Қазақстан • 24 Шілде, 2017

Түркі жастарын жақындастыратын шара

261 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында Түркі кеңесінің халықаралық жазғы лагерінің қорытындысы бойынша қоғамдық тыңдау өтті.

Түркі жастарын жақындастыратын шара

Қоғамдық тыңдау барысында аталған шараның барысы туралы айтылып, қатысушылардың пікірлері мен ескертпелері тыңдалды. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиевтің айтуынша, осындай үлкен лагерь ұйымдастыру елдің тұрақтылығы мен дамуының белгісі іспетті. «Елдің рухани жаңғыруын осындай байланыстар арқылы дамыта аламыз. Сондай-ақ, бұл жастардың бәсекелестікке қабілеттілігін арттырып, білім көкжиегін кеңейтетіні сөзсіз», – дейді Талғат Қалиев.

«Нұр Отан» партиясы  «Жас Отан» ЖҚ төрағасы Данияр Манарбекұлы атап өткендей, жазғы лагерьде Түркі кеңесі жастары арасында мәдениет аралық байланыс, жастар саясаты саласында озық тәжірибе мен инновациялық жобалар алмасты.

Жиынға келген қонақтар да жазғы лагерьге қатысты өз пікірлерімен бөлісті. Қазақстан КВН Одағының Президенті Есен Елеукеннің пікірінше, түркі жастарының басын біріктіретін жобалардың көп болуы құптарлық әрекет. «Біздің КВН Одағы да түркі жастарына арналған «Жайдарман» ойындарын ұйымдастырып келеді. Бастапқыда оның өміршеңдігіне күмәнмен қарағандар болған. Алайда түркі жастары арасында «Жайдарман» өткізудің мүмкін екенін дәлелдей алдық. Осы орайда, жазғы лагерьге қатысатын елдер санын арттыруды ұсынғым келеді. Мәселен, көрші Ресейдегі түбі түркі ұлттар Қазақстанға үлкен үмітпен қарайды», – дейді Есен Елеукен.

Жазғы лагерьді ұйымдастырушылары шараға әуелі Түркі кеңесінің құрамындағы мемлекет өкілдерін ғана шақырған екен. Алайда алдағы уақытта қатысушы елдер санын ұлғайтатынын айтады. Ал Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі өкілдері мұндай жазғы лагерьді жыл сайын өткізу жоспарда бар екенін және оны әр елде ұйымдастырылатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар, қоғамдық тыңдаудың соңында «Нұр Отан» партиясы  «Жас Отан» жастар қанаты төрағасы Данияр Сүндетбаев пен «Хазар» Әзербайжан этно-мәдени орталығы» жастар қанаты төрағасы Инаят Мифталиев «Қазақтар секілді өмір сүру» жобасын жүзеге асыру  бойынша меморандумға қол қойды. Жоба ұйымдастырушылары 3 ай мерзімінде 16 облыс, 22 қаланы аралап, көпшілікке халқымыздың мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін, дәстүрін, фольклорын таныстыруды мақсат етіп отыр.

Естеріңізде болса, 10-16 шілде аралығында Ақмола облысы, Зеренді ауылында Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі және «Жас Отан» жастар қанаты корпоративтік қорының ұйымдастыруымен Түркі кеңесінің халықаралық жазғы лагері өткен болатын. Оған Қазақстан, Әзірбайжан, Түркия және Қырғызстан елдерінен келген 100-ге жуық белсенді жастар қатысты. Төрт елдің жастарын жинаған жиын барысында топ құруға арналған тренингтер, көшбасшылық қабілетті дамыту тәсілдері, SMM жүргізуге байланысты семинарлар өткізілді. Шараға жиналғандар жастар саясатын жүргізуге арналған жобаларды іске асырудың әдістерімен бөлісіп, тәжірибе алмасты. Сондай-ақ, қатысушылар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының негізгі басымдықтарына бағытталған дискуссиялық алаң өткізді.

Лагерьді ұйымдастырушылардың сөзіне сүйенсек, бұл шара түркі мемлекеттері арасындағы қатынастың жақсаруына, мәдениет аралық байланысқа, түрлі деңгейдегі жастар жобаларын біріктіруге мүмкіндік жасайды. Сондай-ақ, ашық пікір алмасу және жастар ұйымы мен көшбасшылары қарым-қатынасын нығайту да осы жазғы лагерьдің мақсаттарының бірі.

Абай Асанкелдіұлы,

«Егемен Қазақстан»