Аймақтар • 20 Шілде, 2017

100 жыл бұрын жасалған домбыра

293 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық көр­ме­сінің аясында Атырау облысы­ның Астанадағы мәдениет күндері өтіп жатыр. Елорда тұрғындары мен қонақтары мұнайлы аймақтың өнерпаздары дайындаған 20-дан астам әр түрлі қойылымдар мен концерттерге, дефиле мен көрмелерге куә болды.

100 жыл бұрын жасалған домбыра

Көпшілік назарын «Астана» концерт залындағы Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрмесі ерекше аударды. Музейдің бөлім меңгерушісі Оксана Әлжанованың айтуынша, Астанаға 700-ден астам әр түрлі жәді­гер әкелінген. Құнды дүниелер қатарын­да Жылой ауданындағы Аралтөбе қорғанын қазу кезінде екінші «Алтын адамның» қабірінен табылған қола қанжар мен қайрақ тас бар. Күй анасы Дина Нұрпейісованың 1954 жылы соңғы рет концертке қатыс­қан кезінде таққан күміс белбеуі де көрменің көркін келтіріп тұр.

– Музей жәдігерлерінің арасында қолдан жасалған домбыра бар. Бір ерекшелігі, оны дайындауға малдың сүйегі мен таза күміс пайдаланылған. Музейге оны Махамбет ауданының тұрғындары Лекеровтер отбасы табыс­тады. Домбыраны 1906 жылы арғы аталары өз қолымен жасаған екен, – дейді Оксана Әлжанова.

Махамбет ауданындағы Сарай­шық ескі шаһарының орнына қазба жұмыс­тары кезінде табылған жәдігерлер ай­рық­ша назар аудартады. Мысал ре­тін­де, XIII ғасырға жататын жылтыр қытай фарфорынан жасалған ыдысты айтуға болады. Мұндай қыш ыдыстар дәулетті адамдардың арасында үлкен сұранысқа ие болған, егер у құятын болса, ыдыс түсін өзгертеді екен.

Көне қала орнынан табылған жәдігерлер арасынан иттің ізі бар кірпішті көруге болады. Музей қыз­меткерінің айтуынша, ертеде үйдің іргетасына иттің ізі бедерленген кір­піш­ті қойса, ол  шаңырақ бақыт пен бай­лық­тың ордасына айналады деп сенген.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген
Рақым ҚОЙЛЫБАЕВ