Әкелі-балалы Қаржаубаевтар үндінің тауысын, қытайдың қырғауылын, африканың түйеқұсын және үй құстарын бағуға білек сыбана кірісті. Бойлары 2,5 метр, салмағы 120-140 кг, тек етінің өзі 40-45 кг тартатын африкалық түйеқұстардың жұмыртқасы ақуызға бай, яғни шамамен 16 адамды еркін тойдырады. Сағатына 70 км бағындыратын бұл құстардың терісінен түрлі әшекей бұйымдар, аяқ киім, киім-кешек әзірленеді. Маңғыстауға әкелінгеніне бір жылдан асқан олар өңірді жатсынбай, тез жерсініп кеткен. Шаруашылықта қырғауылдың 10-ға тарта түрі бар, құстарға өз ерекшеліктеріне қарай арнайы орындар жасалған. Үйрек-қаздарға хауыз салса, бөденелерді белгілі бір температура сақталған ғимаратта ұстайды. Бөденелерден тәулігіне 800-ге дейін жұмыртқа алып, саудаға шығарса, ал үйрек-қаз өнімдерін нарыққа шығаруды келесі жылдан бастауды көздеп отыр.
Сырттан әкелінген жұмыртқаларды инкубаторда көбейтетін олар халыққа сапалы өнім беру үшін оларды құнарлы жем-шөп түрлерімен қоректендіреді. Мемлекет тарапынан субсидиямен көмек те алыпты. Алдағы уақытта құс санын және түрлерін көбейтіп, шаруашылық орналасқан жерден құс бағын ашып, этноауыл тұрғызу арқылы өңірде агро және экотуризмді дамытуға өз үлестерін қоспақ.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы