ЭКСПО-2017 • 24 Шілде, 2017

Айрықша шам мен «ақылды есептеуіш»

497 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Малайзия павильонында күннен қуат алып, энергия үнемдейтін «Q-RAY LED Streets» деп аталатын құрылғы көшелерді жарықтандыруға арналған.

Айрықша шам мен «ақылды есептеуіш»

«Бұл – көше шамдары. Ол энергияны 50 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жарықты 30 пайызға артық бөледі. Шамның қуаттылығы – 150, 250, 400, ал кішкентайы – 70 ватт. Энер­гия үнемдегіш шамдар энергияны күн панелдері орнатылған электр станса­сы­нан алады. Ал электр стансасы көше шамдарына жақын аумақта орналасады. Қа­зіргі таңда Малайзия бұл өнімін Авс­тра­лияға сата бастады», дейді павильон та­­­ныс­тырушылары. 

Павильондағы «ақылды есептеуіштер» де назар аудартады. Бұл құрал арқылы энергия тасымалдаушы компания пәтер мен үйдегі қуаттың көрсеткішін арнайы бағдарлама арқылы жұмыс орнында бақылай алады. «Ақылды есептеуіштің» ішіне GSM жүйесі орнатылған. Бұрын қызметкерлер пәтерлер мен үйлерді аралап, есептеуіштегі энергияның көрсеткішін жазып жүретін. Ал қазір бұл жағдай ұмытылуда. Мысалы, аталған құрал арқылы электр энергиясын тасымалдайтын компанияның қызметкері жұмысында отырып-ақ, пәтерлер мен үйдегі электр энергиясының көрсеткішін бақылай алады. Сондай-ақ, сіздің есептеуішіңізге бөтен біреу қосылып, энергияны сізден ұрлай алмайды», дейді қызметкерлер.