Аймақтар • 22 Шілде, 2017

Солтүстік Қазақстанда жас туристер слеті өтті

229 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Екі күнге созылған слетке Көкшетау және Қызылжар өңірлерінен құрамында  жүзге жуық мүшесі бар 10 команда қатысып, бірнеше кезеңнен тұратын сайыстарда  күш сынасты.

Солтүстік Қазақстанда жас туристер слеті өтті

«Балаларға арқан көпір арқылы өту, тауға өрмелеу, от жағу, шатыр құру сияқты шарттар қойылды. Олар ептіліктерін көрсетумен бірге  әсем табиғатты да тамашалайды. Бойларына туған жерге деген сүйіспеншілік қасиеттерді ұялатады», дейді  облыстық дене тәрбиесі, спорт және алғашқы әскери дайындық оқу-әдістемелік орталығының директоры Қанат Сәдуақас.

Шатыр құру бәсекесінде Қызылжар ауданының жас қырандары  жылдамдық танытса, арқан арқылы өткелден өтуде Петропавл қаласының «Планета» командасы ешқандай қателікке бой алдырмай тәжірибелі екендіктерін байқатты. Тауға өрмелеуде Ғ. Мүсірепов  ауданының өкілдері алда болды. Ал от жағып, алау тұтату шартын қызылжарлықтар ғана шектеулі уақыт ішінде орындай алды.

Шалқар көлінің жағалауында әрі тынығып, әрі өзара күш сынасқан жас туристердің жеңімпаздары республикалық кезеңге жолдама алды.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»