Қазақстан • 17 Шілде, 2017

«Жол жүрісі туралы» Заңға бірқатар өзгерістер енді

326 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2017 жылдың 3 шілдесінде Мемлекет басшысы жол жүрісі саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

«Жол жүрісі туралы» Заңға бірқатар өзгерістер енді

Қазақстан ІІМ Әкімшілік полиция комитеті жол қозғалысын қамтамасыз ету саласын үйлестіру бөлімі­нің басшысы  Нұрсейіт Әбішевтің айтуынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы  кодекске көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін мүгедектерді көлiк құралдарын басқару құқығынан 3 жылға айыру түріндегі әкімшілік жауапкершілік енгізілген. «Сонымен қатар, жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамағаны үшін айыппұл мөлшері 5-тен 3 айлық есептік көрсеткішке қысқартылды. Сондай-ақ, масаң күйін куәландырудан өтуден бас тартқан үшін жүргізуші куәлігінен айыру мерзімі 2 жылдан 3 жылға дейін көбейтілді, ішкі істер органдарының, әскери полицияның қызметкері тоқтатқан жағдайда оның рұқсатын­сыз жолаушы көлік құралын тастап кеткен үшін жауапкер­шілікке тартылу алынып тасталынды», – деді Н.Әбішев. 
Бұдан бөлек, Нұрсейіт Әбішев «Жол жүрісі туралы» Заңда түнгі уақытта, яғни сағат 23-тен таңғы 06 сағатқа дейін қалааралық, ауданаралық қатынастарда автобустармен жолаушыларды ұдайы тасымалдауға тыйым салу алынып тасталынғанын жеткізді. «Әкімшілік кедергілерді төмендету мақсатында жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткен жағдайда жүргізуші куәлігін айырбастау кезінде жол жүрісі қағидалары туралы қайта емтихан тапсыру жөніндегі міндеттілік  алынып тасталынды. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер өткелінен велосипедті айдап жүруге тыйым салынды». Ол аталған Заңның ережелері 2017 жылдың 15 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілді.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»