Қазақстан • 25 Шілде, 2017

Әділдік салтанат құрды

265 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биыл көктем айында басталған осы бір іс қоғамда әртүрлі пікірлер туғызды. Әр адам оны өзінше жорып, оқиғаны әр саққа жүгіртті. «Қытайдан еліне оралып келе жатқан қанда­сы­мыздың 40 мың АҚШ долларын кеденшілер алып қалыпты» деген сөз желдей есті. Кімдікі дұ­рыс, ненің бұрыс екендігіне қай­сыбіреулер мән бермеді. Со­ның салдарынан іс соттан сотқа жет­ті. Енді міне, істің ақ-қарасы ай­қындалды. Заң­дылық пен әділ­дікті қада­ғалап, адамгершілік пен ізгілікті басшылыққа алатын прокуратура іске нүкте қойды.

Әділдік салтанат құрды

Адам қашанда өзінің ақ пейілімен, таза маңдай терімен тапқан қаржысының қау­іпсіздігіне алаңсыз сенетіні анық. Он­дай қаржысына біреу «сенікі емес» деп қол сала қояр деп те ойламайды. Өйт­кені ол өз еңбегінің өнімі. «Еңбек ет­сең – емерсің» дегендей, бір түйір нан болса да адал еңбекпен табылғандықтан жа­ның­ды жалғайды. 

Сол айтқандай, осы жылдың сәуір айында бар жиған-тергенін буып-түйіп, қырық мың АҚШ долларын отбасымен бірге елге алып келе жатқан Гүлжан Мәу­ітханның да көңіл күйі көтеріңкі еді. Бірақ ол осы қаржыға байланысты алда келеңсіз оқиға күтіп тұрғанын білген жоқ. Өйткені сонау Қытай еліндегі үйді са­тып, одан түскен қаржыға Қазақстанға от­басымен көшіп келген соң баспана сатып аламын деп ойлағандықтан да бейғам болатын.
Алайда «Майқапшағай» кеден бе­ке­тіне келгенде оның бұл сенімі тас-тал­қан болды. Әлгі сарымайдай сақ­таған қы­рық мың АҚШ доллары бір сәтте тәркіленіп алынды. Неге десе, «40 мың доллар декларацияда көрсетілмеген» дейді. Бірақ бұл арада о бастағы ниеті оң Гүлжан Мәуітханның еш кінәсі жоқ еді. Сол тұста оған бар жағ­дайды анық­тап жеткізуге, негізгі мақ­сат пен жау­ап­тылықты сезінуге, бұ­ған тағылған айып­тың мағынасын тү­сінуіне мүмкіндік бе­рілмеді. Өйткені Мәуітхан және оның қасына ерген туыстары қазақ тілінде сөйлейді, бі­рақ қа­зақша оқуды және жазуды игер­ме­ген-тұғын.

Сонымен, ресми деректерге қарағанда, «08.02.2017 жылы сағат 10-30 мөлшерінде ҚХР азаматшасы Г.Мәуітхан Мемлекеттік кірістер депар­та­ментінің «Майқапшағай» кеден бекеті ба­қылауынан 59 900 АҚШ долларын дек­ларациялаусыз, ірі мөлшерде, яғни өзі­мен 19700 долларын, қалған 10500 дол­ларын бауыры Мәуітхан Мұқиятқа, 9900 долларын таныстары Сайлан Мей­рамбекке және 9900 долларын Күл­жанат Солткенге бөліп беру арқылы өт­кізген. Содан сотқа дейінгі тергеу бас­талған. Ақыры Зайсан аудандық соты­ның 10.04.2017 жылғы үкімімен Г.Мәуіт­хан «Майқапшағай» кеден бекеті бақы­лау­ынан 40 000 АҚШ долларын деклара­циялаусыз, ірі мөлшерде өткізгені үшін кінәлі деп танылып, оған 30 АЕК кө­ле­мінде айыппұл салынған, аталған қа­ражаттар тәркіленген». 

Әрине, біз жоғарыда Мәуітханның қазақша сөйлегенімен, осы тілде жазуды және оқуды меңгермегендігін бекер айтқан жоқпыз. Осыған байланысты кеденде келеңсіздік туындаған көрінеді. Нақты айтқанда, айыпталушының сот ісін жүргізу тілін таңдау құқығы бұзылған. Соған сәйкес Г. Мәуітхан Шығыс Қазақ­с­тан облыстық сотына шағым түсіреді. Оның осы шағымы негізінде 02.06.2017 жыл­ғы апелляциялық сот алқасының қау­лысымен аталған аудандық сот үкі­мі бұзылып, іс прокуратураға қай­та­рылды. Бұдан кейін Шығыс Қазақ­стан облысы прокурорының бірінші орынбасарының міндетін уақытша атқарушы аға әділет кеңесшісі Е.Мәбиев қылмыстық іс құжаттарын зерделеу кезінде, Г.Мәуітханның жоғарыда атал­ған қаражаттар, өзінің ҚХР-да орна­лас­қан тұрғын үйінде тұрып келген үш отбасыға, яғни ұлы Әділбек екеуіне, бауыры Мәуітхан Мұқиятқа және жиен бауыры Сайлан Мейрамбекке ти­есі­лі үлестері екендігіне көз жеткізеді. Со­ған орай, Қытай еліндегі тұрғын үй­ді қабылдап алу және өтемақы тура­лы шартына сәйкес Г.Мәуітханға тиесілі тұрғын үйі мемлекет пайдасына өткізіліп, оған 593 133 юань өтемақы бөлінген. Ал бұл тұрғын үй құжат жүзінде Мәуіт­хан­ның атына тіркелгенімен, онда бас­қа отбасылар да тұрғаны жоққа шы­ға­­рылмайды. Демек, туыстарынан та­былған қаражаттар аталған үйге беріл­ген өтемақыдан бөлінген олардың өз үлестері екен. 

Кеден бақылауында оларға жеке тексеру жүргізіп, хаттамала­рын толтыру және түсініктер алу барысын­да аудармашы қатыстырылмаған. Жоғарыда айтқанымыздай, айыптау актісі Мәуітхан білетін тілге ауда­рыл­маған, аудармасы ұсынылмаған, яғни ол айыптың мағынасын түсінбеген. Ендеше, Мәуітханның сотқа дейінгі тергеу әрекеттерінің құжаттарын түсін­бедім деген уәждері орынды. Демек, мұның алдында оның өзін қор­ғау құқығының бұзылғаны да рас деген сөз. Осылайша түйіндей кел­ген­де айтарымыз, бастапқы кеден ба­­қылауында Мәуітхан Мұқияттан, Сай­лан Мейрамбектен және Күлжанат Солткеннен алынған қаражаттардың бар­лығы Г.Мәуітханға тиесілі деген айып тек болжаммен жасалған. Ал ҚПК-нің 19-бабына сәйкес сотталушының кi­нә­лiлiгiне сейiлмеген күмән олардың пай­дасына шешілуге тиіс. 

Ендеше заңдарымызға сүйенген прокуратура өкілі: «Қазақстан Республикасы Қыл­мыстық процестік кодекстің 35-ба­бы­ның 2-тармағына сәйкес, іс бой­ынша іс жүргізу қылмыстық құ­қық бұзушылық оқиғасының немесе қыл­­мыстық құқық бұзушылық құра­мы­ның жоқтығы дәлелденген кезде де, егер қосымша дәлелдемелер жинау үшiн барлық мүмкiндiктер қолданылса, олар­дың болуы дәлелденбеген кезде де осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1) және 2) тармақтарында көзделген негiздер бойынша тоқтатылады. Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 10-бабының 4-тармағына сәйкес, осы Кодекстiң ерек­ше бөлімінде көзделген, формальды түрде, қандай да бiр іс-әрекеттiң бел­­гiлерi бар, бірақ маңызы жағынан бол­машы болғандықтан, қоғамға қауiп төн­дірмейтін әрекет немесе әрекетсiздiк қыл­мыстық құқық бұзушылық болып табылмайды», дейді.

Сөйтіп, жоғарыда айтылғандарды сара­лай келгенде, Мәуітханның Қытай еліндегі тұрғын үйін сатып, орал­ман мәртебесін алып, отбасымен Қазақстан Республикасына көшіп келу­ді мақсат тұтқан әрекетін қоғамға қау­іп­ті деуге болмайды. Өйткені оның елі­мізге ақшаны құпия түрде, яғни жа­сырын әкелу секілді теріс ниеті бол­ған жоқ. Мұндай жағдайларда Мәуіт­ханға қатысты қылмыстық іс оның іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзу­шы­­лық құрамының жоқтығына бай­ла­нысты қысқартылуға жатады деп түйіндеді прокуратура. Осылайша Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы аталған істі мұқият зерделеп, Гүлжан Мәуітханның әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болмағанын толықтай анықтап, іске нүкте қойды. Тәркіленген қаражат иесіне толықтай қайтарылды. Әділдік тағы бір мәрте салтанат құрды.

Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»