Спорт • 25 Шілде, 2017

Біздің жігіттер шөгенді жатсынбайды

371 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аргентинаның ұлттық күні аясында латынамерикалықтар мен Қазақстан құрамасы шөген ойынынан жолдастық кездесу өткізді. Ат спортының бұл түрі Аргентинада жақ­­сы дамыған. Ал біздің елде енді ғана қолға алынуда. Ат құлағында ойнаған жігіттеріміз тәжірибелі қар­сы­лас­тар­мен тең дәрежеде ойын көрсеткенімен, 5:3 есе­бі­мен есе жіберді. Дегенмен шабандоздар кездесуден үл­кен тә­жірибе жинады.

Біздің жігіттер шөгенді жатсынбайды

Еліміздің Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы өкіл­де­рінің айтуынша, бүгін­де өңір­лерде шөген ойнайтын ша­ғын командалар бар. Алда­ғы уақытта солардың басын бі­­рік­тіріп, ат спортының осы түрін дамыту жос­парда тұр. «шөген спортынан ел­ордада өткен бұл кездесу ал­ғаш рет ұй­ымдастырылды. Матчқа әр ко­ман­да­дағы 3 ойыншыдан барлығы 6 спорт­шы қатысты. Ойын 3 бөлiмнен тұрады, ал әр бөлiмi 7 минутты құрайды. Ойынға қатысқан жылқылардың бар­лығы өзiмiздiкi», дейді  шөгеннен Қарағанды қа­лалық қауымдастығы басшысы Асланбек Мешков. Ма­манның айтуынша, Арген­ти­нада бұл ойын бір­не­ше мыңдық стадиондар жинайды. Қазақстанда да дамуы тиіс, себебi қазақтар ежелден жылқыны қас­тер­лей­ді. Аргентиналықтар да бұл жа­нуарды жо­ғары ба­ға­лайды. 

Елiмiзде аргентиналық жыл­қы тұқымын будандас­тыру жоспарда бар көрінеді. Оның орташа бағасы 10 мың еуро­дан басталады екен. 
«Көкпар-Астана» жылқы спорты клубы» ЖШС дирек­торы Аманжол Хасенов қазiрдiң өзінде кез келген адам қаласа клубқа келiп,  шөгеннің секция­сына те­гiн қатыса алатынын айтты. «Онда көкпар ойнайтын 10 шабандоз дайындық үс­тінде. Көкпар ойнағандар шөген ойынын тез үйреніп алады. Оның техникасын меңгеруге әрі кеткенде 2-3 ай ғана уақыт қажет. Балалар 11-15 жастан бас­тап ойнаса, 60-70 жастағы қариялар да спорттың бұл түрімен айналыса алады», дейді А.Хасенов.

«Ойын керемет өтті, бар­лығы жоғары деңгейде ұй­ым­дастырылған. Мұндағы ат­тар көкпарға машықтанған. Бірақ ат спорты болғандықтан, қазақстандықтар шөгенді тез меңгеріп алады деп ой­лай­мын. Сондықтан өз­де­рін әлемдік деңгейде көр­се­тулеріне мүмкіндіктері мол. Ал біз тәжірибе алмасуға әр­қа­­шан әзірміз», дейді ар­ген­ти­налық ко­манданың ойын­шысы Фернандо Швайцер.
Ойынды тамашалауға Ақпарат және коммуникация­лар министрі Дәурен Абаев, Аргентинаның БАҚ жә­не қоғамдық пiкiр министрі Эрнар Ломбарди және басқа да лауазымды тұлғалары келдi.