...«Қанды 37» кітабының тұсаукесері өтті
Қарлаг қасіреті ақиқатын ашуда көп жылдан бері қалам тербеп жүрген танымал журналист Екатерина Кузнецованың бұл көлемді еңбегіне 12 очерк енген. «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының мәслихат залында өткен кездесуде автор кітаптың жазылу тарихын баян етті.
Аталған туындының бір ерекшелігі – ату жазасына кесіліп, қаза тапқан тұрғылықты халық өкілдерінің толық тізімі берілген. Тұсаукесерде сөз сөйлеген Өрікбай Кәрібозов атасы Кәрібоз Шектібаевтың 1930-1932 жылдары Қарағанды қалалық кеңесінің бірінші төрағасы болғанын, Солтүстік Қазақстанда жауапты қызметте жүргенде қуғын-сүргінге ұшырағанын аталған кітаптан оқып білгенін айтып, қаламгерге ризашылығын білдірді.
Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.
...Фестиваль басталды
Екібастұздың қала және ауылдық аумақтарының шығармашылық және көркемөнерпаздар ұжымдары жұртшылықты ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған ән мерекесіне шақырды. Әр ауылдан келген әншілер тобы туған жер, достық жайлы халық әндерін шырқады. Ал, қалалық өнер ұжымдары әртүрлі тілдердегі әндерді орындады. Қалалықтарға жақсы таныс «Джуманджи», «Очарование» би ансамбльдері де өнер көрсетті.
Фестиваль аясында халық шеберлерінің сәндік-қолданбалы өнер көрмесі де ұйымдастырылды. Солардың арасында Александр Калянданың сымнан жасаған суреті, Татьяна Горбачеваның тіккен орамалы, Нәсіп Ахметова, Зылиха Төлегенованың халқымыздың оюлаған ұлттық бұйымдары, Алина Маматдинованың киізден жасалған кәде-сыйлары келушілердің көңілінен шықты. Осы фестивальде үздік шыққандар облыс орталығында өтетін «Әнім сенсің, туған жер» атты облыстық фестивальге қатысады.
Фарида БЫҚАЙ, Екібастұз.
...Жастардың жиыны болды
А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде жоғары және арнаулы оқу орындары студенттерінің өзін өзі басқару жүйесін дамытуға байланысты қоғамдық тыңдау өтті. Оған қаладағы барлық оқу орындарындағы белсенді студенттер қатысты. Шараны Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Студент жастар одағы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Жиын барысында «Студент жастар одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жандос Базартай, облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Айдын Қайруллаев, Қазақстан студенттер Альянсы Қызылорда қалалық өкілдігінің директоры Жасұлан Алдабергенов секілді азаматтар баяндама жасап, студент-жастардың күрмеулі мәселелері төңірегінде сөз қозғады. Онан соң жастар бір-бірімен пікір алысып, өзін өзі басқару жүйесі туралы ой бөлісті.
Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда.