Қазақстан • 20 Шілде, 2017

Астана қаласында «Қазақстан-Түркия достық әуендері-2» атты концерт өтті

374 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Қазақ елі үшін ерекше жыл. Елорда төрінде әлем назарын аударған ЭКСПО көрмесі өтіп жатыр. Жаһандық көрме аясында Астана қаласында Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы «Қазақстан-Түркия достық әуендері-2» атты концерт өткізді.

Астана қаласында «Қазақстан-Түркия достық әуендері-2» атты концерт өтті

Мәдени шара Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігіне қарасты Түркі әлемі музыкалық ансамблі мен Астана қаласы филармониясының симфониялық оркестрінің қатысуымен өтті.

Қос оркестрді Австрияда білім алған, «Алтын таяқша» дирижерлар байқауының гран-при иегері Ернар Нұртазин жүргізді. Сонымен қатар, Түркияның белгілі әншілер Чидем Гүрдал мен Джем Гүрдал өнер көрсетті. Олар қазақтың белгілі «Дударай», түріктің «Теңіздегі кеш», «Өткенім – жүрегімдегі бір жара» атты әндерін орындады.

– ЭКСПО арқылы қазақ елінің атағы қазіргісінен де шарықтайтыны анық. Бұл көрме көптеген салаларда, әсіресе мәдениет бағытында Қазақстан мен өзге елдердің қарым-қатынасын жақындата түседі деп сенемін. Сонымен қатар, біз екі концерт өткізуді жоспарлап отырмыз. Алғашқысы бүгін өтсе, екіншісі ертең, яғни 21 шілдеде ЭКСПО алаңындағы Түркия ұлттық павильонында ұйымдастырылады – деді Чидем Гүрдал.

Шараға жиналған қауым екі елдің ұлттық, эстрадалық әндерін тыңдап қайтты. Бұл концерт Қазақстан мен Түркияның достығына арналғандықтан әнші Джем Гүрдал қазақ халқының ұлттық аспабы – домбырада өнер көрсетті.

 – Түркиялықтар үшін қазақ халқының орны қаншалықты екенін осы кештен байқауға болады. Айта кетерлік бір жайт, біз Қазақ елін ата жұртымыз деп білеміз. Осыған байланысты болар соңғы кездері біздің елде домбыраға деген қызығушылық артып келеді. Ыстанбұлда қазір домбыра тартуды үйрететін арнайы мектептер ашылды, – деді Джем Гүрдал.

Айта кетейік, 2016 жылдың 26 қазанында дәл осы атаумен, яғни «Қазақстан – Түркия достық әуендері» атты Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған концерт өткен болатын. Онда Димаш Құдайбергенов, Кәмшат Жолдыбаева, Гүлнұр Оразымбетова, Ақерке Тәжібаева, Ханзада тобы өнер көрсеткен еді. Ал бүгінгі шара соның жалғасы ретінде де елорда тұрғындары мен қонақтарына тарту етілді.

Бұдан бөлек, ұйымдастырушылар концертте көрермендерге арнайы лоторея таратып, Түрік әуе жолдары компаниясы «Turkish Air» тарапынан берілетін Ыстанбұлға барып қайту билеттері ойнатылады.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»