Тәрбие • 19 Шілде, 2017

Туыстық неке

4467 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

немесе генетика заңдылықтары туралы әңгіме

Туыстық неке

Өткен қыста жақын туыс, аталас, рулас ағайын­­дар қазақтың жақсы дәстүрлерінің бірі соғым­басына жиналып, қаламыздың белгілі азамат­тарының бірі Алтай Райқұлов ініміздің үйінде, жақсы бір басқосу өтті. Сөзден – сөз, ойдан – ой шығып, әңгіме ыңғайы ағайындар арасындағы неке проблемаларына көшті.

– Бірқатар жақын рулас аталар арасында соңғы жылдары бірен-саран болса да өзара некелесу оқиғалары байқалуда. Оған, ағайындар, қалай қарайсыздар? Осы жағын анықтап алған дұ­рыс секілді. Әйтпесе, қазіргі жаста­ры­мыздың арасында ұрпақ­тан-ұрпаққа беріліп келе жатқан ата дәстүрімізді бұзып, беталды үйлену белең алып барады. Бұл дұ­рыс бола ма, сірә? – деп бастады сөз басын төрге жақын отырған орта жастардан асқан жігіт ағасы.
– «Ата дәстүріміз» деп тас болып қатып қалған ештеңе жоқ. Жастардың бетін қайтарып, тыйым салуға болмайды. Ол – бұрынғы феодализмнің жұрна­ғы, теріс ұғым, – деп салды орта­мыздағы бір азамат қызбалыққа салынып.
– Жоқ. Мен оған мүлдем қар­сы­­мын. Онсыз да қазақ деген аз халықпыз. Жақын ағайын­дар өздерімен өздері қыз алысып, құда болып жатса не болға­ны, ағайындар-ау? Ол келер ұрпағымыздың азғындауына алып барады, – деп өз ойын біл­дір­ді басқа қонақ. 
– Халқымыздың салт-дәстүр­лерін келесі ұрпаққа бұзбай жеткізу – біздің борышымыз. Жас­тар­­ды үйлендіру, некеге тұрғызу мәселесіне ата-бабамыз үлкен жауап­кершілікпен қараған. Бола­шақ ұрпағын, қандарын бұзбау үшін басқа рудың, басқа өңірдің бойжеткендеріне құда түсіп, бауыр-құйрық жегізген. Барынша сол дәстүрді ұстануымыз керек, – деп пікір қосты төртінші кісі.
Сөйтіп, аяқ астынан жағдай шиеленісіп, көпшілік болғаннан кейін әркім өз ойын білдіріп жатты. Ортақ шешімге келу қиын­дады. Соны аңғарған саңлақ кісі бір кезде:
– Қазір заман өзгерді. Көп дү­ние қайта қаралып жатыр. Дәл қазір кесіп айту қиын. Бұл мәселені ортамызда отырған дәрігер-ғалымға тапсырайық. Жақын ағайындар арасындағы некеге қазіргі медицина қалай қарайды? Ол өзі дұрыс па? Жоқ, әлде бекершілік пе? Төрелігін енді сол айтсын, – деп көптің көңілін маған аударды. 
– Мен сіздерге ештеңе айта алмаймын. Бірақ, жақын ағайындар арасындағы неке медицина тарапынан еш қолдау таппайтынын білемін. Генетика ғылымына жү­гін­сек, жас сәбилердің кембағал, кеміс, дүниеге аурушаң болып келуінің басты себептерінің бірі – осы жақын туыстар, ағайын­дар арасындағы неке. Сондық­тан, ойлану керек. Сіздердің сұрақта­ры­ңызға жауапты газет арқылы беруге мұрсат етіңіздер. Бұл өзі, менің­ше, көпті толғандырып жүр­ген сұрақ болуы керек, – деп өзіме міндеттеме алдым сол жерде.
Көпшілікке түсінікті болу үшін көтерілген мәселенің ғылыми негіздеріне көңіл аударалық. 


Медициналық генетика – түрлі тұқым қуалайтын ауруларды, диагноз қою және емдеу жолдарын зерттейді. Әлемдік статистика бойынша, дүниеге келген сәбилердің шамамен 7-8 пайызы түрлі тұқым қуалайтын аурулармен ауырады. Сондықтан сол ауруларды жан-жақты зерттеу, олардан алдын ала сақтандыру және емдеу адам генетикасының, соның ішінде, медициналық генетиканың негізгі проблемасы. Генетика саласы бойынша зерттелетін келесі маңызды мәселе – адамда тұқым қуалайтын өзгерісті қандай факторлардың тудыратынын және адамзатты көптеген ауыр зардаптардан құтқару үшін оларға шара қолданудың жолдарын зерттеу. Медициналық генетиканың негізінде хромосомалардың өзгеруіне байланысты болатын бірнеше тұқым қуалайтын аурулар анықталды. Олар хромосомалық аурулар деп аталады. Ондай ауруларға Клайнфельтер, Шершевский-Тернер, Даун аурулары және т.б. жатады.


Даун синдромы – өте жиі таралған аутосомалық ауру. Ол жаңа туылған 700 баланың бірін­де кездеседі. Бұл ауру үшін ақыл-ой мешеулігі, алақан дер­­ма­то­глификациясының (қат­парлы­ғы­ның) өзгеруі және моңғолдық көз қиығы тән, осыған байланысты аурулар өзара ұқсас болады. Даун синдромына душар болғандардың өмірі қысқа болады. Олардың кейбіреулері жыныстық жетілу жасына дейін өмір сүруі мүмкін, бірақ ұрпақ қалдыруы сирек болады. 


Клайнфельтер ауруымен тек ер адамдар ауырады.  Оның белгісі: жыныс бездері дұрыс жетілмейді, ақылы кем болады және аяқ-қолы шамадан тыс ұзын, денесіне сәйкес келмейді, әйелге ұқсас белгілер дамиды, еркек гонадалар дамымаған, сүт бездерінің мөлшері үлкейген, тұқымсыздық байқалады. Дүниежүзілік санақ бойынша, 1000 ер баланың екеуі осы аурумен ауыратындығы анықталды.
Шершевский-Тернер ауруы әйелдерде кездеседі. Мұнда жыныстық жағынан пісіп-жетілуі баяулайды, сондықтан бедеу болады, әрі бойы тапал келеді. Ақыл-есі кем, ашуланшақ, жұмысқа қабілеті төмен болады. Дүниежүзілік санақ бойынша 1000 қыздың төртеуі осы аурумен ауыратындығы дәлелденді. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде бұл екі аурудың да гаметалардың даму барысында жынысты хромосомалардың дұрыс ажырамауына байланысты болатындығы анықталды. 


Тұқым қуалаушылықтың заңдылықтары тұрғысынан алғанда туыс адамдардың некелесуі дұрыс емес. Себебі, ондай адамдардың генотиптерінде ұқсастық болады. Ал тұқым қуалайтын аурулар мен түрлі кемістіктерді көбінесе рецессивті гендер анықтайтындығы белгілі. Олар тек рецессивті гомозигота жағдайында ғана білінеді. Туыстық некеде ондай мүмкіншілік мол болады. Сондықтан олардан туатын ұрпақта кемістік көп кездеседі. Керісінше, туыс емес ерлі-зайыптыларда ондай жағдай өте сирек кездеседі және ұрпақтың тіршілік қабілеті жоғары болады. Себебі, олар көбінесе гетерозиготалы жағдайда болатындықтан, Мендель заңына сәйкес ауру мен кемістікті анықтайтын рецессивті генді доминантты ген жеңіп кетеді. Біздің ата-бабаларымыздан келе жатқан қалыптасқан дәстүр бойынша жеті атадан кейін ғана некелесуге рұқсат беріледі. Бұл біздің гендік қорымыздың мол әрі мықты болуына әсер етеді. Сондықтан мұндай дәстүрді сақтауымыз қажет.


Осы күндері әлемнің генетик-ғалымдарын таңғалдырып отырғаны – қазақтың ұлттық генетикаға байланысты тарихи ұғымы. Қазақ халқының ертеден келе жатқан салт-дәстүрі бойынша 7 атаға дейін өзара үйленіп, түтін түтетуге тыйым салынған. Бұл ежелгі заңдылық соңғы кезге дейін қандастарымыздың арасында сақталып отырғаны қуантады. Жалпы, бұл дәстүр қазаққа қайдан келген?


Ертеде Әз Жәнібек хан елге аты шыққан емші Ө.Тілеуқабылұлын шақырып: «Қандай дертке дауа жоқ» деп сұраған екен. Сонда емші «Тұқым қуалаған ауруға ем жоқ» деп жауап қатады. Оның алдын алуға бола ма?» дегенде емші «жеті атаға дейін қыз алыспау» депті. Міне, сол Әз Жәнібек ханның дәуірінен жеті атаға толмай қыз алысқандарды қатаң жазалау туралы заң қабылданған. Адамзат баласында қазақ ұлтынан басқа жұрттарда жеті атаға толмай қыз алыспау ұғымын кездестірмейміз.


Тағы бір түйінді мәселе – қа­зақ ұғы­мында адам бойындағы физиологиялық және мінез-құлқы ерекшеліктері ата-әке жағынан беріледі деген сенім қалыптасқан. Ал шеше жағынан туған бөлелердің отау құрғанына аса мән берілмейді. Ресейде құрылған Тектология академиясы әке-шешенің қанынан берілетін генетикасы бірдей рөл атқаратындығын алға тартуда.


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «...Күні бүгінге дейін сахараның жазылмаған заңы бойынша жеті атаға дейін бір-бірімен үйленуге рұқсат етпейтін қазақтан басқа жер бетінде бірде-бір елде жоқ. Міне, қазақ халқының даналығы тудырған қуатты генетикалық тамыр қайда жатыр!» дейді («Тарих толқынында», «Атамұра» баспасы, 1999 жыл, 42-бет).


Ағайындас адамдар арасын­дағы некенің басым көпшілігі бақыт­сыздыққа алып барады. Туыс­қандар арасында алакөздік пайда болып, олардың некелерін қостамайтын ағайындар теріс айналады, тіпті, жас жұп елдің қарғысына ілігеді. Балалары кембағал болып туып, әртүрлі генетикалық ауруларға (ақыл-ойды таяздайтын олигофрения ауруы, сан түрлі неврологиялық-жүйке аурулары, аяқ-қол кеміс­тігі) тап болады. Сондықтан отбасын құратын, әсіресе, тегінде тұқым қуалайтын кемістіктер бар адамдар медициналық-гене­ти­калық кеңес алғаны жөн. Мұндай кеңес беретін орталықтар қазір Қазақстанның көптеген қалаларында бар.


Ерте кезде Еуропа елдерінің арасында өздерін «ақсүйек» санайтын корольдер, патшалар мен императорлар, князьдар мен графтар арасында өзара құда түсіп, балаларын үйлендіріп, қыздарын тұрмысқа беретін салт-дәстүр болғанын біз тарихтан жақсы білеміз. Уақыт көрсеткендей, бірте-бірте әлгілердің арасында сан түрлі тұқым қуалайтын аурулар көбейіп, қандарын бұзып, өмірлерін қысқартып, көпшілігін бақытсыз етті.


Қазақ халқы ежелден-ақ ата-баба дәстүрі бойынша жақын ағайындар, туыстар арасында құдалықтың жүрмейтінін жастардың құлағына сіңіріп, қатаң қадағалап отырған. Қазақтың қан тазалығы, ұрпақ амандығы, жеті атаға дейін қыз алыспайтындығы ұлтымыздың өміршеңдігі мен өнегесін паш етеді.


Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор

ТАРАЗ