ЭКСПО-2017 • 24 Шілде, 2017

Соломондықтар өнері көпшілікті тәнті етті

117 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанадағы халықаралық көрмеде Тынық мұхиты маңындағы Соломон арал­дарының тұрғындары ұлттық күнін тойлады. Мерекеде «Inamauri Panpipers» тобы мен вокалист Эван Манунуа дәстүрлі өнерлерін көр­се­­тіп, өздеріне тән эк­зо­тикалық образдарымен, ырғақты әуендерімен көп­шілікті тәнті етті. Шара ба­рысында елде дамып жат­қан инновациялық тех­нологиялар жайында да көп дүние айтылды.

Соломондықтар өнері көпшілікті тәнті етті

Басқосуда аралдың тау-кен өндірісі, энергия және ауылдық аймақтарды электрлендіру министрі Дэвид Дэй Пачи сөз сөйледі. Ол мемлекеттің барлық өңірлерінде жел, күн және су қуаты қалай пайдаланылатынын тілге тиек етті. «Соломон арал­дарының қалада да, ауылда да жаңартылатын арзан энергия көздеріне қол жет­кі­зуді қам­та­масыз ете алатын әлеуеті бар. Қа­зіргі уақытта біздің өңірлерде электр қуаты шектеулі және ми­нис­трлік сенімді әрі қолжетімді энергия жеткізілімдері үшін бір­қа­тар жобаларды іске асыруда. Провинцияларды энер­гетикалық дамыту, Тина өзенінің гидро­энергетикасын ілгерілету секілді бірнеше жоба бойынша донорлармен тығыз байланыс орнаттық. Бізге Тәңір сыйлаған ресурс­тарды нығайту және пайдалану мақсатында үкіметпен және Соломон аралдарының халқымен жұмыс істеу үшін барлық әлеуетті инвесторларды және әріптес донорларды шақырамыз», деді Дэвид Дэй Пачи. 

Салтанатты шара мәресіне жеткеннен кейін, қонақтар 600 мың ғана тұрғыны бар елдің көрмедегі павильонын аралады. Соломон аралдары – Тынық мұхитының оңтүстік батысын­да орналасқан 992 аралдан тұ­ратын мемлекет. Екі ел ара­сындағы дипломатиялық қа­рым-қатынастар бес жыл бұ­рын орнаған. Бұл арал табиғи ре­су­рстарға бай. Алайда, шикізаттың ба­сым бөлігі экспортқа жіберіледі. Салдарынан елде жанар-жа­ғар­май, отын бағасы қарыштап тұр. Сол себепті, аралда баламалы энергия көздерін дамыту – өте өзекті мәселе. 

2015 жылы инвесторлардың арқасында ел астанасы Хониара қаласында фотоэлектр күн стансасы ашылды. Құрылғы тек елорданы ғана емес, бүкіл мемлекет аумағының 7%-ын баламалы энер­гиямен қамтамасыз етеді.