Әсіресе, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексін түсіндіру мақсатында ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті сотталған адамдар үшін кұқықтық түсіндіру жұмысын ұдайы жүргізуде. Мәселен, өткен жылдың өзінде түзеу мекемелерінде аталған кодекстің нормаларын түсіндіру бойынша 18 мыңнан астам дәріс өткізілген.
Оның бірнешеуі Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне қарасты Астана қаласындағы ЕЦ-166/1 мекемесінде ұйымдастырылған. Мекеме басшысы, әділет майоры Мұрат Оралбаев мұнда басшылық тізгінін қолға алғанына аз уақыт болғанымен, ол бұл жерде жеті жылдан бері еңбек етіп келеді екен. Ішкі жағдайдың ахуалын бес саусағындай білетін білікті маман ә дегенде мекемедегі тергеу кабинеттерінің санын көбейтуге кірісіпті.
«Көптен бері осы жерде қызмет еткендіктен мұндағы тергеу кабинеттерінің аздығы әріптестерімді де алаңдататын. Сондықтан да жаңа осы олқылықтың орнын толтыруды жөн санадық. Нәтижесінде, жуырда ғана 9 тергеу кабинетін талапқа сай іске қосылды. Жалпы аумағы 110 шаршы метрді құрайтын жаңа тергеу кабинеттерінің ашылуы қажеттіліктен туындаған дүние екені сөзсіз. Себебі, қорғаушылар мен тергеушілер кабинеттің босауын кезек күтіп сабылғандықтан, наурыз айында мекеме басшылығы дөңгелек үстел ұйымдастырып, осындай шешім қабылдаған еді. Енді міне, қорғаушыларға барынша қолайлы жағдай жасалды», дейді Мұрат Сағынбайұлы.
Негізінен, аталған мекемеде мемлекет тарапынан берілген лимит 505 болса, бүгінде тергеудегілердің саны 700-ден асып отыр. Бұрындары осы уақытта бекітілген лимиттен асу болмаған екен. Сондықтан да жаңа тергеу кабинеттерінің ашылуын – түрлі қолайсыздықтардың алдын алу шарасы ретінде бағалауға болатындай.
Ал енді тергеудегілер мен сотталғандарға күнделікті қажеттіліктен басқа қандай жағдай жасалған деген мәселе төңірегінде айтар болсақ, қазіргі кезде мекемеде тергеудегілер мен сотталғандарға арналған кітапхана жұмыс істейді. Жуырда ғана толық жөндеуден өткен бұл кітапхананың қоры он мыңға жуықтайды. Сондай-ақ, ол уақыт өткен сайын жаңарып отырады. Осылайша, тергеудегілердің тапсырысы бойынша кітапхана қызметкерлері оқырмандардың сұраныстарын тұрақты түрде қамтамасыз етіп келеді. Тіпті, мекемедегі шаруашылықпен қамтамасыз ету жасағындағы сотталғандар да осы кітапханадан қажетті әдебиеттерін алып, бос уақыттарын пайдалы іске жұмсап жатады.
Қазіргі кезде шаруашылықпен қамтамасыз ету жасағында елуден аса сотталғандар бар десек, олардың әрқайсысы өздеріне жүктелген міндеттерді тиянақты атқарады. Ал демалыс және өзін-өзі тәрбиелеу секциясы әр мерекеде концерттер ұйымдастырып, жазасын өтеушілер арасында спорттық ойындардан сайыстар өткізді.
Биылғы жылдың мамыр айында мекемеде екі рет ашық есік күні өткен болса, оның бірі қалалық прокуратура тарапынан ұйымдастырылды. Сондай-ақ, мұндағы жазасын өтеушілер әзірлеген шағын концерттік бағдарламамен әспеттелген шара аясында сотталғандардың туғандары мекеме аумағына кіріп, жақындарының жатар орнын, тамақтанар жері мен бос уақыттарын өткізуге арналған демалыс бөлмелерін, тазалық кешендерін аралап шықты. Сөйтіп, келушілердің басым бөлігі жасақтағы тазалық пен жасалған жағдайды көріп көңілдерін бір демдеп қайтқан-ды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»