ЭКСПО-2017 • 20 Шілде, 2017

Стивеннің ізбасары «индиго» жобасын ұсынды

239 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіндегі Швейцария павильонында «Адамзат кітапханасы» атты мерекелік шара өтті. Басқосу барысында әлемге белгілі астрофизик Стивен Хокингтің тараздық ізбасары, 14 жастағы Исаак Мустопуло мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсететін «Индиго» жобасын іске асыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Стивеннің ізбасары «индиго» жобасын ұсынды

«Арнайы сыныптар ашу – біздің стиль емес. Біз оқшаулана беретін болсақ, онда  жағдайды одан әрі қиындататын боламыз. Егер қоғам мүгедек адамдар туралы пікірін өзгертетін болса, онда бізде дамыған басқа елдерден кем емес жүйе қалып­та­сады. Ең жақын досым мені өзімен тең дәрежеде көреді. Басқалар да сондай болғанын қалаймын.

Мені Назарбаев универ­си­тетінен басқа бірде-бір жо­ға­ры оқу орны оқуға қаб­ыл­­да­майтындығын жақсы бі­лемін. Сондықтан да мен «Индиго» атты маңызды жобаны жасап жатырмын. Қазір жас педаго­гика мамандары арасында іріктеу жүргізілуде, кейін олар тьютор болып жұмыс іс­­тейді», деді И.Мустопуло. Мұн­дағы тьютор – ағылшын сөзі, аударғанда тәлімгер деген мағынаны береді екен. Бұл – ерекше педагогикалық лау­­азым. 

«Тьютор – педагогикалық бі­лімі бар өзін-өзі оқытқан адамдар.  Бізде семинарлар, тренингтер болады. Тьютор үйге келіп көмек көрсетпейді, ол балаға түсініксіз болған кезде ғана көмекке шақырылады. Сөйтіп, ол балалардың өзін дамытып, қоғамға бейім­де­луіне атсалысады. Мен осы жо­баның жүзеге асуына бар кү­шімді саламын», дей­ді жас физик. Дарынды жетк­ін­шек әң­гімесінің арасында Кем­бри­дж университетінің профессоры, ағылшынның атақты ғалымы Стивен Хокингпен күзде кездесетіндігі жайында айтты. 

Сал ауруына шалдыққан Исаак Тараз қаласындағы №13 мектепте білім алады. Бірақ, сырқатына қарамастан, 2015 жылы оқушылар ара­сын­дағы ұлттық инновация­лар кон­курсының арнайы сый­лы­ғына ие болған. Содан бері Исаакты Қазақстанның түкпір-түкпірі, тіпті шенеуніктер де танып, біле бастады. Сол кезде Инвестициялар және даму министрлігін басқарған Әсет Исекешев Исаакпен танысып, онымен түскен суретін бүкіл әлеу­меттік желіге таратқан бол­атын. 

Асхат Райқұл,

"Егемен Қазақстан"

Суретті түсірген Орынбай Балмұрат,

"Егемен Қазақстан"