Бірнеше адам болып таксиге отырғаннан кейін әңгімені су бағасынан бастауға тура келді. Әркім білгенін ортаға салып жатыр. Біреу судың бағасына онша мән бермейтінін байқатса, екіншілері де сол тұрғылас ойларын айтып қалуда. Барлығы да салыстыру арқылы білінеді емес пе. Біздің де көздегеніміз осы еді. Сонымен Төкен ақсақалмен судың жайын білмекке кірісіп те кеттік.
Ақсақал мешіт айналасына отырғызылған гүлдердің қурап қалғанын және шыршалардың сарғайып бара жатқанын уайымдап тұр. Мен «судың қымбаттығынан ба?» дедім келгендегі шаруамды меңзеп. «Жоқ», деген Т. Шәймерденов арамшөп қаптап, қурап кеткен гүлдер мен сарғайған шырша ағаштарының мешіт қызметкерінің назарынан тыс қалғандығын айтты. «Жаңадан көшіп келген жас жігіт еді, ескерту керек екен» деді. Сонымен осындағы аудандық статистика басқармасына бас сұқтық. Бізді қарсы алған маман Ғалия Ахметова аудан бойынша 52 елді мекен бар екендігін алға тартты. Алайда елді мекендер бойынша тұрғындар саны жөнінде жеке мәліметтер жоқ болып шықты немесе бергісі келмеді. Ал қолымызға ұстатқан мәліметке сенсек, 2016 жылдың 1 мамырында аудан тұрғындарының саны 69540 адамға жетіпті. Әрине, бұл жауап бізді қанағаттандыра қойған жоқ. Сондықтан да аудандық әкімдікке баруға тура келді. Олар берген деректерге қарағанда, қазіргі таңда аудан аумағындағы 53 елді мекенде 144551 адам тұрады екен. Тек Ақмол ауылдық округінде 11350 адамның тұрақты тұратынын білдік. Тек содан кейін ғана су тарифін орынсыз көтеріп отыр деген Целиноград ауданы әкімдігі жанындағы «Целиноград Су Арнасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық мекемесіне бет бұрдық. Мекеме басшысы орнында жоқ болып шықты. Оның орнына осы мекеменің бас экономисі Валентина Ларионова қарсы алды.
Целиноград «Су Арнасы» ШЖҚ МКК-нің 2015 жылдың 1 тамызынан 2020 жылдың 1 тамызына дейінгі стационарлық құрылғылардан су беру және ағынды суды бұру жөніндегі ұзақ мерзімді бағдарламасы Ақмола облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті тарапынан 2015 жылдың 26 маусымындағы бұйрығымен бекітілген. Т. Шәймерденов бұл ретте бағдарламада 2014 жылдың көрсеткіштері назарға алынбағандығын айтып, бесжылдық жоспарды жасау ережелері сақталмағандығына назар аударды. Аталған бұйрықтың №3 қосымшасында қызмет көрсету көлемі бес жылда да 622,839 мың текше метр деп көрсетіледі. Сондай-ақ, әр жыл сайын нормативтік судың төгілуі 16,05 пайыз деңгейінде белгіленіпті. Бұған арызданушы судың жол бойы төгілуі шартты нәрсе, небәрі 3-5 пайыз болуы керектігін айтып, қосымша кестеде көрсетілгендей оған 11,8 млн теңге шығындаудың еш реті жоқ деп санайды. Ал адам санының жыл сайын артып келе жатқанын және олардың міндетті түрде су тұтынатынын ескерсек, мұндай есеп біздің күмәнімізді тудырғаны рас.
Мекеменің бас экономисі Валентина Ларионова өз сөзінде Ақмол ауылдық округында 9 мың тұрғын бар деп қалды. Мұндай мәліметпен келіспейтіндігін білдірген Т.Шәймерденов жеткізілетін су көлемі төмен деңгейде етіп көрсетілген дегенді алға тартады. Оның есебіне қарағанда, 13 елді мекенде кем дегенде 50-60 мың адам тұрады. Бір адамға норматив бойынша 3 текше метр су қажет болса, ол жылына 36 текше метр тұтынуы тиіс. Ал 60 мың адамға шаққанда жылына 2160000 текше метр тіршілік нәрі қажет екен. Жалпы, Целиноград «Су Арнасы» ШЖҚ МКК 24 мың адам тұратын 28 елді мекенге су тарататынын білдік. Бір ғана Ақмолда адам саны бойынша қайшылық барлығын ескерсек, 28 елді мекенде қанша адамның тұратындығы туралы нақты мәлімет қайдан болсын. Оның үстіне Төкен ақсақал Ақмол ауылында төрт құс фабрикасы, үш кірпіш зауыты, емхана, мектеп, екі балабақша және отызға тарта дүкен, үш мейрамхана жұмыс істеп тұрғандығын, есептің дұрыс жүргізілмегендігін айтты.
Осындай олқылықтар салдарынан тұрғындар бір жарым жылда 113,5 млн теңге артық төлегендігін тілге тиек еткен бұрынғы бас экономист Т.Шаймерденов Ақмол ауылы тұрғындарының 35 пайызы ғана көп қабатты тұрғын үйлерде тұрады дегенмен де келіспейтіндігін білдірді. Арызданушы оны 90 пайызға жетті деп санайды. Өзіміз бас сұққан Ақмол ауылдық округі әкімдігі берген мәліметте жер үйде тұратындар 5 пайызды құраса, ал қалған 95 пайызы көп қабатты үйлерде тұратындығын растады. Біздің білгеніміз, су мекемесінің кірісі шынымен де 21 пайызға артып, 140 миллион теңгенің инвестициялық бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған. Су арнасының өз ғимараты бой көтеріп, артынан автотұрақ пен құрал-жабдықтар сақтайтын қойма да салынуда. Инфляцияны ескерген мекеме басшылары жұмысшыларының жалақысын 30 пайызға көтеріпті. Әрине, мұның барлығы аталған мекеменің ішкі шаруасы. Біз тарифтің неге осыншалықты қымбаттығына жауап іздеуге тырыстық. Бұл орайда тарифтің дифференциалды әдістеме бойынша белгіленетінін айта кету керек. Ең төменгі тариф, яғни адам басына минималды тұтынудың орташа тарифі судың 1,5 текше метріне 178 теңге деп белгіленсе, одан артқаны 201 теңге және 3 текше метрден жоғарысына 396 теңге бекітіліпті.
Қалай болғанда да, Ақмол елді мекенінің тұрғындары тіршілік нәріне қымбат төлейтіндігін су жеткізу мекемесі де растап отыр. Бұл орайда «Целиноград Су Арнасы» ШЖҚ МКК су өткізу тобын құрып, оны субсидиялау мәселесін екі рет көтерген. Енді үшінші рет осындай ұсыныспен шықпақшы. Егер ол жоғары жақтан қолдау тапса, онда ақмолдықтар судың текше метрі үшін 30 теңгеден төлемек. Бұл әрине, жоспар ғана, оның орындаларын уақыт көрсетер.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы