Елбасының мақаласындағы «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана» туралы алғашқы тарауында сананы жаңғыртудың бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы сияқты алты негізгі бағытына талдау жасап, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алу; жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналдыру мақсатында «Туған жер» бағдарламасын қолға алу; халық санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жасау; ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес ұлт болуымыз үшін, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру; бүгінгі замандастарымыздың да жетістіктерінің тарихына үңіле отырып, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыру жайлы айрықша жобаларды халық назарына ұсыну арқылы еліміздің алдында тұрған таяу жылдардағы міндеттерді белгілеп берді.
Осы орайда, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Мирас» аймақтық кеңесі тарапынан ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Кеңес мүшелерінің отырыстары мен басқосулары Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жоғарыда аталған мақаласын көпшілік қауымға насихаттау және түсіндіру, сонымен бірге, оны жүзеге асырудың тетіктерін қарау және қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайындағы жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселелерінің түйткілді түйінін аршып, шешімін табу жолында бірқатар шараларды атқарып келеді. Отан, туған жер туралы бағдарламаларды білім беру мекемелерінде, балабақшалар мен мектептерде, түрлі деңгейлі оқу орындарында, білім ұялары мен ордаларында оқу-тәрбие жұмыстарының өзегі ету, үш мыңнан астам тарихи орындары бар облысымыздың қасиетті де киелі құндылықтарын қастерлеу арқылы ішкі туризмді дамыту, «Туған жер», «Киелі жер» жобалары бойынша жұмыстарды жолға қою, тағы да басқа көптеген жоспарлардың жүйелі түрде орындалуы қолға алынды.
Нақты мақсатқа жету жолында не нәрсені болса да ұтымды пайдалануды басты ұстаным еткен Елбасының дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомадай айқын прагматизм белгілері туралы айтқаны кімді болса да ойландырмай қоймасы анық. «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдалану, келешегіңді соған сәйкес жоспарлау» дейді Елбасы. Бізді өсіріп, бізді қоршаған орта мен қоғамның ықпалынан, біздің буын тым романтик боп өстік. Мұның жақсы жағымен бірге, жағымсыз, кемшін тұсы мен қателігі де бар екендігіне қазір анық көзіміз жетіп отыр.
Алайда, көңілімізді демдеп, өзімізді қанағаттандырар бір нәрсе – қазіргі жас буын – жастар мен жасөспірімдеріміз және болашақ ұрпағымыз прагматик боп өсіп келеді. Біздей романтик ата-апалардан, әке-аналардан прагматик ұрпақ шыққанына расында да, қуануымыз керек.
«Бұл заманауи әлемдегі бірден-бір табысты үлгі. Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең ол іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологияларды туғызады... Өкінішке қарай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш радикалды идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді» деп, өткен тарих беттеріне жіті көз жіберетін Президент популистік идеологиядан абай болуды нақты ескертті.
Иә, кейбір елдерде болып жататын сайлау науқандары секілді саяси ойындар мен қоғамдық тартыстар кейбір дамыған мемлекеттерде де бос демагогия мен популизмнің бой көрсетіп, белең алып қалатынын әшкерелеп жатқаны белгілі. Ендеше, өркениет игіліктеріне ізгілікпен өрелі қадам жасалған дамуының даңғыл жолы бар біздің халқымызға ақырын жүріп, анық басқаны абзал. Бұл біз үшін өте маңызды мәселе. Өйткені, біздерде де ұлтқа жанашыр болып көрінетін қайсыбір азаматтардың болмайтын нәрселерге бас сұғып, жүзеге аспайтын жұмыстарды тықпалап, ешқандай талаптарға сәйкес келмейтін мәселелерді проблема етіп көтеру белсенділіктері байқалып қалады. Ешбір дерек-дәйекке сүйенбестен, елде жасалып жатқан игі істерді жаппай жоққа шығарып, қара аспанды төндіріп, құлақ тіккен жұрттың еңсесін езіп, өзінің әлсіздігінің, енжарлығының, бойкүйездігінің, білімсіздігі мен біліксіздігінің салдарын өзгеден іздеп, өкпе артып, өктем сөйлеу арқылы бедел жинағысы келетін іс-әрекетті дағдыға айналдыру – қой терісін жамылған қасқырдай жалған белсенділіктің бұлтартпас нышаны. Дүние жүзіндегі көптеген ұрыс-жанжалдар осындайдан туындайды. Ұлт болашағын ойлағанда осыны үнемі есте ұстағанымыз жөн.
«Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек» деген Елбасымыз қоғамдық сана жаңғырмайынша, қоғамның рухани жаңғыруы мүмкін еместігін баса айтты. Өмір сүру үшін өзгере білу керек, оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала беретінін атап өтті.
Шынында да, ең алдымен, заман ағымына саналы түрде бейімделе алмасақ, өзімізді, өмір сүру дағдымызды, рухани жан дүниемізді жаңалыққа жақсылыққа қарай бұрып, өзгерте алмасақ, дөңгелене өзгерген дүние-әлемнің жүйрік сәйгүліктей дүлдүл уақытына қалай ілеспекпіз? Өз санамыз қараңғы болса, өзгенің санасындағы сәулені қалай көрмекпіз? Бұл жерде, әрине, барлығы алдымен адамның ішкі рухы мен пейіл-ниетінің тазалығына байланысты екені әмбеге аян. Мына бір нақыл сөз есімізде. Алдымен ниетіңді түзе – ол ойыңа айналады. Ойыңды түзе, ол – сөзіңе айналады; Сөзіңді түзе, ол – әдетке айналады; Әдетіңді түзе, ол – мінезіңе айналады; Мінезіңді түзе, ол – тағдырыңа айналады. Тағдыр демекші, жақсы болсын, жаман болсын, сол мінезінен түзілген маңайға жазылғаннан сосын ешкім қашып құтыла алмас.
Еуропалық психолог ғалымдар дүниедегі адамдарды үш топқа жіктейді екен:
– бірінші топтағы адамдар қоғамдағы қайнаған іс-қимыл әрекеттердің арасында жүретін, өмірлік позициясы белсенді адамдар. Қоршаған ортадағы, күнделікті ағымдағы қызметтер, жұмыстар, жаңалықтар мен жақсылықтар, өзгерістер солардың қолдарымен, сондай адамдардың арқасында атқарылып, жүзеге асырылып жатады;
– екінші топ қоғамда, өмірде, дүниеде не болып, не қойылып жатқанын сырттай ғана бақылап, «сен тимесең-мен тимен, бадырақ көз» ұстанымымен немқұрайлы өмір сүреді;
– ал үшіншілері қоғамда, өмірде, айналада нендей жаңалық, қандай қызық болып жатқанын білгісі келіп, әр нәрсеге құлақ түргіш, айдаладағыны естіп-білгіш, және оны таратып, түйедейді түймедейге айналдырып немесе, керісінше, түймедейді түйедей етіп жіберуге құмарпаз ғана жандар.
Ұлттық сананың жаңғыруын көздеген Елбасымыз өз халқын, ұлтын, мемлекетіміздің үлкен-кіші әрбір мүшесін алғашқы топтағы өмірлік ұстанымы белсенді адамдар қатарынан көргісі келетіні анық. Сондықтан, өмірді адамдар арасындағы қарым-қатынас деп санасақ, сол өмірдің сұлу, көркем болуы өзімізге байланысты екенін санамызбен сезінетін кез жетті. Ол деген сөз – патриот болу деген сөз, отбасыңның, ұлтыңның, жеріңнің, Отаныңның патриоты болу. Отбасының, ұлтының, жерінің, Отанының алдындағы міндеті мен парызын орындағаннан ләззат алып, қуанышқа бөлене алатын адам – нағыз патриот адам, еңсесі биік ел мүддесі үшін ерікті өмір сүре алатын ең еркін адам. Біреудің еңбегін өзі еңбектенген адам ғана ұғады.
Елбасы айтқандай, «Мақсатқа жетуіміз үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі тиіс».
Бізге әлгі Крыловтың Абай данамыз, Ахмет Байтұрсынұлы сынды ғұламаларымыз тәржімалап, қазақшалаған, мысалдарындағыдай, «Аққу, шортан Һәм шаян» секілді, аққу – көкке, шортан – көлге, шаян шөлге тартатын алауыздық емес, құрғақ жарнама, бос сөзді шешендік пен бұлыңғыр бағытты көсемдік емес, ауызбірлігі мол, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын халық болғанымыз керек. Басты міндетіміз – негізгі күш-жігерімізді рухани санамыздың жаңғыруына салып, атқарылып жатқан талай ізгі, игілікті істерге сенім арта отырып, жүзеге асырылуына бірге атсалысу болмақ.
Үміт БИТЕНОВА,
«Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Мирас» аймақтық кеңесінің мүшесі,
Талас ауданының Құрметті азаматы