Кеше Парламент Сенатында «Парламентаризм – егемендіктің және тәуелсіз Қазақстанның қарышты дамуының кепілі» тақырыбына арналған конференция болды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Шараға Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңестің, Президент Әкімшілігінің, Жоғарғы Соттың, прокуратура, әділет органдарының, ғылыми орталардың өкілдері қатысты.
Конференцияны аша келіп, Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің төрағасы Берік Имашев Қазақстандағы халық өкілдігі органының даму сатыларына назар аударды және Президент Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша 2007 жылы жүзеге асқан конституциялық реформалардағы парламентаризмді нығайтудың рөлі туралы атап өтті.
Парламенттік және қоғамдық бақылауды одан әрі күшейту мәселелеріне қатысты сенатор жоғарғы және жергілікті өкілді органдардың республикалық бюджетті бақылау жөніндегі өзара іс-қимылын жетілдіруді жақтайтынын айтты.
Конференцияға қатысушыларға арнап сөз сөйлеген Сенат Төрағасының орынбасары Александр Судьин Қазақстандағы парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың негізгі рөліне назар аударды. Төраға орынбасарының айтуынша, бұл талқылау Қазақстандағы өкілді билікті одан әрі дамыту және нығайту үшін өте пайдалы болатыны даусыз.
Конференцияда сөз алған Конституциялық Кеңес төрағасы И.Рогов, Жоғарғы Сот төрағасы Б.Бекназаров, Конституциялық Кеңестің мүшесі У.Стамқұлов, Парламент Мәжілісінің депутаты Н.Турецкий, Заңнама институтының директоры Ж.Бұсырманов, Бөкетов атындағы ҚарМУ конституциялық және халықаралық құқық кафедрасының меңгерушісі С.Амандықова парламентаризмнің қазақстандық үлгісіне, парламенттік бақылау мен парламенттік рәсімдерге, заңнамалық үдерістерді дамытудың келешегіне назар аударды.