Қазақстан • 18 Шілде, 2017

Бірлескен жобадан – бірегей зауытқа

244 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Қарағандыдағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында отқа төзімді материалдар шығаратын «Seven Refractories Asia» зауытының ашылу салтанаты өтті.

Бірлескен жобадан – бірегей зауытқа

Қазақстандағы бизнестің дамуына жасалып жатқан қолайлы жағ­дай шетел инвесторларын елі­мізде жоғары теxнологиялық заман­ауи кәсіпорындардың құрылы­сына қаржы құюға деген қызығу­шы­лығын оятуда. Соның бір дәлелі – «Seven Refractories Asia» зауы­тының іске қосылуы. Инвести­ция­ның жалпы сомасы 1,9 млрд теңгені құрап отыр. Айтулы жобаның ашылу салтанатына аймақ басшысы Ер­лан Қошанов арнайы қатысты.

–  Бұл зауыттың ашылуы – Елбасы тапсырмалары орын­далуының тағы бір көрінісі. Мате­риалдың бұл түрін өндіретін зауыт­тың Қазақстанда баламасы жоқ.  Сондықтан, елі­міз­дегі жүйе құраушы «Қазақ­мыс», «Арселор­Миттал Темір­тау», «Казцинк» сынды ірі кәсіп­орын­дардың отқа төзімді материалдарға деген сұ­ранысы өте жоғары. Бұған дейін атал­ған кәсіпорындар бұл материал­дарды шетелден сатып алып кел­се, енді, Қарағандыда орналас­қан зауыттан алатын болады. Өз кезегімде, бұл зауыттың бой көтеруіне бірден-бір себеп болған «Seven Refractories Asia» зауыты­ның президенті Эрик Зобецке алғы­сымды білдіргім келеді, – деді Ер­лан Қошанов.

Сөйтіп, шара барысында «Seven Refractories Asia» компаниясы «Ар­се­лорМиттал Теміртау» АҚ-пен және «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-мен отқа төзімді материалдармен қамтамасыз ету бойынша бірлесе жұмыс жасау туралы меморандумға қол қойды.

Жылына 45 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы «Seven Refractories Asia» зауытының құрылысы 2015 жылы басталды. Өнім негізінен қара, түрлі-түсті метал­лургия, цемент өндіру, мұнай және мұнай-газ өнеркәсіптерінде қолд­а­нылады. Ал, зауыттың Қара­ғандыда ірге қалауының себебі – мұнда ірі «АрселорМиттал Темір­тау» АҚ орналасқан және Ресейдегі зауыттардан да қашық емес. Ең бас­тысы, отқа төзімді материалдарды өндіруге қажетті шикізат көздері бар Қытай елінен алшақ та емеспіз, – деді «Seven Refractories Asia» ЖШС-нің бас директоры Максим Глазунов.

Жаңа зауыт Словенияда жа­сал­ған заманауи құралдармен жаб­дық­талған. Қазіргі таңда кәсіп­орында 51 жұмыс орны­ ашыл­ған, ал­­дағы уақытта қызметкерлер саны ұл­ғайтылады. Зауыт өнімі әлемдік стандарттарға сай.

Кәсіпорынның ашылу салта­на­тында зауыттың бас директоры және «Қазақмыс» пен «АрселорМиттал Темір­тау» компаниялары өкілдері ара­сында меморандумға қол қойыл­ды.

Жалпы, «Seven Refractories» холдингінің 30 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар және ол заманауи отқа шыдамды материалдар кең спектрін шығарады. Компанияның халықаралық бөлімшелері Словения, Германия, Австрия, Ита­лия, Украина, Ресей және Қазақ­станда ашылған.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы