ЭКСПО-2017 • 20 Шілде, 2017

Таңғы шық елінің тарту-таралғысы

330 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қалашығында Корея Респуб­ли­касы ұлттық күнін тойлады. Бұған дейін ең үлкен павильонымен жә­не үздік жасыл технологияларымен талайды таңдай қақтырған мем­лекет қазір де әлемдегі баламалы қуат көздерін өндіру мен қолданушылардың алдыңғы қатарында келеді. Корейлер 2030 жылға дейін елдегі қуат көздерінің 20 пайызын жаңғырмалы етуді көздейді.

Таңғы шық елінің тарту-таралғысы

Ұлттық мереке орталық алаңдағы сахналық шарадан басталды. Онда Қазақстанның Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хайыр­ов екі мемлекеттің тығыз эконо­микалық және достық  қарым-қаты­н­ас­тарының арқасында елімізде Оң­түстік Кореяның 400-ге жуық ком­пан­иясымен бірлескен 40-қа жуық жобаның іске асып жатқанын атап өтті. Қазақстанда көп жылдардан бері «KIA» және «Hyundai» сияқты Корея компанияларының өнімдері үлкен сұранысқа ие. «Қазақстанда 100 мыңнан аса этникалық корейлер тұрады. Сондықтан, екі ұлт ара­сындағы қалыптасқан бауыр­мал­­дық мен достық қасиет тарих­тан келе жатқан құбылыс деуге болады. Қазақстан Кореяның тәжі­ри­бесін белсенді түрде қолданып ке­леді. Қазіргі таңда түрлі білім бе­ру бағ­дарламаларының арқасында көп­те­ген студенттер сапалы жоғары білім алып келуде. Бүгінгі таңда «Таңғы шық елі» әлемдегі ең энерготиімді елдердің бірі болып табылады», деді вице-министр.

Кореялық тараптан сөз сөйлеген Сауда, өндіріс және энергетика министрлігінің тұрақты комиссары Ким Енг Сам дипломатиялық қа­ты­нас арқасында инвестиция бір­неше есеге артқанын тілге тиек етті. Комиссар өз сөзінде Корея па­вильо­нын тамашалағандар саны 150 мыңнан асатынын да әңгімеледі. 

«Қазақстан – Корея Респуб­ли­ка­сынан Орталық Азияға ең ауқымды инвестиция тартқан мемлекет. 1992 жылы біздің елімізден Қазақстанға салынған инвестиция көлемі 21 млн АҚШ долларын құраса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 3,78 млрд долларға жетті. Айта кетерлігі, соңғы уақытта Корея Республикасына сая­хаттайтын қазақстандықтардың саны 30 пайызға артқан», деді Ким Енг Сам. 

Ұлттық күнді мерекелеу бағдар­ла­масының ресми бөлігінен кейін, көрмеге келушілерді кореялық танымал «B-Boy» тобының бишілері, сондай-ақ, «K-pop» және «Sorea Band» тобының қыздары қуанышқа бөледі. Сонымен қатар, сахнада корей дәстүрлі жекпе-жек өнері – таэквондодан шоу көрсетілді.  Қонақтар мен журналистер үшін танымал әртіс Со Кан Джунның қатысуымен фан митинг ұйымдастырылды. 

Асхат Райқұл,

"Егемен Қазақстан"

Суретті түсірген Орынбай Балмұрат,

"Егемен Қазақстан"