08 Қазан, 2011

Медиация және этносаралық мәселе

540 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарап­шы­лық кеңесінің қолдауымен және Әлеуметтік-саяси зерттеулер институтының ұйымдастыруымен «Поли­этнос­ты қоғам­да­ғы медиация: теориясы мен тәжірибесі» тақырыбында ха­лықаралық ғылыми семинар-практикум болып өтті. Оның жұмысына Болгария, Испания, Қазақстанның ха­лық­аралық сарапшы-меди­а­тор­лары, жетекші ғалымдары мен сарапшылары, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің де­пу­таттары, ҚХА Ғылыми-сарап­шылық кеңесінің, Журналист-сарапшылар клубының мүше­лері, аймақтардың ғылыми-сарапшылық топтарының жетекшілері, этномәдени бірлестіктер басшылары, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару акаде­мия­сының, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­си­те­тінің, Астана қаласындағы басқа да оқу орындарының оқытушылары мен магис­трант­тары қатысты. Пленарлық отырыста сөз алған Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы Төрағасының ор­ын­ба­сары – Хатшылық мең­герушісі Е.Тоғжанов, Парламент Мәжі­лісінің депутат­тары В.Вишниченко, Л.Хочиева, ҚХА Жур­налист-сарап­шылар клубының төрағасы Ғ.Шалахметов еліміздегі медиация жайынан жан-жақты ақпарат берді. Е.Тоғжанов сөзінде еліміз тарихындағы қоғамдық қа­рым-қатынастың өзі тұрақты мем­лекеттің қалыптасуына және  салты мен дәстүрі сақта­луына үлкен ықпал еткендігін ерекше атады. Медиацияны екі арадағы қарым-қатынасты реттеу шарасы ретінде қарас­тыруды ұсынған ол оның қа­зақ даласында, еларалық, мем­­лекетаралық және ру­ара­лық қарым-қатынастарда үлкен рөл атқарғандығын тілге тиек етті. Полиэтностық мемлекеттегі Ассамблеяның нақты жұ­мыстары медиация деген терминге толығымен жауап береді. Мәселен, этно­мәдени бір­лестіктердің жетекшілері өңір­лерге шығып, көптеген түйт­кілді мәселелерді шешуге өзін­дік үлесін қосып, медиатор болған кездері де аз емес. Қазақстан халқы Ассам­блея­сының тиімді жұмысы оған өкі­­леттік берілуінде, деді Е.Тоғжанов. В.Вишниченко қазіргі таң­­да әр түрлі қауіптердің бе­лең ала бастауынан көп­теген ел­дердің этносаралық татулық­тың маңызын түсіне баста­ған­дығын алға тартты. Сон­дық­тан медиация Қазақ­стан үшін ғана емес, әлем үшін де ма­ңызды болып табылады. Осы ретте Қа­зақстан тарапынан «Медиация туралы» Заң 2011 жылдың қаңтарында қабыл­дан­ғанын айта кету керек. Этносаралық дауларды ешқашан саяси мәселеге айналдыруға болмайды. ҚХА бүгінгі таңда азаматтық қоғам мен билік ара­сын байланыстырушы медиаторға айналып отыр. Әріптесінің сөзін толықтырған Л.Хочиева еліміз ядролық қарудан бас тар­тып, әлемдік қоғамдастық сеніміне ие болып, қазіргі таңда этносаралық қа­рым-қатынас саласында медиатор рөлін атқарып келе жатқандығын ортаға сал­ды. Сондай-ақ Қазақстан ИЫҰ басқару арқылы мұсылман әлемі мен еуропалық өркениет арасын жалғаған медиаторға айналып отырғанын атап көрсетті. Депутат осы орайда Қазақстан кез келген шиеленісті шешу алаңына айналып келе жатқандығын баса айтты. Сон­дық­тан медиация институты барлық жерде қажеттілікке айналуда, деді ол. ҚХА Журналист-сарапшылар клу­бы­ның төрағасы Ғ.Шалахметов бұқа­ралық ақпарат құралдарының этнос­аралық жағдайға қалайша әсер ететініне мысал келтіре отырып, медиа­ция­ның дау-жанжалдарды өркениетті жолмен шешуге ықпал жасайтын біріктіруші факторына үңілді. Бұдан кейін сөз алған отандық са­рапшылар қоғамдық қатынастар сала­сында кәсіби медиаторларды дайындау уақыт талабына айналғандығымен бө­лісті. Осы ретте қазақстандық сарап­тамалық-талдау орталықтары – Әлеу­меттік-саяси зерттеулер институтының және ЦЕССИ-Қазақстан институтының негізінде Халықаралық медиация орталығы құрылғандығы белгілі болды. Халықаралық сарапшылар және медиаторлар – К.Охридский атындағы София университеті саясаттану кафедра­сының профессоры Татьяна Дронзина (Болгария) мен Гранада универ­сите­ті­нің профессоры, медиация бағдар­ламасының жетекшісі Антонио Лозано (Испания) этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісінің демократия мен дел­дал­дық­тың тиімді құралы ретіндегі маңызына тоқталып өтті. Осылайша халықаралық ғылыми семинар-практикумда медиацияны пай­даланудың техникалары мен тетіктері жан-жақты талқыланды. Бүгін осы мәселе бойынша тренинг өткізіледі деп күтілуде. Соңынан оған қатысушылар халықаралық үлгідегі сертификатқа ие болады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.