Медицина • 25 Шілде, 2017

Денсаулыққа жүрдім-бардым қарамау керек

297 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел тәуелсіздігі жылдарында денсаулық сақтау жүйесінің ең басты мақсаты тұрғындардың денсаулығын толыққанды қамтамасыз ету және адам өмірінің ұзақтығын арттыру болды. Денсаулық сақтау саласын қайта құруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, абыроймен орындалды.

 Денсаулыққа жүрдім-бардым қарамау керек

Мемлекет басшысы медициналық көмектің қолжетімді және сапалы болуы үшін барлық жағдайды жасады. Әсіресе кадрларға айрықша назар аударылды. Дәрігерлер әлемнің үздік клиникаларында оқуға, тағылымдамадан өту­ге жіберіліп, шеберлік сабағына қа­тысты, сөйтіп, әлемдік деңгейде іс-тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие болды. Қазақстанда әртүрлі маман­дықты меңгерген дәрігерлердің қуат­ты кадрлық әлеуеті қалыптасты. Қа­зіргі заманауи жабдықтарды алуға қыруар қаржы қоры жұмсалды. Бүгін­гі таңда ірі қалалардың клиникалары ға­на емес, сондай-ақ, аудандық ем­ханалар да ауқымды клиникалық-диаг­ностикалық зерт­теулер жүргізе ала­ды. 

Әр уақыттың өз талабы бар. Әрбір аза­мат мемлекеттік медицинаға деген тұ­тынушылық көзқарасын өзгертіп, денсаулығына жауапкершілікті өз міндетіне алуы қажет. Елбасы халыққа Жолдауында: «Саламатты өмір салты мен өз денсаулығымызға деген тұтас жауапкершілік – мемлекеттік сая­сат­тың, денсаулық сақтау саласының, біздің халқымыздың күнделікті өмі­рін­дегі ең басты мәселе болуы шарт», деп атап көрсеткен. 

Қазіргі кезеңде біз «Денсаулық 2016-2019» бағдарламасын орындауға кірістік. Бұл шара тұрғындарды то­лық қамту қағидасын сақтай отырып, ден­саулық сақтау жүйесінің әлеуметтік қарқынды дамуына мүм­кіндік көзін ашады. Бұрын тегін медициналық көмектің кепілді көлеміне жұмсалатын барлық қаржы рес­публикалық және жергілікті бюд­жеттер есебінен қалып­тас­са, мін­детті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру (МӘМС) енгізілгеннен кейін қар­жыландыру үш көзден іске асырыла­ды, яғни мемлекеттік қар­жы қоры, жұ­мыс берушілердің қар­жы қоры, аза­маттар тарапынан аударылған қаржы қоры. Бұл – жұмыс берушінің өз қызметкерлері үшін жауап­керші­лігін арттырып, әрбір адамның өз ден­саулығына, туған-туысының сау­лы­ғына жүрдім-бардым қарамауы қа­жеттігіне барынша ықпал етеді. 

Тұрғындарды скринингтік (толық тексеру) қарау нәтижесі пациенттердің созылмалы ауруларын анықтады, олар мемлекет есебінен сауықтырылады (стационарлық және амбулаторлық емдеу, диспансерлік науқастар үшін тегін дәрі-дәрмектер беру). Бірақ «қалай ауыр­мау керек» деген мәселе әлі шешімін таппай тұр. Саламатты өмір сүру, зиянды әдеттерден бас тарту – ерік-күшті талап ететін ең қиын саты. Біз пациенттерді науқастанбай тұрып, аурудың алдын алу қажеттігіне тәрбиелеуіміз қажет. 

МӘМС жүйесін енгізуде Үкімет тарапынан зор жауапкершілікті, ерекше ынта-ықыласты аңғарамыз. Оған МӘМС-тің негізгі қағидалары дәлел бола алады. Ең бірінші – ауызбірлік пен теңдік. Әрбір Қазақстан азаматына оның табысы мен енгізген жарнасына қарамастан біртұтас медициналық қызмет көрсетіледі. МӘМС табыс көлемі шектеулі мүдделі жандар үшін қаржы қорын жеткізе бөледі. Екінші – әділдік. Жарна көлемі МӘМС-ке қа­тысушының табысына қарай бо­ла­ды. Егер төлеу қабілеті жоқ болса, онда мемлекет төлейді. Үшінші – міндеттілік. Жүйе дұрыс жұмыс істеуі үшін МӘМС-ке барлық азамат бас тартусыз қатысуы шарт. Жалпы, МӘМС жүйесін кезеңдік іске асыру қаржы қорының жинақталуына мүмкіндік береді. Бұл үшін жұмыс берушілер міндетті шығынды белгілейді және МӘМС қорына қаржының пайыздық аударылымын есептеп шығарады. 

Мемлекет тарапынан қаржыланды­ры­латын тұлғалар тізімі айтарлықтай, олар: балалар, жұмыссыздар, зейнеткерлер, күндізгі оқу орындарының сту­денттері, 3 жасқа дейінгі бала күту­шілер және 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды бағушылар. Зейнеткерлік төлемдерді алушылар, оның ішінде, мүгедектер және Ұлы Отан соғысының ардагерлері, сот шешімімен жазасын өтеушілер. 

Біздер, дәрігерлер, өз кезегімізде те­гін медициналық көмектің кепіл­ді кө­леміне кірмейтін қызмет көрсе­ту аясын кеңейту мүмкіндігіне ие бо­ла­мыз. МӘМС қаржы қоры есебі­нен жеңілдікпен ұсынылатын дәрі-дәр­ме­ктік препараттар тізімі ұлғая­ды. Бұл – денсаулық сақтау жүйе­сін тұ­рақ­ты қаржылық дамыту, бар­лық тұрғындардың сапалы медици­на­лық кө­мек алуға мүмкіндігі және ха­­лық­тың жаппай саулығы үшін бір­тұтас жауапкершілік болып табы­лады. Нәтижесінде міндетті әлеу­мет­тік медициналық сақтандыруға қатысушылардың барлығы көрсе­ті­летін медициналық қызметке толық қанағаттанатын болады. 

Болат САДЫҚОВ, 
№5 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері