Аймақтар • 19 Шілде, 2017

Жас шаңғышылар Талғардағы спорт лагерінде болды

227 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шаңғы жарысымен айналысатын 60-тан астам бала 10-18 шілде аралығында «Алатау» шаңғы-биатлон кешеніндегі жазғы спорттық-сауықтыру лагерінде бір апта болып қайтты. Балаларға арнап мәдени ойын-сауық іс-шаралар мен жаттығулардан тұратын тартымды әрі қызықты бағдарлама әзірленді.

Жас шаңғышылар Талғардағы спорт лагерінде болды

10 шілдеден бастап 12-16 жас шамасындағы 60 жас спортшы мен Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларынан 7 жаттықтырушы лагерге келіп жетті. Сегіз күн бойы әсерге толы мәдени бағдарламалар мен жаттығулардан балалардың ертелі-кеш қолдары босамады деуге болады.

Балаларға арналған жазғы лагерьдің ұйымдастырушысы  «Қазақстан Республикасы Шаңғы жарысының ұлттық федерациясы» ҚБ балаларға арнап сан түрлі бағдарлама әзірледі. Спортшы балалар бассейнде шомылып, воллейболдан жарысқа қатысты. Нәтижесінде,  Ақмола облысының командасы бірінші орынды қанжығасына байлады. Сонымен қатар, олар атпен серуендеп, үстел теннисін ойнап және шаңғы роллерлерінде командалық  жарысқа қатысу мүмкіндігін алды. Аталмыш жарыста достық жеңді.

Балалардың қуанышында шек жоқ. Себебі, Қазақстанда осы тектес лагерь бұрын-соңды болмаған еді.

— Лагерге баратынымды білген жоқпын, мен тек көп жаттығып, бапкерлердің көзіне түсуге тырыстым. Осылайша, олар менің лагерге братынымды айтты. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! Ол жердің табиғаты, таза ауасы, тас жолдары қатты ұнады. Ал, командамыз өте ұйымшыл болды. Әсерге толы күндерімізбен қимай-қимай қоштастық. Алдағы уақытта да осындай лагерлер көптеп ұйымдастырылса екен деймін, – дейді Ақмола облысынан келген  15 жасар спортшы Ксения Сорокина. Қазақстан Шаңғы жарысы ұлттық федерациясының бас хатшысы Андрей Игоревич Невзоров  лагерьдің Қазақстанда шаңғы спортын дәріптеудің өзіндік флешмобына айналғанын айтады.

— Бізде шаңғы жарысының қалыптасқан жақсы дәстүрімен қатар өз чемпиондарымыз да бар.  Бүгінде балаларға арналған лагерьді ұйымдастыру мүмкіндігі туып, әр аймақтан жас спортшыларды шақырамыз деп шештік. Олар мұндағы уақыттарының көп бөлігін әрине, жаттығуға арнағанымен, олардың назарына мәдени және әлеуметтік шаралар да ұсындық. Естен кетпес әсер мен қуанышқа толы сәттер сыйладық. Ең бастысы, балалар бір-бірімен танысып, тіпті жақын достарға айналды, - дейді Андрей Игоревич.

Сондай-ақ, Невзоров аталған лагерьдің спортты дамыту ғана емес, өскелең ұрпаққа тәлім беру мақсатын көздегенін алға тартты.

—Қазіргі уақытта балалардың көбі бос уақыттарын телефонға телмірумен өткізетіні шындық. Ал, лагерде олар бір-бірімен жақын араласып, әңгімелесіп, шүйіркелеседі. Жалпы спорт лагерінде қандай да бір іспен айналысып,  жарыстарға қатысқан кезде бос жүруге уақыттары болмайды. Елімізде спортпен айналысу сәнге айналған. Қазіргі уақытта, кімде-кім спортпен айналысса, ол – мәдениетті, сауатты, сыпайы әрі парсатты адам деген баға беріледі. Алғашқы күннен бастап, осы қасиеттерді жас шаңғышылардың бойына сіңіруге тырыстық, - дейді  Андрей Игоревич.

Айта кетсек, аталған лагерь Іле Алатауы жотасының беткейінен 1500 метр биіктіктегі бірегей жерде, Талғар қаласында орын тепкен.