Бұл әсте кездейсоқтық емес еді. Тәкеңнің мерейтойы жақындап келе жатқанын білетінмін. Телефон арқылы сөйлескенімізге де көп уақыт өте қойған жоқ-тын. Ең бастысы, ол Оңтүстік пен Батыстай екі өңірдің, университеттік және академиялық екі ғылымның ортақ перзенті бола алған телқара екендігі.
Тұяқбай Жамбыл облысына қарасты Талас ауданының Ақкөл ауылында жетпіс жыл бұрын дүниеге келіпті. Бұл – соғыстан кейінгі қиын кезең. Адамдар бір-біріне көмек қолын созуға әзір уақыт қой. Осыны көрген балалар да қамқор, мейірімді болып өсті.
Тұяқбай ауыл мектебінде білім алды. Балалық шақпен қоштаспай жатып, Жамбыл қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Білімді азамат болу сол уақытттағы қазақ қоғамының ұлттық идеясы десек, артық айтқандық емес. Балаң жігіт білім нәрінен сусындауға барын салады. Педучилищені үздік дипломмен бітіріп, еңбек жолын бастауыш мектеп мұғалімдігінен бастағанда да әрі қарай оқу керектігін бір сәт естен шығармайды.
Асыл арман оны Алматыға, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне алып келді. Міне, тап осы студенттік шақта Тұяқбай оқу мен өнердің, білім мен ғылымның телқарасы бола алды. Университеттегі «Жеті муза» қоғамының, театр студиясының, «Аққу» ансамблінің белсенді мүшесі оқуды үздік үлгеріммен көмкерді. Тіпті, М.Әуезов театрында «Беу, кыздар-ай» пьесасы қойылғанда доцент Қасен рөлін ойнауға тартылғаны бар.
Университеттегі оқуын академиялық ортаға енумен ұштастырды. Қазақ КСР Ғылым академиясының табалдырығынан аттаған сәтті күні кешегідей әлі жадында. Еңселі ғимаратта орналасқан Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының ғалымдары жас студентті жатыркаған жоқ. Әйгілі этнограф Х.Арғынбаев экспедицияға шақырып, қазақ отбасын зерттеудің тамаша мектебінен өткізді.
1971 жылы университетті аяқтаған жас тарихшының тағдырындағы жаңа кезең Орал пединститутына жолдама арқылы қызметке орналасумен басталды. «Айхай жиырма бесінде» Таласы мен Қаратауын, Алатауы мен Есентайын артта қалдырып, Еділ мен Жайықтың жағасына жайғасқан Тұяқбай жалғыз емес еді. Жанында құдай қосқан қосағы Баян Ғаббасқызы бар болатын.
Содан бері де жарты ғасырға жуық уақыт тұлпардай зулап өте шығыпты. Жас маман есейді, қызметте өсті, ғылымда кемелденді, отбасында қамқор әке, ақылгөй ата атанды. 1977 жылы өзі оқыған Қазақ университетінің тарих факультетінде кандидаттық диссертациясын қорғаған соң, Орал пединститутында кафедра меңгерді, жаңадан ашылған тарих факультетін басқарды. Ал 1990 жылы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтындағы мамандандырылған кеңесте тарих ғылымдарының докторы дәрежесіне диссертациясын қорғайды. Мұнда академиктер К.Нұрпейіс пен М.Асылбековтің қамқорлығына бөленгенін Тәкең күні бүгінге дейін тебіреніспен еске алады.
Диссертацияларында ұлттық тарихымыздың осынау тағылымын жан-жақты зерделеген Т. Рысбеков оны, Мұқағали ақын айтқандай, замана талабына лайық шапан жауып, туған халқына қайтарды. 1991 жылы Орал пединститутына ректорлыққа сайланған ол қысқа мерзім ішінде жоғары оқу орнын университет мәртебесіне жеткізді, жаңа мамандықтар мен кафедралар ұйымдастырды, профессор-оқытушылар құрамын нығайтты. Түйіп айтар болсақ, Т. Рысбеков 20 жылға жуық ректор болған уақыт ішінде М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті еліміздегі маңдайалды білім мен ғылым орталығына айналды, әлемдік интеллектуалды кеңістікте алғашқы қадамдарын жасады. Кәсібіне қатысты ізденісі мен жетілуін бір сәтке тоқтатқан жоқ. Біріншіден, теориялық-методологиялық ұстанымдарды жаңғырту оңайға соқпады, екіншіден, деректерді жаңадан сүзіп шығуға және оқуға тура келді, үшіншіден, тарихтағы ақтаңдақтарды жоюға белсене араласты. Нәтижесі бүгінде кімді болсын тәнті қылғандай. 600-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектерін жариялады, беделді ғылыми форумдарда баяндамалар оқыды, тарихшы ғалымдардың Батыс өңіріндегі танымал мектебін қалыптастырды, шетелдерге іс-сапарға шығып, интеллектуалды әлеуетті арттырудың әлемдік тәжірибесін кәдеге жаратты. Қалалық және облыстық мәслихаттардың бірнеше дүркін депутаты ретінде тәуелсіздігіміздің демократиялық бастауларын бекемдегені өз алдына бөлек әңгіме.
Бүгінде Батыс Қазақстан аумағының білімі мен ғылымын, руханияты мен қоғамдық-саяси өмірін, тарихи өлкетануы мен тұлғатануын Тұяқбай Рысбековтің есімі мен тындырған ісінсіз елестету мүмкін емес. Қаратаудың кешегі қарадомалағы, Жетісудың қыран бүркіті, Еділ мен Жайықтың, Абай ұлықтағандай, «толық адамы», тарих ғылымдарының телқарасы еңбегімен, ақылымен аялап, баптап өсірген жасыл бағының саясында елінің берекелі ертеңіне тілек қосуда.
Ханкелді ӘБЖАНОВ,
ҰҒА академигі