Ұлттық спорт • 19 Шілде, 2017

Жамбы атудан «Алтын жебе» турнирі өтеді

668 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында алдағы тамыз айының екінші аптасында елорда төріндегі «Қазанат» атшабарында Мәдениет және спорт министрлігі және «Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері қауымдастығының» ұйымдастыруымен жамбы атудан «Алтын жебе» атты І халықаралық турнир өтеді деп күтілуде.

Жамбы атудан «Алтын жебе» турнирі өтеді

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының баспасөз қызметкері Төлеген Жәкітайұлы таратқан ақпар бойынша жоғарыдағы мәртебелі жарысқа еліміз садақшыларымен қатар, ат үсті әрі шабыс барысында садақ атудан әлемге танымал мажарлық мерген Кашшай Лайош пен оның әріптестері қумандық  садақшылар Чемез Фаркас және Намети Кристофлер жамбы ату сайысында бақ сынайтын көрінеді.

Бүгінгі таңда этникалық садақ ату спортын дамытып отырған жұрттың бірі  – Түркиядан садақшы-бапкер Левент Талха мен оның шәкірті Мұрат Бонжук бастаған мергендер сайланып шықса, малайзиялық сұрмерген Ахма Дакалан, поляк садақшысы Радослав Козуч, румыниялық Михай Козмей (Mihai Cozmei), финляндиялық Анна Катавина (Аnna Kataviina), Қатар елінен Валид Хаважуик (Walid Khawajkyc), неміс спортшысы Джулия Жозефина Салтс (Giulia Josefine Salts) сынды садақшылар қорамсағын қанжығалап, жебесін сайлап елордада өтетін аламан сайысқа ат басын тірейді. Бұлардан басқа   жақын көрші елдер: Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Қытай мергендері де халықаралық жарыстан тыс қалмайды.

Тарихта тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған мұндай мәртебелі жарысқа қазақ мергендері – жамбы атудан «Ұлы Дала ойындары» фестивалінің жеңімпазы Елдос Бадашев бастаған жас жамбышылар:  Айтбек Сарыбай, Айкөз Ералхан, Абзал Тулыбеков, Бекқали Үзденбаевтар ел намысын қорғайды.

Турнирінің жүлде қоры да қомақты. Бесінші орынға дейінгі бәйгенің бәсі бар. Яғни, бірінші орынға – 5 мың, екінші орынға – 3 мың, үшінші орынға – 2 мың, төртінші орынға – 1 мың, соңғы жүлде бесінші орын үшін – 500 доллар көлемінде сыйлық тағайындалған.

Бекен Қайратұлы,

«Егемен Қазақстан»