», деді Ядевика Эмилович.

Польшадан келген делегацияға инвесторларға жасалған жеңілдіктер туралы таныстырылды. 

«Astana Invest» ұлттық компаниясының инвестор­ларға қызмет көрсету орталығының директоры Абай Қожамжаровтың айтуынша, жеңілдік алуға мүдделі инвестордың ұсынысы қанағаттандырыл­са, ол Астанадағы арнайы экономикалық аймаққа мүшелікке қабылданады. Сондай-ақ, инвесторлардың өнімін сыртқа экспорттау мәселесі де қаралған. 

Делегацияның мәліметіне сүйенсек, Польша тарапы химиялық өнім шығару, жиһаз жасау секілді өздерінің оң жамбасына келетін салаларға ден қоюды жоспарлап отыр. Ядевика Эмиловичтің айтуынша, польшалық өнімдердің сапасы жоғары, бағасы да екі тарапқа қолайлы екен.

«Selena Group» өндірісімен танысқандар инвесторға жасалған жағдайды жоғары бағалады. Жалпы, бұл компанияға инвестиция құю жұмысы 2013 жылы басталған-ды. Жоба құрылысы 2014 жылы қолға алынып, оған 6 миллион АҚШ доллары салын­ған еді. Былтырдан бері зауыт химиялық құрылыс қоспаларын шығарып келеді. Жобаның өндіріс қуаты орасан. Мәселен, зауыт жылына 120 мың тонна құрғақ құрылыс қоспасын және 10 мың тонна дисперсиялық қосынды өндіруге қабілетті. Жоба іске қосылғалы бері жаңа 70 жұмыс орны ашылды. «Selena Group»-тың қуаты Қазақстандағы құрылыс нарығының 20 пайызын қоспамен қамтамасыз етуге жеткілікті. Сонымен қатар, еліміздің 8 қаласына жеткізу жүйесі ашылған. 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»