Қазақстан парламентшілері мемлекетіміздің 20 жыл ішіндегі қол жеткізген табыстары туралы ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының мүшелеріне жан-жақты баяндап берді, деп хабарлады Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі.
Хорватияның Дубровник қаласында өтіп жатқан ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының кезекті күзгі отырысы шеңберінде болған бұл шарада Қазақстан туралы бейнефильм көрсетілді және ЕҚЫҰ ПА мүшелеріне еліміздің табыстары жайлы фотосуреттермен көркем безендірілген кітап табыс етілді.
Осы жиында сөз алған Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков бақ қонып, ынтымағы жарасқан Қазақ елінің ішкі және сыртқы саясаттағы табыстары жөнінде әңгімеледі. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында атқарылған ауқымды істерге тоқталды.
Қазақстандық делегация құрамында Мәжіліс депутаты Әмзебек Жолшыбековпен бірге, Светлана Бычкова және сенаторлар Қуаныш Сұлтанов пен Әділ Ахметов бар.