Кино • 22 Шілде, 2017

Астанада XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі ашылды (фото)

270 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада кино мейрам феноменіне айналған әйгілі XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің ашылу салтанаты өтті. Еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиғаға айналған фестивальге әлемнің атақты киножұлдыздары Николас Кейдж, Эдриен Броуди, сондай-ақ, Үндістан, Ресей, Қытай мен Еуропаның танымал актерлері, режиссерлері мен киносыншылары қатысып жатыр. Кеш шымылдығы қазақ кино өнерінің төлқұжатына айналған «Қыз Жібек» көркем фильмімен ашылды.

Астанада XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі ашылды (фото)

Салтанатты кештің ашылуында сөз алған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың фестиваль қатысушыларына арнайы жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

«Сіздерді осы фестивальдің ашылуымен құттықтаймын. Бұл форум Қазақстанның мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі әрі Орталық Азиядағы басты кинофестиваль қатарынан саналады. Ашық креатив пен оның тұжырымдамасы озық тәжірибемен және шығармашылық идеялармен табысты бөлісу үшін қолайлы жағдай қалыптастырады. Биыл ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өтіп жатуының символдық мәні бар. Көрменің «Болашақтың энергиясы» атты тақырыбы кинофорумның теңдестірілген әрі үйлесімді әлем құру жөніндегі негізгі миссиясымен үндес. Осы кино форум Отандық кинематографияның одан әрі дамуы мен танымалдылығын арттыруда. Кинофестивальде сәтті тұсаукесерлер, жаңа есімдер мен қызықты туындылар, ал көрермендерге ұмытылымас жарқын әсерге бөленуін тілеймін», делінген Президент жолдаған хатта.

Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева, КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова, Димаш Құдайбергеновтер өнер көрсетіп, жұлдыздарды халық зор қошеметпен қарсы алды. Бибігүл Төлегенова мен Құман Тастанбек, Меруерт Өтекешовалар XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің ұйымдастыру комитеті тағайындаған «Кинематография өнеріне қосқан үлесі үшін» атты арнайы сыйлыққа ие болды. Сыйлықты табыстаған америкалық актер Николас Кейдж өнердің баршаға ортақ екенін айтады.

– Кино – коммуникацияның әмбебап тілі. Кино арқылы бүкіл әлемге тарихты тарқата аламыз. Керек десеңіз өз әсерімізбен бөлісіп, бір-бірімізді түсінісе аламыз. Киноның арқасында мәдени тосқауылдарды еңсере аламыз. Баршаңызға рахмет! – дейді «Оскар» сыйлығының лауреаты Николас Кейдж.

Кинофестиваль көрсетіліміне алыс және жақын шетелдер, Қазақстан мен Орталық Азияда түсірілген 296 фильм енген. Олардың ішінен іріктеліп алынған 101 фильм негізгі конкурсқа қатысады. 14 фильмнің әлемдік премьерасы, 11 кинотуындының азиялық тұсаукесері өтпек. Бұлардан бөлек көрермен назарына тағы бірнеше бағдарлама аясында түрлі жанрдағы фильмдер ұсынылмақ. Атап айтар болсақ, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясымен бірігіп ұйымдастырған «6 плаза» дамушы елдер бағдарламасына 66 ел қатысып, ең үздік фильмдер анықталмақ.

 

 

 

 

Ая ӨМІРТАЙ,

Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ,
"Егемен Қазақстан"