Аймақтар • 19 Шілде, 2017

ШҚО-да дауылдан бүлінген нысандар қалпына келтіріліп жатыр

198 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

17 шілде күні кешке таяу облыс аумағында қатты дауыл тұрып, Өскемен қаласы мен Ұлан, Жарма, Глубокое аудандарында 30-ға жуық ғимараттың шатырын ұшырып, бірнеше көлік үйінді астында қалып, қирап, 5 адам зардап шеккен еді.

ШҚО-да дауылдан бүлінген нысандар қалпына келтіріліп жатыр

Облыс орталығындағы қалалық ауруханаға түскен бес адамның екеуі дәрігерлердің қабылдауынан кейін үйлеріне қайтарылған көрінеді. Табиғаттың тосын мінезінен ең қатты зардап шеккен - 82 жастағы өскемендік тыл ардагері Шерияздан Исанов. Қарияның үстіне үйдің төбесінде жатқан профлист құлап, соның салдарынан өкпесіне зақым келіпті. Дәрігерлер мен ақсақалдың туыстары қазір ауыр халде ауруханада жатқан ардагерге тұрғындар тарапынан қан тапсырылып, жәрдем көрсетілсе дейді.

Тосыннан орын алған жағдайға орай облыстық ақпараттық орталықта шұғыл брифинг өткізген Төтенше жағдай департаменті мен «Казгидромет» мамандары қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын, шығын көлемін анықтау үшін облыс әкімдігі жанынан арнайы комиссия құрылғанын, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Жолындағысын жайпап өткен қатты дауылдан кейін «112» және «101» желілеріне Өскемен қаласынан 100-ден астам адам қоңырау шалып, опырылып құлаған ағаштар, ұшқан шатырлар, үстіне зат құлап, бүлінген көліктердің бар екенін айтыпты. Ұлан, Глубокое, Жарма аудандары мен облыс орталығының кейбір шағын аудандарында ышқына соққан желдің кесірінен жарық сөніп қалған болатын. Қазіргі уақытта құтқарушылар оқиға орнына барып, әрбір түскен хабарды тексеріп жатқан көрінеді. «Казгидромет» мекемесінің мәліметіне сүйенсек, Өскемен қаласында желдің жылдамдығы секундына 24, Көкпекті ауданында 25, Зырян ауданының Селезенка ауылында 34 метрге жетіпті. Төтенше оқиға орын алғаннан кейін көлігі қирап, көңіл-күйі түскен кейбір тұрғындар тарапынан: «Төтенше жағдай қызметкерлері дауылдың болатынын ескертпеді. Дабыл белгісін білдіретін смс хабарлама жібермеді. Оларды сотқа береміз» деген сөздер айтылған еді. Облыстық Төтенше жағдай департаменінің төтенше оқиғаларды жою бөлімінің басшысы Азамат Қапышев осы жәйтке байланысты түсініктеме берді. «Біз «Казгидромет» мекемесінің деректеріне сүйене отырып, жексенбі күні түстен кейін мобилді қосымша және ведомствоның ресми сайты арқылы 17 шілдеде секундына 20 метр жылдамдықпен жел тұратыны жайында хабарладық. Алайда дабылды ескертетін хабарлама желдің жылдамдығы секундына 25 метрге жететіні болжанғанда ғана жіберіледі. Смс-тің жіберілмеуінің мәнісі осында», - дейді ол.

Айтпақшы, облыс тұрғындарына арқаны кеңге салуға әлі ерте секілді. «Казгидромет» мамандары жаңбыр аралас қатты дауыл жақын күндері тағы да қайталануы мүмкін екендігін ескертеді. 

 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы