Жалпы, Қазақстан тәуелсіздік алғалы күрес түрлерінен Олимпиада ойындарында 17 жүлде жеңіп алды. Олимпиадалық жүлде саны бойынша күрес екінші орында тұр. Алайда, осы 17 медальдың біреуі ғана алтын. Бес рет балуандарымыз финалда сүрінсе, 11 мәрте қолаға қол жеткізді. Бір қарағанда, жап-жақсы көрінетін статистиканы әрі қарай тарқатқанда, біраз мәселенің беті ашылады.
Олимп шыңын бағындырған жалғыз қазақстандық балуан – грек-рим күресінің шебері Юрий Мельниченко. Ол Қырғызстанда туып, сонда өссе де, 1990 жылы тоғызыншы территорияға біржола қоныс аударды. Биік белестер мен үлкен жетістіктерге Қазақстанда қол жеткізген Мельниченконы легионер деп айту қиын.
Әйтсе де, жоғарыда айтылған 17 медальдың жартысына жуығы легионерлердің үлесінде екендігі белгілі. Мысалы, 2004 жылғы Олимпиадада жеңіп алған 2 күміс пен 1 қола медаль иегерлері сырттан келген спортшылар. Афинада ақтық сында сүрінген грек-рим күресінің шебері Георгий Цурцумия Грузияның тумасы. Ол Қазақстан сапында 2001 жылдан бастап қана өнер көрсете бастады. Тағы бір күміс жүлдегеріміз, еркін күресте ойқастаған Геннадий Лалиев осетиндік спортшы. Ал грек-рим күресінен қола жүлдеге қол жеткізген Мхитар Манукян Армения құрамасы сапында, тіпті 1996 жылы Олимпиадаға қатысып үлгеріпті. Ол Қазақстан атынан жарысқа 1997 жылдан бастап қатыса бастады.
Бейжіңдегі 5 медальдың екеуін тағы легионер балуандар жеңіп алды. Жалғыз күмісті қанжығасына байлаған еркін күрес шебері Таймураз Тигиев – Владикавказдың түлегі. Ол Қазақстан сапына 2006 жылы қосылды. Алайда, Таймураздың күмісі 2016 жылы «қолды» болды. Допингке қарсы жауапты мекеме WADA Тигиевтің қанының құрамынан тыйым салынған препарат табылуына байланысты оны Бейжің Олимпиадасындағы күміс жүлдесінен айырды. Айтпақшы, сол байрақты бәсекеде еркін күрестен Олимпиадада қола медаль алған Марид Муталимов Дағыстанда дүниеге келген. Муталимов Қазақстан атынан екі рет Олимпиадаға қатысты.
Лондон Олимпиадасында балуандарымыз үш қола жүлде иеленгені белгілі. Соның екеуінде легионерлердің еңбегі бар. Мәселен, дағыстандық Даниял Гаджиев грек-рим күресінен олжа салды. Ал Гюзель Манюрова Ресей атынан Афина Олимпиадасына қатысып, күміс жүлдені қанжығасына байлаған болатын. Сондай-ақ, ол Қазақстан атынан Лондон және Рио Олимпиадаларына қатысты. «Тұманды Альбионда» Гюзельге қола медаль бұйырса, Риода күміс жүлдені қоржынға салды. Балуан қыз Манюрованың жөні бөлек, ол отандық спорттың өркендеуіне спортшы ретінде де, бапкер ретінде де өлшеусіз үлес қосып келеді.
Бейжің Олимпиадасына еркін күрестен Ақжүрек Таңатаровты емес, легионер Леонид Спиридоновты үкілеп қостық. Алайда, «қинап қосқан тазы түлкі алмас» дегендей, сол сенім артқан Спиридоновымыз жүлдеге іліге алмай, туристер қатарын толықтырып қайтты. Сол кезде қарсыласының әлеуетін жақсы білетін жамбылдық жампоз Ақжүрек Таңатаров оның ұзаққа шаппасын айтқанда, әлдекімдер қызғанышқа жорығанды. Ал Лондонда Ақжүрек ел сенімін ақтады емес пе? Ендеше, Бейжіңде Ақжүрек балуанның бағын байлағанымыз сөзсіз.
Басқасы басқа, күрес түрлерінен сырттан спортшы шақыру масқара емес пе?! Бұрын-соңды қазақ топырағына жат спорт түрлері болса бір сәрі. Құдай-ау, басқасын айтпағанда кешегі алып КСРО-ның жеті дүркін чемпионы Дәулет Тұрлыханов сияқты саңлақты дүниеге әкелген халық емеспіз бе?! Ендеше, балуандарды басқа елден алдырту намыс қой! Өз балуандарымыз да легионерлер әкелуге қарсы. Мәселен, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков осыған байланысты өзінің уәжін талай мәрте баспасөз беттерінде мәлімдеген. Тіпті, өз балуандарымыздың әділетсіздік құрбаны болғандығын айтып, шырылдаған Байрамуковтың сөзіне ешкім құлақ асқан жоқ. Тараздың тағы бір өрені, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров та отандық балуандарға сенім артқанды жөн санайды.
«Легионер балуандарды шақыратындар күрестен хабары аз, оны түсінбейтін, қазақтың жағдайын білмейтін жандар ғой. Негізі жаттықтырушылар да оған қарсы. Таяуда құрамаға Маирбек Юсупов деген жаңа жаттықтырушы тағайындалды. Келгеніне көп болмаса да, тез арада қазақ балуандарын жаңа деңгейге көтеріп тастады. Азия ойындарындағы жетістігіміз ‒ соның дәлелі. Менің жасым 31-де болғанына қарамастан, тез арада қалпыма келуіме жәрдемдесті. Олай болса, өзіміздің балуандарға сенуіміз керек. Біздің алдымызда Жақсылық, Дәулет секілді ағаларымыз бар. Егер мүмкіндік берсе, солар секілді чемпиондар қазақ арасынан шығатыны анық», – дейді Ақжүрек Таңатаров.
Жергілікті балуандардың жетістігіне үңілетін болсақ, төмендегіше өріледі. Атланта Олимпиадасында еркін күрестен Мәулен Мамыров жүлделі үшінші орынға қол жеткізді. Ал Сиднейде еркін күрес шебері Ислам Байрамуков ақтық сында ғана сүрінді. Бейжің Олимпиадасында грек-рим күресінен сынға түскен Нұрбақыт Теңізбаев, Әсет Мәмбетов және Елена Шалыгина қола медальды місе тұтқан-ды. Кейіннен Теңізбаевтың қоласы күміске айналды. Нұрбақытты байрақты бәсекеде ұтқан Әзербайжан спортшысы Виталий Разимовтің қанынан рұқсат етілмеген препарат табылып, ол жүлдесінен айырылып, Теңізбаевқа күміс жүлде табысталды. Лондон Олимпиадасында еркін күрестен Ақжүрек Таңатаров жеңіс тұғырына шығып, үшінші орынға тұрақтады. Риодағы байрақты бәсекеден қыздарымыз ғана жүлдемен оралған-ды. Эльмира Сыздықова мен Екатерина Ларионова қола медальға қол жеткізді.
Әлем чемпионатында қазақстандық балуандар 38 медальды (5 алтын, 11 күміс, 22 қола) қанжығасына байлапты. Соның 10-ы легионер спортшыларға тиесілі (2 алтын, 2 күміс, 6 қола). Өкінішке қарай, 1998 жылғы әлем чемпионатынан кейін алтын алуға өз балуандарымыздың шамасы келер емес. Естеріңізде болса, сол жылы Бақтияр Байсейітов байрақты бәсекеде топ жарған еді. Бұл жағынан легионерлердің де олжасы онша емес. Алыстан аттай қалап алдырған балуандардың соңғы алтыны 1999 жылы бұйырып, Мхитар Манукян жеңіс тұғырының биігіне шыққан-ды. Содан бері отандастарымыз әлемдік аренада чемпиондыққа қол жеткізе алған жоқ.
Міне, тәуелсіздік алғалы бері күрес түрлерінен Олимпиада ойындары мен әлем біріншілігінде қол жеткізген жетістіктеріміз осындай. Қазақстан күрестен әлем чемпионаты медальдары саны бойынша бүкіләлемдік тізімде 31-орынға, ал Олимпиададағы медаль саны бойынша 35-орынға жайғасқан. «Күрес – қазақтың төл спорты» деген пікірді жиі айтамыз ғой. Әлем және Олимпиада ойындарындағы жетістігіміз аталған тұжырымға сәйкес келмейтіні анық. Оның үстіне, әр Олимпиада жақындаған сайын Қазақстан атынан бірнеше легионер балуанды аттай қалап алдыртып, бәйгеге қосамыз. Солардың кейбірі тіпті алғашқы белдесуінде-ақ сыр бергенін көз көрді. Еліміз тәуелсіздік алғалы Қазақстан атынан байрақты бәсекеге қатысқан 20-ға жуық легионер балуанның үшеуі ғана толыққанды қазақстандыққа айналды. Атап айтар болсақ, Юрий Мельниченко, Георгий Цурцумия және Гюзель Манюровалар бүгінде ел спорты үшін аянбай тер төгіп жүр. Қалған балуандар қомақты жалақысын, жүлдегерлерге берілетін қазақстандық сыйақыны алады да тайып тұрады. Сонда біз кімдерді, не үшін қолдап отырмыз деген заңды сауал туады. Болашақ балуандарымызды баулудың орнына басқалардың көмегіне қашанғы жүгіне береміз?
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»