Аймақтар • 24 Шілде, 2017

Алматыда қарттарға арналған қайырымдылық шара өтті

157 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қамкөңіл қарттар мен ардагерлерді ардақтау баршаға ортақ міндет. Оларға материалдық көмек көрсетумен қатар рухани қамқорлық таныту әрдайым басты назарда болуға тиіс. Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының кинозалында «Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының» қарттарына, Ауған соғысы ардагерлері мен ҰОС және еңбек ардагерлеріне арналып қайырымдылық көрсетілім өтті.

Алматыда қарттарға арналған қайырымдылық шара өтті

Алматы қаласы әкімдігі және Қазақфильм АҚ қолдауымен іске асып келе жатқан игі іс осымен жиырмасыншы рет ұйымдастырылып отыр. Қайырымдылық көрсетілімді тамашалауға келген жүз қонақтың жүзі жадырап бүгінгі шарадан рухани нәр алып қайтты. Ұлттық өнерді насихаттап, дәстүрлі өнерді дамыту мақсатында ашылған театрдың кинозалында Отандық кинотуындыларға ерекше басымдылық берілген. Ұйымдастырушылар бұл көрсетілімнің басты мақсаты – қарияларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаумен қатар, өскелең ұрпақты қайырымдылыққа, үлкенді құрметтеуге, жақсылық жасауға шақыру екенін айтады.

 – Дана халқымыз «Қалтылдайды екен деп қарттықты сөкпе, бәріңнің барар жерің сол» деп тегін айтпаса керек. Үлкенге құрмет көрсету бабамыздан жалғасып келе жатқан қанымызға сіңген қасиет.  Оны жоғалтып алмау, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу біздің борышымыз. Бүгінгі шарада бас қосқан қариялар бір-бірімен шүйіркелесіп, ойларындағысын ортаға салып көңілденіп қайтты. Олардың жүздерінен жылылық көргенде біздің де көңіліміз  көкжиекке көтеріледі. Себебі қарттарда бала сияқты. Әсіресе, күн санап  саны азайып саптан шығып жатқан ардагер аталарға, тыл ардагерлеріне моральдық қолдау білдіру ауадай қажет. Мемлекетіміз ол кісілерге үнемі қамқорлық танытып келеді. Сол дәстүрді жалғап жастарға үлгі етуіміз керек, – дейді «Алатау» дәстүрлі өнер театры кинобөлімінің жетекшісі Рита Халелқызы.

Шара соңында қариялар ұйымдастырушыларға шынайы  ризашылығын білдіріп, еліміздің мәртебесі асқақтап келер ұрпақтың болашағы жарқын болуын тілеп тарқасты. Үлкенге құрмет көрсету кішінің міндеті. Қазыналы қартын сыйлаған елдің болашағы қай кезде де даңғыл болмақ. Қарттарға демеу, ұрпаққа үлгі боларлық осындай игі істердің көптеп өтуі көңіл қуантады.

Арман Октябрь,

«Егемен Қазақстан»

Алматы