Адам тағдыры өзі ойлағандай бола бермейтіні хақ. Ешкім алдын дәл болжап көрген емес, жоспарлап, жорамалдап көретіндер болады. Менің өмір жолымда Жұбановтар әулетімен аралас-құралас болудың сәті түсті. Ең әуелі мен Асқардың ағасы Есет Жұбановпен таныстым да, қарым-қатынас жолдастыққа, сосын біртіндеп достық сыйластыққа ұласты. Ол менен он шақты жас үлкен еді, соған қарамастан әңгімеміз жарасып кетті. Тіпті, отбасымызбен араластық. Есет өте зерек те білімді жігіт еді. Әкесінің қалдырған еңбектерін көзінің қарашығындай сақтап, оның айтқан ойлары мен пікірлерін көкейіне құйып алған зерек лингвист болатын. Бір қызығы, әккі өмірдің сайқал мінезі шайқап тастады ма, ол адам баласының көбіне сенбейтін, сыр аша бермейтін, күдікшіл еді.
Есақаң арқылы мен әйгілі академик Ахмет Жұбановты таныдым. Асқардың ағасы Ақырапты, әпкелері Мүслиманы, Қызғалдақ, Қырмызыны жақсы білдім. Өрендері «ақ мама» атап кеткен Раушан апайды анамыздай құрмет тұттым. Асқармен әуелгі кезде ағасымен жолдас болған соң ба, оған іні ретінде қарайтынбыз. Сөйтсем, өзіммен қатарлас болып шықты.
Өзара сеніскен қарым-қатынас нәтижесінде бұл қазақтың мақтанышпен айтатын әулетінің бірі екеніне көзім жетті. Сонау сұрапыл заманда Алаш ардақтыларының басынан өткен ауыр күндер бұл әулетті де аямай-ақ шарпыған екен. 1937 жылдың қарашасында дүниеге келген кенжесі Асқарды қазақтың тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбанов алтыншы күні ғана көріп, перзентханадан үйге әкеліп үлгерген екен, сонда Асқар әке алақанының аясында бір ғана сәт болған. Содан ардақты әке «халық жауы» атанып, сол кеткеннен кете барады. Ұлына ат қойып та үлгере алмаған. Болашақ тіл маманы, профессор Асқар Құдайбергенұлының тағдыры, міне, осындай күрделі де қиын жолдармен басталған.
Дүниеге осылай келген нәрестенің ендігі күндері өзіне беймәлім аласапыран жағдайда өтіп жатты. Ол кезде «халық жауы» атанған адамның отбасы да НКВД-ның қатаң қадағалауында болатынын сезген Ахмет Қуанұлы (Құдайбергеннің туған інісі – әйгілі академик, композитор) жеңгесі Раушан Оспанқызын да ағасының тағдыры күтіп тұрғанын сезіп, ол кісіні 6 баласымен (үлкені – 12 жаста, кенжесі Асқарға – 4 ай) елге Ақтөбе облысы, Жұрын ауданындағы Құдекеңнің туған ауылы Жаңатұрмыс қаласына көшіріп жібереді.
Ахаң Құдайберген балаларынан қол үзбейді, үнемі қадағалап, олардың болашағын қамдастырып отырған. Әуелі Асқардың апа-ағаларын біртіндеп Алматыға алдырып оқыта бастайды, ең соңында 1949 жылы Қырмызы әпкесімен бірге Асқарды да Алматыға алдырып, №18 қазақ орта мектеп-интернатының төртінші сыныбына отырғызады.
Тынымсыз өмір Асқардың бір жерде тұрақтап, білім алуына мүмкіндік бере бермейді. 1950 жылы үлкен ағасы Ақырап Алматыдағы көркемсурет училищесін бітіріп, Петропавл қаласына жолдама алады. Онда ол педагогикалық училищеге мұғалім болып орналасады. Ақырап бір жыл өтсімен Алматыдағы анасы Раушан мен қарындасы Қырмызы, Асқарды қасына көшіріп алады. Қырмызы мен Асқар сондағы М.И.Калинин атындағы қазақ орта мектебінде оқуын жалғастырады. Асқар бұл мектептің өздері үшін екі тілді бірдей игеруге мүмкіндік жасағанын айтады. Мәселен, мұнда қазақ тілі мен әдебиеті, тарих, жағрапия, ботаника пәндері қазақша жүргізіліп, басқа пәндер орысша оқытылған екен. Соның нәтижесінде, Асқар екі тілді бірдей игеріп шыққан. «Мұның пайдасын мен жоғары оқу орнына түскенде анық байқадым», деп отырады Асекең.
Асқар мектепте оқып жүрген кезінен-ақ аға-апаларының көмегімен өзі көрмей қалған әкесінің өмірде кім болғанын біліп, оның шығармашылығына көңіл аудара бастайды. Қ.Жұбановтың қазақтың белгілі ғалымы болғанын, рухани жан-дүниесі мейлінше бай парасатты адам болғанын біртіндеп өзі зерттеп біліп, өзі сол жолға түсуді мақсат етеді. Бұл мақсатқа жету үшін жақсы білім керектігін сезініп, намысқа тырысып, тіпті, ағасы Ахаңның балаларынан да қалмауға тырыса бастайды. Ол кезде Мүслима апайының кітапханасы бай сияқты еді, оның ұмтылысына сол кітаптар көмектескендей. Олардың бәрін біртіндеп оқи бастайды. Содан мағлұматы кеңейеді. Тіпті, тоғызыншы сыныпта жүргеннің өзінде институтқа түсу бағдарламаларымен танысып, іздене бастайды. Мұның үстіне ол спорттың түр-түрімен шұғылданады. Ең соңғы тоқтағаны – бокс. Сонымен бірге оны Мүслима апайы музыкаға баулығысы келіп, скрипкаға береді. Соның нәтижесінде маман скрипкашы болмағанмен, нота сауатын үйренеді.
Асқардың жоғары оқу орындарына ұмтылысы да оны қилы-қилы жолдарға алып шықты. 1955 жылы мектеп бітірген ер балалар үшін керемет оқу орны саналатын Горный институтына құжат тапсырады. Барлық пәндерден жоғары баға алады. Содан оқуға түстім деп жүргенде Асқардың көңілі су сепкендей басылады. Қажетті балды жинап, үйге қуанышпен келген абитуриент Асқардың алдынан «сіздің өмірбаяныңызда «халық жауының» баласы деген кінәрат бар екен. Сондықтан, сізді әзір оқуға қабылдай алмаймыз» дейді қабылдау комиссиясы. Содан көңілі қалған соң құжатын алады да, Алматыдағы Байланыс техникумына апарып тапсырып, емтихансыз қабылданады. Бұл жағдайды естіген ағасы Есет, қатты ашуланып құжаттарын барып қайтарып алады да, «әкең қызмет еткен КазПиде сені ешкім «халық жауының» баласы деп айтпайды» дейді де, институттың сол кездегі ректоры Мәлік Ғабдуллинге алып барады. Адалдық пен әділеттің өлшеміндей абыройға ие М.Ғабдуллин баланың жоғары бағаларын көріп, сөзге келмей, Асқарға қарап: «Ертең Пахтарал совхозына мақта жинауға кетесің» деп бір-ақ шешеді. Мұнда физика-математика факультетіне түскенін Ол ауылшаруашылық жұмысынан қайтқанда бір-ақ біледі.
Сөйтіп, Асқар Жұбанов 1960 жылы институтты бітіріп орта мектептің физика, математика пәнінің мұғалімі деген мамандық алып шығады. Институтты үздік бітіргенін ескеріп оны Алматыдағы мемлекеттік ауылшаруашылық институтының жоғары математика кафедрасына жолдама береді. Алайда Асқардың көкейінен әкесінің жүрген жолы кетпей қояды, яғни, ол айналысқан қазақ тілі мәселелері оның ойын алаңдата түседі. Сөйтіп жүргенде, 1961-1962 жылдары ол әскери борышын да өтеп шығады.
Ауылшаруашылық институтының жоғары математика кафедрасында ЭЕМ-ге бағдарлама жасау сабақтарын жүргізу Асқардың ғылымға деген ықыласын күшейте түседі. Әсіресе, жас маман ретінде Одесса қаласының ауылшаруашылық институтында өткен Бүкілодақтық 3 айлық мұғалімдер білімін жетілдіру курсына қатысқаны оның болашағын айқындағандай еді. Ал оның ғылымға деген ықыласы және ҚазКСР ҒА-ның Тіл білімі институтына Мәскеу, Ленинградтың ірі ғалымдары келіп, тіл білімінің жаңа бір саласы «математикалық лингвистикадан» дәріс оқуына орай мүлде жаңа арнаға түскендей болды. Бұл хабарды ол Есет ағасынан естиді. Ол «тыңдап көрсең қайтеді, әкең бастаған тіл білімі саласы ғой» деп кеңес береді. Есет оны үнемі осылай тура жолға салып отырады.
Тағдыр оны бүкілодақтық «статистика речи» тобын басқаратын ірі филолог-профессор Раймонд Генрихович Пиатровский және қазақстандық математик-ғалым Қалдыбай Бектаевпен кездестіреді. Асқар бұлардың дәрістерін ықыласпен тыңдап, олармен тілдеседі. Оның еңбек жолымен танысқан соң бұл профессорлар Асқарға математикалық статистика мен ықтималдылық теориясы әдістерімен зерттеу жолын таңдауға кеңес береді. Олар Қ.Жұбановтың еңбектерімен де таныс екенін айтып, әке жолын жалғастырудың осылайша сәті түсіп тұрғанын, сондықтан, күндізгі аспирантураға түсудің қажет екенін ұқтырады.
Бұл тұста Асқар Тіл білімі институтының сол кездегі директоры академик Ісмет Кеңесбаевтың да қатты әсер еткенін есіне алады, «оның байсалды, білгір әңгімелері өз әкемді тірідей көргендей әсер етті», дейді Асқар. Секең Қ.Жұбанов жөнінде бар білгенін баяндап, Асқарға түбі тіл жағынан кеңесші болуға дайын екеніне дейін ықыласын білдіреді. Шынында да, солай болды. Институтта Құдайберген Жұбановтың шәкірттері айтулы тіл мамандары М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев, сондай-ақ Құдекеңнің шығармашылығымен айналысып жүрген Рабиға Сыздық тәрізді мамандардың қызмет істейтіні Асқарды арқаландырып жіберді. «Әкең өлсе де, әкеңді көргендер өлмесін» деген сөздің терең мағынасын біліңкірей түскендей болды. Әкеңді білетін адамдардың ортасында жүрудің өзі адамға рух береді екен.
Сонымен Асқар Құдайбергенұлы тәуекелдің жел қайығына мініп, 1967 жылдың 7 наурызынан бастап Тіл білімі институтының аспиранты болып шыға келеді. Ол жылдары математикалық лингвистика саласы мамандарының шоғырланған жері Минск қаласы болатын. Осыған байланысты ғылыми бас-қосулардың көбі Минскідегі шет тілдер институтында өтіп жататын. Бір жолы дирекция шешуі бойынша Асқарды осы институтқа жолдамамен жібереді. Ол «тағдыр деген сөздің мағынасына мән берсем, менің жолым болып, тағдырым осылайша бастама алған екен» деп өміріне шүкірлік айтып отырады. Тағдыр демекші, Минскіде ол өзі сияқты Р.Г.Пиатровскийдің аспиранты өте сауатты Александр Васильевич Зубов деген жігітпен танысып, онымен дос болып кетеді. Ол 7 тіл білетін Мәскеу университетінің түлегі екен. Асқардың диссертациялық жұмыстарының нәтижелі орындалуына осы Зубовтың септігі мол болғанға ұқсайды. Тіпті, ол Асқардың докторлық диссертациясына тақырып таңдап, ғылыми кеңесші де болады.
Математика мамандығын игерген адамға тілдің грамматикасын меңгеріп кету оңай болмайтынын Асқар бірден аңғарады. Алайда, арғы тектен жалғасқан алғырлық оны діттеген мақсатына жеткізді. Ол әуелі қазақ тілінің морфология саласын игеруге өзінше талаптанады. Әсіресе, мәтін ішіндегі морфологиялық бірліктерге айырым белгі болатын тиісті таңбаларды енгізу әрекетін ойластыра бастайды, яғни, қазақша мәтіндегі әр сөз табына қатысты сөз қолданыстарды ЭЕМ көмегімен ажыратып, оның статистикасын анықтау үшін ең алдымен, мәтіндегі сөз таптарын ажырататын шартты таңбаларды қойып шығу қажет болды. Мұндай жұмыс Асқар үшін қиындау болғанымен, морфология саласын игеріп алуға көп септігін тигізді.
Көптеген қиындықтар кезіккенімен Асқар 1970 жылдың 15 маусымында кандидаттық диссертациясын қорған шықты. Бұл жұмыс 1987 жылы «Ғылым» баспасынан «Квантативная структура казахского текста» деген атпен басылып шықты. Кандидаттық диссертация өте жоғары бағаланды.
Қысқасы, кандидаттық диссертацияның зерттеу нәтижелері тілдік бірліктердің және динамикалық сипаттарын анықтауда аса маңызды деп атауға болады. Аталмыш жұмыстың бағасын чех ғалымы Г.Л.Гржевичек хат арқылы былай деп жазып жіберіпті: «Благодарю Вас за Вашу книгу «Квантативная структура казахского текста». Она для меня представляет большой теоретический интерес и я хочу сообщить о ней в нашем журнале».
Кандидаттық жұмыстың негізгі зерттеу нысаны М.Әуезовтің «Абай жолы» романы болатын. Романның ЭЕМ арқылы құрастырылған сөздіктері 1979 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрді. Сөздікті жасағандар: Қ.Бектаев, А.Жұбанов, С.Мырзабеков, А.Белботаев. 1978 жылы профессор Ә.Құрышжановтың қатысуымен ЭЕМ арқылы «Қуманша-қазақша жиілік сөздік» те құрастырылып «Ғылым» баспасынан шыққан болатын. Асқар Құдайбергенұлының ғылыми өмірбаянына байланысты мынандай мәліметтерге көңіл аударамыз: Ол 1970 жылдан бері Тіл білімі институтында статистика тобының кіші ғылыми қызметкерінен бастады, 1976 жылы аға ғылыми қызметкер, 1986 жылы жетекші ғылыми қызметкер, 1990-1997 жылдары аралығында «Қолданбалы лингвистика» бөлімінің меңгерушісі. А.Жұбановтың жетекшілігімен М.Әуезовтің 20 томдық толық мәтіні компьютер жадына енгізіліп, жазушы тілінің әртүрлі жиілік сөздіктері алынды. 1995 жылы «М.Әуезовтің 20 томдық шығармалар тексінің жиілік сөздіктері» жарық көрді.
1997 жылы Беларусь Республикасы ҒА-ның Тіл білімі институтында Асқар бір жыл ғылыми сапарда болады. Бұл ол үшін ғылыми ізденістің бағын ашқан жыл болды. Соның арқасында ол 2002 жылдың 29 қарашасында «Основные принципы формализации содержания казахского текста» деген тақырып бойынша докторлық диссертациясын қорғады. Докторлық диссертацияда қазақ лингвистикасының қолданбалы бағытының негізі жаңаша түрде қаланды. Осы тұрғыдан қарағанда диссертациялық жұмыстың теориялық деңгейі жоғары екенін сарапшылар атап жатты.
Ізденушінің негізгі мамандығы математика саласы бола тұрып қазақ тілінің келелі мәселелерін математикалық әдістермен зерттеуі де жұмыстың құндылығын арттыра түскен.
Асқар Жұбановтың тағы бір ерекше қасиеті, оның тынбай еңбектенетіні. Оған дәлел, институтта оның тағы бір күрделі де қызықты мәселемен айналыса бастауы. Ол «Қазақ тілінің компьютерлік қорын жасау». Бұл тілдік бірліктердің компьютерлік базасын құрастыру деген сөз. Жұмыс әуелі «қазақ тілінің картотекалық қорының компьютерлік базасын» жасаудан басталады. Жинақталған қор қазір шамамен 5 миллиондай. Ең алдымен, бұларды сан мен сапа жағынан сұрыптап, «Тіл – қазына» деген атпен картотекалық қордың компьютерлік базасы жасалады.
Аталған компьютерлік базалардың жүзеге асырылуы қазақ тілінің қолдану аясын кеңейте түсуге мүмкіндік тудырады. Асқар өзінің ғылыми жұмысының нәтижелерін кейінгі жылдары жоғары оқу орнымен байланысты жүргізе бастады. Мәселен, Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі профессор Э.Д.Сүлейменова оны қолданбалы тіл білімінен дәріс беруге шақырды. Ол дәріс беретін пәндердің аты мынандай: «Қолданбалы лингвистика», «Тілді логикалық талдау», «Компьютерлік лингвистика», «Лингвистикадағы формальды модельдер». Университетте сабақ бере бастағанына 6 жыл болды. Мол тәжірибе жинақтады. Дүниеге келген 6 күннің бірінде ғана әке алақанында болған сәби қазір өсіп жетіліп, толысып әке жолын қуған нағыз тіл маманына айналды. Ол қазір Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының белді де беделді қызметкері есебінде қазақ тілінің өте күрделі мәселелерімен шұғылданып отырған сирек маман. Ол өмірдің неше алуан соқтықпалы-соқпақты ауыр жолдарынан қайсарлықпен шыңдала өтіп, кейінгі ұрпаққа үлгі өнеге тастап отырған мағыналы да мәнді өмірдің иесі. Бүгіндері сексеннің өрелі биігіне байыппен, баппен көтерілген досқа сапалы да ұзақ ғұмыр тілеймін!
Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі