Әдебиет • 24 Шілде, 2017

Сыр ақтарды Сыр қызы

352 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ поэзиясына жаңа леп әкелген жас ақындардың бірі Асылзат Арыстанбек оқыр­ман­дарымен жүз­десті. Астанадағы Жастар са­рай­ында өткен «Сіз ғана...» атты шы­­ғармашылық кеш керемет жыр­­лардың әсерімен есте қалды. Он­да Оқушылар са­рай­ының тә­лімгерлері ақынның өлеңдерін нә­шіне келтіре орын­дап, жыр же­лі­сіне сай кө­рі­ністермен әрледі. Сон­­дай-ақ, Лена Әбдіхалықова, Ел­мұра Жаңаберген сынды дәс­түр­лі орын­даушылардың өнері көп­ші­лік­­тің ықыласына бөленді.

Сыр ақтарды Сыр қызы

Турасын айтсақ Асылзат ақын оқыр­мандарына махаббат тақы­рыбындағы ли­рикаларымен таныс. Шара барысында жүрек түкпірінен сезім қылын шертіп туған жырлар аз оқылған жоқ. Автор «Мұң­ның қою бояуын малып алып...», «Сізді ойласам кетем неге өрекпіп», «Шыр айналған бақытты сәттерімде» деген өлеңдерімен қатар, «Сіз ғана...», «Мен сізді күліп қарсы алғым келген» сынд­ы жаңа туындыларын да оқыды. 

Көпшілік патриоттық тақырыптағы шығар­малардан да сусындады. Қазақ­тың соңғы ханына арналған «Бас», «Кенесарының аруағына мұң шағу», «Ке­несары және мен» атты цикл өлеңдері мен «Ата» ұғымы туралы ақ өлең», «Қас сақ астанасы туралы әф­са­на» деген дүниелері ерекше рух сыйла­ды.
«Əр оқырманым мен тыңдарманым осы кеште оқылған өлеңдерімнен өзін тап­са, мақсатыма жеткенім. Астана тө­рінде тұңғыш рет өткен кешіме ел­орда əкімдігі мен Мəдениет бас­қар­­масының қолдау көрсеткенін айт­қым ке­леді. айналамда жүр­ген қарапайым дос­тарымның көмегі өлшеусіз. Сон­дық­тан барлығына шын пейіліммен ал­ғы­сымды айтамын», деді басқосуда Асылзат Арыстанбек.

Кеште автордың «Сіз ғана...» деп аталатын жаңа кітабы көпшілікке таныстырылды. «Бұл – лирикалық кейіпкерден асып, өз кейіпкерін тапқан ақын қыздың батыл қадамы деп ұғыңыз», деген болатын автор туындысы жайында. 

Асхат Райқұл,
«Егемен Қазақстан»