Бокс • 17 Шілде, 2017

«Астана арландары»: жігерлі команда жеңіске жетеді!

122 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенбі күні елордадағы «Қазақстан» спорт кешенінде Дүние­жү­зі­лік бокс сериясының (WSB) жетінші маусымдағы финалы өт­ті.

«Астана арландары»: жігерлі команда жеңіске жетеді!

Биылғы финалға осы жобаның екі дүркін чемпиондары – қа­зақстандық «Астана арландары» (2013, 2015) мен кубалық «Куба қабыландары» (2014, 2016) шыққан болатын. Финалдық ай­қаста екі команда жанкүйерлерге нағыз бокс кешін сыйлады. Кубалық тәжірибелі былғары қолғап шеберлеріне лайықты қар­сылық көрсетіп, табандылық танытқан «арландарымыз» жобаның үш дүркін чемпионы атанды.

Кештің шымылдығын 49 кило салмақтағы Теміртас Жүсіпов пен Йоханус Ар­гилагос ашып берді. Кездесу бас­тала сала қазақстандық бокс­шы қарсыласын бет қаратқан жоқ. Жүсіпов қарсыласынан жас жағынан да, тәжірибе жа­ғы­нан да басым екенін анық бай­қ­атты. Ал екінші жекпе-жекке шыққан Ілияс Сүлейменов қа­зақ жанкүйерлеріне есімі аса та­нымал емес  кубалық бокс­шы Хавьер Ибаньестен басым түс­ті. Бірінші раундты бір-бі­рі­мен аң­дысып өткізген бокс­шылар, екін­ші раундтан бас­тап ши­рақ қимылдай бастады. Үшін­ші раундта кубалық бок­сшы ба­сымдылыққа ие бол­ғандай кө­рінген. Алайда, Ілияс қар­сы­ласына мұрша берген жоқ. Есеп 3:0. 

Үшінші кездесу «арландар» үшін сәтсіз басталды. 91 ки­ло­дағы Антон Пинчук куба­лық Эрисланди Савонға есе жі­бер­се, Антонның ізін ала 64 кило сал­мақтағы осы жобаның дебю­танты Ділмұрат Мижитовті өте тәжірибелі қарсыласы Энди Круз сәл ғана басымдықпен (1:2) ұтып кетті. Ал алғашқы бес­тіктің соңғы кездесуінде 75 ки­лодағы тағы бір талантты бокс­шымыз Аманқұл Әбілхан Рио Оли­мпиадасының чемпионы Арлен Лопеспен тең дәрежеде жұ­дырықтасқан еді. Бірақ төрешілер жеңісті бірауыздан (0:3) кубалық боксшыға берді. Сөйтіп, алғашқы бес кездесудің қорытындысы бойынша есеп – 2:3, «қабыландар» алға шықты. 

Екінші бестік кездесуі де «ар­ландар» үшін жеңіліспен басталды. Арман Рысбек (81 кг) Рио Олимпиадасының чем­пионы Хулио Сезар ла Круз­бен жұдырықтасып, 0:3 есе­бі­мен жеңіліске ұшырады. Ар­манның же­ңілісі сәтсіздік емес. Кез­де­суге дейін-ақ бокс маман­да­ры да, жанкүйерлер де Ла Круз­ды фаворит ретінде санаған еді. Арманнан кейін шаршы алаң­ға команда капитаны Олжас Сәт­ті­баев пен Йосбани Вейтиа шықты. Жекпе-жектің бірінші рау­нды кубалық боксшының ба­сым­ды­ғымен өтті. Кез­десудің қал­­ған бөлігінде Олжас қар­сы­ласы Вейтианы білгенінен ж­а­ңыл­­дыруға тырысқан. Әйтсе де, ку­­балық боксшы Сәттібаевтың ой­лағанын жүзеге асыруға мүм­кін­­дік қалдырған жоқ. Жалпы есеп – 2:5.

Финалдық кездесудің ең тартысты жекпе-жегі +91 килодан жо­ғары салмақта өтті. Осы кездесуде Олжас Боқаев жеңіске жетсе, «арландарға» үміт оты қайта жанар еді. Ал Йоанди Тойрак жеңіске жетсе, кубалықтар мерзімінен бұрын жобаның чемпионы атанады. Жекпе-жек бастала сала «Қазақстан» спорт кешеніне жиналған жанкүйерлер қиқуға салып, Олжастың намысын жани түсті. Боқаевтің өзі де осы кездесуде жеңіске жетпесе, әріптестерінің жеңісі ауа құша­ты­нын сезіп, әр раунд сайын ши­рақ қимылдап, өзінен 15 кило ауыр қарсыласын жеңуге барын салды.  Сөйтіп, Олжас Боқаев тәжірибелі кубалық боксшы Йоанди Тойракты тас-талқан етіп ұтып, командасының жеңіске деген үміт отын қайта жақты. Олжастан кейін шаршы алаңға шыққан Зәкір Сафиуллин (60 кг) мен Асланбек Шымбергенов (69 кг) Олимпиада чемпионы (Лазаро Альварес) мен жүлдегеріне (Иглесиас  Сотолонго) еш мүмкіндік берген жоқ. Финалдың негізгі он жекпе-жегінен кейін нәтиже теңесіп, 5:5 есебімен аяқталды. 

Негізгі есеп тең аяқталып, та­разы басы тең түскен соң же­ңім­­­паз клубты анық­тау үшін 52 кило салмақта қо­сым­­ша кездесу өтті. «Арландар» сапынан сынға түскен 2014 жылғы әскерилер арасындағы әлем чемпионы Олжас Байниязов кубалық қарсыласы Франк Залдиварды қапы қалдырып, командасына өте қиын өткен кездесуде жеңіс сыйлады. Осылайша, «Астана арландары» Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) жетінші маусымдағы жеңімпазы болып ғана қоймай, жобаның үш дүркін чемпионы атанды.

Биылғы финалда чемпион атану үшін «Куба қабыландары» өз елінің бірінші нөмірлі боксшы саналған Иглесиас Сотолонго (69 кг), Арлен Лопес (75 кг) пен Хулио Сесар ла Крус (81 кг) секілді Олимпиада чемпиондарын алып келгенін айта кеткен жөн. Оларға қарсы шыққан еліміздің екінші нөмірлі  боксшылары кубалықтардың атақ-даңқтарынан еш қаймыққан жоқ. Бұрын қазақ боксшылары кубалық былғары қолғап ше­бер­лерімен сескеніп, жасқа­нып жұ­дырықтасатын. Ал қазір бәрі ке­рісінше. Кубалықтар қазақ бок­сшыларымен санасып, имене жұдырықтасатын болды. Бұл дегеніміз Куба боксының әл­сіреп кеткені емес, қазақ бок­с­шыларының Бостандық ара­лының боксшыларынан деңгейі жағынан асып түскенін аңғартады. 

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»