Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі барлық бұқаралық ақпарат құралдары басшылармен, редакторлармен және журналистермен кездесуінде дәйекті дәлелдер келтіре отырып, нақты баяндады.
Айта кетейік, экономиканың белсенді өсімі облыстың республикадағы шапшаң дамитын өңірлерлердің бестігіне кіруіне мүмкіндік берді. Есепті кезеңде өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемі 4,9 пайыз артты. Өнеркәсіп кәсіпорындары 700 млрд теңгенің өнімін өндірді. Өңдеу өнеркәсібі 111,4 пайызға өсті. Аталмыш көрсеткіш бойынша облыс еліміздегі өңірлер арасында екінші орынға көтерілді. Негізгі капиталға құйылған инвестиция 131,8 пайызды құрады. Бұл өзге өңірлермен салыстырғанда анағұрлым жоғары көрсеткіш болып табылады. Өңір экономикасына 160 млрд теңгеден астам қаржы тартылды. Ағымдағы жылы 1700 жаңа жұмыс орнын аша отырып, жалпы құны 33 млрд теңге болатын 17 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Жалпы, осы кезеңде өңірде 8,2 мың жаңа жұмыс орны құрылды.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі де 103,7 пайызға өсті. Облыста «Кооперация туралы» заң тиімді жүзеге асырылуда, қазірдің өзінде 171 кооператив құрылды, тағы 26-сы осы жылдың соңына дейін жұмысын бастайтын болады.
Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының көлемі 111 пайызға өсіп, 242 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін кем дегенде 650 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту аясында осы жылы 15 мың жер телімін беру жоспарлануда. Айта кету керек, Ақтөбе – Қазақстандағы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «таунхаус» типіндегі үш қабатты несиелік және тез тұрғызылатын жеке тұрғын үйлердің құрылысын жүргізіп жатқан қалалардың бірден-бірі. Бірінші кезеңде 210 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 2952 пәтер, соның ішінде 2017 жылы 914 пәтер салынбақ. Белсенді тұрғын үй құрылысымен қатар қаланы көркейту және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.
Өңір басшысының айтуынша, 2017 жылы облыста салынып жатқан 23 мектептің 14-і пайдалануға беріліп, 5450 орындық мектепке дейінгі балалар мекемесі ашылатын болады.Өңірде сапалы әрі қолжетімді медицинаның дамуына да баса назар аударылуда. Ақтөбеде батысқазақстандық медицина кластерін дамыту жұмыстары жалғасуда. Осы жылдың өзінде 29 денсаулық сақтау нысанын, соның ішінде аудандарда салу қарастырылған.
Өңірде сондай-ақ, көлік-логистика саласын белсенді дамыту жалғастырылады. Осы жылы барлығы 141 шақырымдық республикалық маңызы бар жолдар 2,3 млрд теңгеге, 298,5 шақырымдық облыстық және жергілікті маңызы бар жолдар 8,8 млрд теңгеге орташа жөндеу жұмыстарын қажет етеді. «Ақтөбе-Ор» көлік жолын қайта қалпына келтіру, Ақтөбе қаласынан шығатын жолдағы өтпежолды салу секілді т.б. ірі жобаларды жүзеге асыру басталды.
Облыста мал азығын дайындау да қарқынды жүргізілуде. Жалпы, өңірде қол жеткен биіктен аласармаудың барлық алғышарттары бар.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ