Теннис • 18 Шілде, 2017

Теннистен Президент кубогы басталды

259 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанадағы «Дәулет» теннис орталығында әйелдер арасындағы ITF пен ерлер арасындағы АTP Challenger турниріне енетін теннистен Қазақстан Республикасы Президенті кубогы басталды. 1991 жылдан бері дәстүрлі түрде  ұйымдастырылып кележатқан xалықаралық турнирге биыл алыс-жақын шетелдің 21 елінен келген 200-ден аса әлемнің үздік теннисшілері бағын сынауда.

Теннистен Президент кубогы басталды

Сондай-ақ, қазақстанның ерлер және әйелдер құрамы қатысып жатыр. Атап айтар болсақ, ерлер арасында Михаил Кукушкин мен Дмитрий Попко, қыздар  арасында Камила Керімбаев, Жібек Қалымбаева және тағы басқа жас талантты ұл-қыздар бар.

Былтыр ұйымдастырылған Президент кубогы жарысына жарақатына байланысты қатыса алмай қалған қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин биыл топ жаруды көздеп отыр. «Өкінішке қарай, бір жыл бұрын жарақаттанып, турнирге қатыса алмай қалған едім. Бұл жолы барымды саламын. Жеңістен үміттімін», дейді Михаил Кукушкин.

Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараевтың айтуынша, ұлттық құраманың негізгі ойыншылары да Президент кубогына қатысып, жарыстың мәртебесі мен көрігін қыздырады деп ойлаған. Алайда, бірқатар теннисшілеріміздің жарақаты сыр берген, енді бірі жарақатынан толық айығып үлгермеген.

«Ярослава Шведова жарақатынан әлі толық айыққан жоқ. Путинцевада да жарақат бар. Зарина Диас та былтырғы операциядан кейін енді қалпына еніп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, жақында ол Лондонда өткен Уимблдон-2017 «Үлкен дулыға» жарысының үшінші айналымына дейін шыққан болатын. Біз Заринаны Уимблдоннан кейін қалпына келіп, буын жарақаттарын емдеп алсын деп бұл турнирден босаттық», дейді Д.Досқараев.

Сонымен қатар, теннистен Президент кубогының жүлде қорының қомақты екенін айта кеткен жөн. Турнирдің жүлде қоры – 225 мың АҚШ долларын құрайды. Бұл – Президент кубогының мәртебесін анықтап береді. Жүлде қоры қомақты болған сайын, теннисшілерге беретін рейтингтің ұпай саны да көп болатыны анық.

«Меніңше, шетелдің теннисшілері Президент кубогына қаржы үшін емес, рейтингтік ұпай үшін келеді. Өйткені, ерлер арасында жеңімпаз атанған теннисшіге 110, ал қыздар арасындағы жеңімпазға 100 рейтингтік ұпай беріледі. Бұл теннисшілердің АТР және WTA рейтингін жақсартып алуға зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жүлде қоры да қомақты. Жеңімпазға 18 мың АҚШ доллары, екінші орын иегері  10,600, ал жартылай финалға шыққандарға 6,275 АҚШ долларын береді», дейді вице-президент.

Айта кетейік,  Президент кубогы тамыз айының соңында АҚШ-та өтетін US Open турниріне дайындық ретінде саналады.

Теннистен ерлер және қыздар арасындағы Президент кубогы 23 шілдеге дейін жалғасады. Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері де сол күні анықталатын болады.

 

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»